АСТАНА. 2 наурыз. Бүгін Қызылорда облысының Тереңөзек кентінде тоғызқұмалақтан Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған IX республикалық рейтингтік турнир басталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жарыс қатысушыларына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев, Тереңөзек ауданы әкімінің кеңесшісі Нұртаза Нұғман, спорт ардагері, тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының спорт шебері Тұрғанбай Болғанбайұлы, Нәлқожа Ергешбаевтың ұлы, облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әбдіқадыр Ергешбаев сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі.
Турнирде Алматы қаласы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қызылорда облыстарынан 255 спортшы қатысуда. Олар швейцар жүйесімен классикалық түр бойынша күш сынасуда. Қатысушылар арасында 6 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 15 спорт шебері, 60 спорт шеберлігіне үміткерлер бар. Соның ішінде әлем чемпиондары Хәкімжан Елеусінов (Қызылорда облысы), Нұрбек Қабиев (Ақтөбе облысы), әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Жанат Қаймулдин (Павлодар облысы), Сайлан Матылов (Батыс Қазақстан облысы) және Азия чемпионы Роза Райымбекованың (Павлодар облысы) есімдерін ерекше атап өткен жөн.
Айта кетейік, турнир 6 наурызда аяқталады.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: egemen.kz.