02 Наурыз, 2016

«Мәңгілік Ел» пойызы Тобыл өңіріне табан тіреді

348 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG_5160Елордадан шығып, Қара­ғанды, Шығыс Қазақстан, Пав­лодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарын аралап келе жатқан «Мәңгілік Ел» әлеу­меттік пойызы Қостанайға 14 күнде жетті. Қостанайлықтар қуа­нышын паш еткендей, әлеу­меттік пойызды теміржол вок­залында сырнайлатып-кер­нейлетіп қарсы алды. Қазақтың барлық жері киелі. Халқымызға Шақшақ Жәнібектен бастаған даналар мен батырларды, Ыбырайдай, Шоқандай ұлыларды, Ахмет пен Міржақып, Елдос, Мұхаметжан, тағы басқа да Алаш арыстарын, ірі ғалымдарды, Тәтіқарадан бері үзілмей келе жатқан ақындар легін берген Қостанай өңірінің топырағы аса құнарлы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын, Қазақстанды әлемдегі мойны озық 30 елдің қатарына қосуға бағыттап дамытудың бес институттық реформасын, Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың «100 нақты қадамын» халыққа түсіндіру, насихаттау мақсатында Қостанайға табан тіреген «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы мен қостанайлықтарды елге, жерге деген патриоттық сезім қауыштырғандай болды. Кібісе жылы түрлі-түрлі мінез танытып, енді соңғы өліара күндері «не боларын білмей» құбылып тұрған қыс маусымының шыныдай шытынаған, бірақ қаһары қайтып қалған зілсіз аязын қонақтар да, қостанайлықтар да елейтін емес. Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы құрамын Тобыл өңіріне келуімен құттықтады. – Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын аса зор мерекемен қарсы алады. Мерекелі жылы құрамында экономиканы, халықтың әлеуметтік тұр­мысын жақсарту мәселелері бойынша кеңес беретін түрлі мамандар бар «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының келуіне қос­танайлықтар аса қуанышты. Бұл еліміздегі жұмылған жұды­рықтай бірлікті білдіреді, – деді Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов. Мұнан кейін сөз алған Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Подоляков еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясындағы «Мәңгілік Ел» пойызының осылай игілікті іспен келгеніне ризашылығын білдірді. – Мен бүгінгі ұрпаққа Тә­уелсіздік аталарыңның, аға ұр­пақтың ауыр тағдыры арқылы келген құндылық екенін айтқым келеді. Бүгін керемет істер қолға алынып жатыр, соған атса­лы­сыңдар, – деді 90 жастағы майдангер Михаил Иванович. «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы Қостанайға келгенге дейін аялдаған елді мекендерде 18700 адамды қабылдап, тыңдады, олар­ға түрлі салада кеңестер берді. Оның 9 мыңнан астамы тек дәрігерлерден кеңестер алған, қаралған адамдар еді. Қостанайда өздерін күтіп алған соң, арада бір сағат өтпей-ақ мамандар іске кірісіп кетті. №1 қалалық емханада пойызбен келген 25 дәрігер науқастарды қабылдады. – «Мәңгілік Ел» пойызы келеді, бізге ондағы дәрігерлерден кеңес алуға болады дегенде қуанышымда шек болған жоқ. Өйткені, балам­ның ауырғанына бір айдан ас­ты. Осындағы дәрігерлер де алаңдаулы еді. Ал бізге Астанаға, тағы басқа ірі орталықтарға баланы апаруға қанша уақыт, қаражат керек қой. Енді, міне, өзім армандайтындай мүмкіндікке ие болдым. Қазір дәрігерге кіреміз, – деп ағынан жарылды баласын гематолог дәрігерге көрсетуге әкеліп отырған Нина Зейналова. Пойыздың штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов мұнда жоғары санатты дәрігерлер, Ал­маты, Астана қалаларындағы ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері келгенін хабардар етті. Шалғай ауылдардағы, аудандардағы адам­дар­дың мұндай мүмкіндікке қолы жете бермейді. Сонымен қа­тар, ми­нистрліктердің, түрлі ве­домстволардың мамандары облыс орталығында әлеуметтік, мемлекеттік қызмет ұсыну мәсе­лелері бойынша кеңестер берді. Кәсіпкерлермен «Дөңгелек үс­тел» мәжілісін құрды, оларды тыңдады. Қостанай поли­тех­никалық колледжінде студенттермен индустриялық-ин­новациялық экономика бағытында білікті кадрлар дамыту тұрғысында әңгі­мелесті. Елдің тыныштығы, ұлтаралық татулық—біздің елдің басты артықшылығы және басты бағыты. Сондықтан пойыздың сапарында да «Этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі» тақырыбында дәріс оқылды. Білім саласындағы озық мұғалімдермен кездесулер өтті. – Біздің пойыздың мақсаты Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың «100 нақты қадамында» айтылған мәселелер бойынша нақты кеңес­тер беру, түсіндіру болып табылады. Оны көңілдегідей орындап келеміз. Мысалы, басқа ма­­мандарды былай қойғанда, тек медициналық мамандардан Қостанайда 280-нен аса адам дәрігерлік кеңес алды. Бұ­рын алдын ала есепте тұрған науқастардан басқа, пойызды естіп келгендерді де мамандар кейін қайтарған жоқ. Басқа салалар бойынша да нақты жұмыстар жүргізілді. Тәуелсіздік тұғырын нықтау үшін «100 нақты қадамда» айтылған мәселелер бойынша нақты жұмыстар жүргізуге болатынын дәлелдегендейміз. Елдің көңіл-күйі жақсы, бірлігі мығым екенін де көзбен көріп келе жатырмыз, – деді пойыздың штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов. Кешке жергілікті өнерпаздар күшімен Тәуелсіздікке арналған концерт берілді. Ал кеше «Мәң­гілік Ел» пойызы Тобыл стансасына тоқтады. Онда да Тобыл стансасының, онымен іргелес жатқан Таран ауданы мен Лисаков қаласы тұрғындары көңілдегі көп сауалдарға әлеуметтік пойызбен келген мамандардан кеңестер алды. Онда да пойыз Тәуелсіздік рухын асқақтата түскендей болды. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы.