02 Наурыз, 2016

Ұтқыр ой, орайлы шешім жемісі

388 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ERA_9019Сайлау науқаны қыза түсуде. Қазіргі таңда елімізде үлкен додаға түсіп отырған саяси күштер өздерінің сайлауалды тұғырнамасында белгіленген міндеттерді шешу жолдарын ел тұрғындарына түсіндіру үшін өңірлерді аралап жүр. Сол сияқты «Нұр Отан» партиясының сайлауалды штабы да біраз облыстарды аралап, атқарылған істерді ғана емес, сонымен қатар, алдағы атқарылар міндеттерге де ерекше ден қоюда. Қатарында 800 мыңнан астам мү­шесі бар еліміздегі ең ірі саналатын сая­си ұйым қазіргі таңда өңірлерде көпте­ген шаралар өткізуде. Мұндағы басты мақсат – партия Төрағасы Н.Ә.Назар­баевтың алға қойған нақты тапсырмаларын бұлжытпай орындай отырып, қазақстандықтарды бес институттық ре­форма айналасына жұмылдыру. Бұл рет­те, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру барысы бесжылдық кезеңге ар­налған «Нұр Отан» партиясының жаңа Сайлауалды тұғырнамасының негізгі өзегі болып отыр. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бастаған республикалық сайлауалды штаб делегациясы Павлодар облысында «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы бойын­ша салынып жатқан құрылыс нысандарына рейд жүргізуі біраз жайтты аңғартты. Мұндай рейдтер Елбасы тарапынан тапсырылған міндеттердің орындалуы барысын ғана емес, алда нендей іс-шараларды қолға алу керектігін тағы бір қырынан пысықтап алуға өзіндік оң ықпалын тигізетіні айтпаса да түсінікті. Аталған бағдарлама ая­сында 5 мың шақырым автожол және 2,5 мың шақырым шойын жол төсе­ле­ді. Сонымен қатар, тұрғын үй, индус­триялық-энергетика және коммуналдық инфрақұрылымдар құрылысын салу да назардан тыс қалмақ емес. Әрине, қолға алған реформаның негізгі мақсаты Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу болса, бұл бағытта жұмыс та ширай түскенін көріп отырмыз. Әлемде шикізатқа деген баға құлдырап барады. Бірақ сол уақытша қиындықтарға қарамастан, бірқатар шаралар қолға алынып жатыр. Басқа саланы айтпағанда, Елбасы тапсырмасына сәйкес 2020 жылға қарай агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру 4, 5 есеге артады. Саланы дамытуға қатысты жайттар пар­тияның Республикалық сайлауалды шта­бы мүшелерінің Ақмола облысына жасаған сапары барысында кеңінен сөз болды. Бұдан басқа, елімізде партияның мұрындық болуымен «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіп­керлерді қолдаумен қатар, өз ісін енді бастағысы келетіндер үшін «Өз ісіңді қалай бастау керек» деген тақырыпта оқу курстары да өткі­зіліп келеді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.