Қазіргі уақытта жария етуге шығарылған мүлік сомасы еліміз бойынша 1 трлн. теңгеге жетті. Оның 787 млрд. теңгесі жария етілген, соның ішінде ел аумағындағы мүлік 500 млрд. теңгеге жуық, шетелдегі мүлік – 1 млрд. теңге, ал ақшалай қаражат 287 млрд. теңгені құрайды. Бұл туралы кеше Үкімет отырысында мәлім болды.
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің селекторлық режімдегі кезекті отырысы өтіп, онда елімізде жүргізіліп жатқан мүлікті жария ету шаралары туралы мәселе талқыланды. Жария ету науқанының барысы жайында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.
«Егер өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енген заңның жаңа ережелеріне дейін барлығы 425 млрд. теңге жария етілсе, соңғы үш айда қосымша 362 млрд. теңге жария етілді», деді Қаржы министрі. Оған қоса, азаматтарға заңның бұрынғы ережелері бойынша ақшаны жария етуге төленген 3 млрд. теңгенің 2,5 млрд. теңгеге жуығы қайтарылған. Науқан кезінде өз мүлкін жария етуге құзыретті органдарға барлығы 78 мыңға жуық адам жүгініпті. «Яғни, түзетулер науқан барысына жаңа серпін бергенін көріп отырмыз. Бұл халық тарапынан зор қызығушылықты білдіреді», деп атап өтті Б.Сұлтанов.
Өз кезегінде, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Ұлттық банк және ЕДБ сайттарында түсінікті және қолжетімді ақпаратты жариялау арқылы ақпараттық қамту және жүргізіліп жатқан жария етуді қолдайтын жұмыстар күшейтілгенін атап өтті. «Өңірлер деңгейінде Ұлттық банктің филиалдары белсенді тартылған, олардың өкілдері екінші деңгейлі банктердің басты кеңселерінде және филиалдарында жария ету шарттары туралы ақпараттық материалдардың бар-жоғын тексереді, банктің жауапты қызметкерлерінің жүргізіліп жатқан науқан жайлы хабардарлығы дәрежесін анықтайды, азаматтардың ескертулерін жазып алады, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Банктердің жұмысындағы жария ету мәселелеріне қатысты барлық анықталған кемшіліктер жайлы банк басшылары ақпараттандырылып, оларды жою бойынша нақты шаралар қолданылады», деді Д.Ақышев.
Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы К.Мәсімов тиісті мемлекеттік органдарға аталған жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».