Петропавл қаласында «Бірлік» саяси партиясының мүшелері өңірдің ірі кәсіпорындарының бірі – «Масло Дел» компаниясында болды. Ұжыммен кездесуде партиялықтар шағын және орта бизнесті дамытудың әрі қарайғы перспективаларын талқылады.
Әңгімелесу барысында қатысушылар отандық бизнесті жаңа мүмкіндіктермен қамтамасыз етіп отырған мемлекет тарапынан ықылас пен қолдаудың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Олардың пікірінше, мемлекеттік бағдарламалар бизнесмендердің жаңа нарықтарды игеруіне, соған сәйкес, Қазақстан өнімдерін өткізуді жоспарлы түрде көбейтуге көмектеседі. Бұл жаңа жұмыс орындарының құрылуын қамтамасыз етеді, табанды орта таптың қалыптасуына ықпал етеді.
Партиялықтар, сондай-ақ, елдің әлеуметтік негізінің тірегі ретінде орта таптың қалыптасуы мен дамуын бағдарламалық мақсаттардың бірі деп танитындықтарын, олар қазақстандықтардың өмір сүруінің жалпы деңгейін көтеру тек орта және шағын бизнестің қолдауы арқасында ғана мүмкін екенін жеткізді. «Бірлік» партиясының мүшесі Мәдина Дәрібаеваның айтуынша, партия жаңадан еңбекке араласқан мамандардың еңбегі қажет болатын, жаңа технологиялар қолданылатын, экология мен еңбек ресурстарын сақтауға мүмкіндік беретін мұндай кәсіпорындарды қолдайды.
Кездесу соңында партиялықтар бизнесмендердің барлық өтініштерін мұқият тыңдап, оларды өздерінің әрі қарайғы жұмыстарында ескеруге уәде берді.
Сонымен қатар, «Бiрлiк» партиясының мүшелері мен Астана қаласының кәсіпкерлері бірлескен кездесу өткізді. Талқылау тақырыбының өзегі әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында Қазақстандағы экономика мен бизнесті дамыту мәселелері болды. Жиында дағдарыс қауіп-қатерлерімен қоса, сапалы оң өзгерістер үшін де қолайлы мүмкіндік туғызатыны айтылды. Нарықтық экономиканың ойдағыдай дамуы үшін Қазақстанда саяси жаңғырту жалғастырыла беруі керек деген мәселеде қатысушылардың пікірлері бір жерден шықты.
Алдағы парламенттік сайлау – осы жолдағы маңызды қадам. «Бiрлiк» партиясының өкілдері: «Өзегінде бәсекеге қабілетті бастау жатқан ширақ әрі табанды Парламент шенеуніктердің экономикалық жобаларды жобалап, іске асыру кезінде үлкен жауапкершілікке қол жеткізуіне көмектеседі» деген ойларын жеткізді. Сонымен қатар, жеке бизнестің мүдделеріне нұқсан келтірмей, оны қосымша әлеуметтік төлемдер, салықтар және алымдар арқылы ауыртпалық салмай, әлеуметтік бағдарлы мемлекетті қалай құру қажет деген тақырып кездесудің өзегіне айналды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».