02 Наурыз, 2016

Науқан қарқын ала түсуде

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Электораттық науқан күн өткен сайын қарқын ала түсуде. Бүгінгі күні бұл үдеріс сапалық жаңа кезеңге аяқ басып отыр. Егер бұған дейін сайлауға әзірлік шараларын сайлау комиссиялары, мәслихаттар депутаттығынан үміткерлер, саяси партиялар мен олардың сенімді өкілдері жүргізіп келген болса, қазір оған сайлаушылардың өздері де қатыса бастады. Осыған сәйкес Орал өңірінде күнтізбелік жоспар негізінде бұдан бірер күн бұрын сайлаушылардың жаңартылған тізімдерін сайлау учаскелеріне қабылдап алу үдерісі өткізілді. Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов кешегі күні өткізілген брифингте осындай мәлімдеме жасады. – Осы сәттен бастап учаскелік комиссиялар тікелей сайлау учас­келеріндегі жұмыстарды атқаруға кіріседі. Оған облыста құрылған 520 сайлау учаскесінің бәрі де тартылған. Ертеңгі күннен бастап сайлаушылар тізімдері олардың алдын ала танысулары үшін учаскелік сайлау комиссиялары ғимараттарына жіберіледі. Бұдан әрбір сайлаушы өзі жөніндегі дауыс беруге дейінгі және сайлау күнгі деректерді анықтап тексере алады. Егер аты-жөні болмаған жағдайда немесе тізімде кейбір дәл жазылмаған жайттар кездессе, тізімді дұрыстауды сайлау учаскелерінен талап ете алады, – деді ол. Сайлау күні өзі тұрған мекен-жайдан республика аумағындағы өзге жаққа шыға қалған жағдайда сайлаушыларға дауыс беру үшін есептен шығару куәліктері беріледі. Облыстық сайлау комиссиясы бү­гінгі күні оған тиісті сұраныстар да беріп қойған екен. Ендігі жерде бұл бекітілген куәліктер сайлау учас­келеріне берілмек. Бұл жерден оны сайлаушылар тіркелген орны бойынша жазбаша өтініш негі­зінде ала алады. Оның уақыты 4-18 наурыз аралығын құрайды. Осы ар­қылы сайлаушыларға өзінің сайлау учаскесіне келе алмаған күннің өзінде дауыс беруіне мүмкіндік туады. Бұған негіз есептен шығару куәліктері болмақ. Бұл тәртіп, біріншіден, Парламент мәжілісі депутаттарын сайлауға қатысты екенін айтқан жөн. Ал мәслихаттар депутаттарына дауыс беру көршілес елді мекенде жүрген жағдайда сайлаушы тіркелген сайлау округі аумағында жүргізіледі. Сайлау органдарының бүгінгі міндеті барлық саяси партиялардың тепе-тең жағдайда үгіт жүргізуіне жағдай туғызу болып отыр. Сондай-ақ, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру үдерісінде азаматтық қоғам институттары мен үкіметтік емес ұйымдардың рөлі маңызды болмақ, деп түйін жасады брифингте Ғ.Қапақов. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.