02 Наурыз, 2016

Еңбек адамы елену керек

615 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
коммунистСайлауалды үгіт-насихат шараларын жүргізу жұмыстарының шеңберінде кеше Қазақстан Коммунистік халық партиясы (ҚКХП) Ақтөбе облысында мал өсірумен айналысатын «Парижская коммуна» ЖШС еңбек ұжымымен және қалада партияның облыстық жастар қанатымен кездесті. Жиналғандар алдында партияның көшбасшысы Владислав Косарев сөз сөйлеп, жұртшылықты сайлауалды бағдарламамен таныстырды. Еңбек адамын қадірлеп, оның ауыр міндетін бағалайтын негізінен коммунистік қоғам ғана. Капиталистік қоғам еңбек адамының ауыр халіне назар аудармайды. Тек біздің елімізде ғана еңбек адамы соңғы жылдарда біршама құрметке бөленіп жүр. Олардың ерен еңбектері ақталып, мемлекеттік наградалар алып, құрметке бөленуде. Халықтық коммунистер өзінің бірінші кезектегі міндетінде еңбек адамының есесі толғанын қалайды. Біз сайлауға да негізінен сол себеппен барамыз. Жалпы, адами құндылықтардың бәрі адал еңбекте туады. Еңбек материалдық байлық қана өндірмейді, сонымен бірге, адамның арлы болып қалыптасуына, жақсы отбасының иесі және Отанды сүйетін патриот болуына да ықпал етеді. Жақсы еңбек ұжымына түскен жас азамат өзін жарты бақытқа кенелдім деп санауы керек. Одан әрі В.Косарев Мәжілістің бесінші сайланымына депутат болғанда ҚКХП фракциясы қабылданған барлық заң жобаларында еңбек адамының, қарапайым халықтың мүддесі ескерілуін үнемі қадағалап отырғанын жеткізді. Егер мұндай дүниелер ұмытылса, біз талай рет ондай заң жобаларының жетілдірілуіне мұрындық болдық, дей келіп, В.Косарев бүгінгі күнгі жастар тәрбиесіне де кеңінен тоқталып өтті. Жастарымыздың санасына батыстық ар-ұятты аяққа таптайтын идеологияның кері әсері қазір көбейіп тұр. Ұрпағымыз ата-анасын, баба дәстүрін сыйламаса, олардың бойында отансүйгіштік қасиет те жоғалады. Сондықтан да коммунистік партия жастармен қоян-қолтық жұмыс істеп, көптеген мәдени шаралар ұйымдастырып жүр. Онда аға ұрпақтың жақсы үлгісін жастардың бойына сіңіруге тырысамыз, деді шешен. ҚКХП Ақтөбе облыстық комитетінің басшысы Жанат Молдашев қонақтарға «Париж­ская коммуна» ЖШС еңбек жетіс­тіктері мен қалыптасқан ұжымы­ның биік табыстары туралы әңгіме­леп берді. Аймақтың азық-түлік бағдар­ла­масын орындауға бұл ұжым айтарлықтай үлес қосып жүр. Олардың сапалы өнімі рынокта жақсы өтіп, үлкен сұранысқа ие болуда. Соңғы кезде кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын да ашып, көп адамға жұмыс беріп отыр, деді Ж.Молдашев. Жиналыстың қорытындысында жиналғандар өз дауыстарын ҚКХП пар­тия­лық тізіміне беретіндігін айтып өтті. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.