Алғыс айту күні аясында Астанадағы «Сарыарқа» сауда, ойын-сауық орталығында «Тәуелсіз Қазақстан – саламатты Қазақстан» Street Workout-2016 республикалық фестивалі өтті.
Күн сайын жаңарып, жаңалықтармен толығып, өзгеленіп, түрленіп жатқан әлемде спорттың да жаңа атаулары, жаңа түрлері шығып, ол жұмыр Жерге таралып жатқаны таңсық болмай қалды. Ақпараттың жедел алмасуы арқасында жер шарын шарлап кеткен осындай қарапайым әрі жасқа қарамайтын, бала-шаға да, қарттар мен жастар да айналысатын спорт-воркаут (WORKOUT) аталады. Бұл – ең қолжетімді, көп қаржыны қажет етпейтін, аулалардағы қарапайым спорт құралдарының көмегімен негізінен өз дене салмағын дұрыс қалыпқа келтіремін деген адамдардың айналысатын спорттың түрі. Бір сөзбен айтқанда, көше гимнастикасы.
Алғашында, 2000-жылдардың басында интернет желісінде спортшы емес, қарапайым жастардың қолжетімді спорт құралдарымен түрлі қиын жаттығулар жасаған бейнетаспаларын желіге салуы көрген адамдарды қызықтырып, воркауттың өрістеуіне жол ашыпты. 2009 жылға дейін воркаут спорты туралы Қазақстанда ақпарат болмады. Бүгінгі таңда онымен шұғылданатындардың саны Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Көкшетау сияқты ірі қалаларда 75 мыңнан асса, Астананың өзінде 5 мыңға жетіпті. Қазақстаннан тыс жерлерде стрит воркаут спортымен 2 000 000 адам айналысады екен.
Бірте-бірте өркендеп, өзіне елігетіндер қатары артқан сайын воркауттан халықаралық фестивальдер, жарыстар өткізіліп, ол біздің еліміздің жастарын да баурап, қазір онымен шұғылданатындар саны ұлғая түсуде. Осы бір жас талғамайтын, адамды саламатты өмір салтына бейімдейтін спортқа Қазақстан халқы Ассамблеясы назар аударып, «Street Workout and Street Lifting Қазақстан федерациясы» РҚБ, Қазақстан Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі фестиваль өткізуді ұйғарған.
«Сарыарқа» сауда, ойын-сауық орталығы фестивальға қатысушылар мен оны қызықтаушыларға толы. Ұйымдастырушылар айтқандай, фестивальдің мақсаты – жастар арасында саламатты өмір салтын ұстануды дәріптеу және бұқаралық, қолжетімді спорт түрлерімен айналысуға шақыру арқылы есірткіге, шылым шегуге, ішімдікке құмарлық және интернетке тәуелділікке қарсы күрес жүргізу десек, шараға жиналғандар қарасының көптігінің өзі мақсаттың орындалатынын, болашақта өрістейтін спорттың жаңа түрі өмірге келгенін көрсеткендей.
Фестивальға ««Здоровый Образ Жизни» халықаралық қозғалысының көшбасшысы, «Street Workout» Бүкілукраиндық қоғамдық ұйымының президенті, халықаралық «Street Workout» ұйымының жетекшісі Денис Минин (Украина), «Street Workout» қозғалысының көшбасшысы Адам Рав (Чехия), халықаралық дәрежедегі судья, «Street Workout» бойынша бірнеше дүркін чемпион Константин Албуков (Ресей), «Street Workout» бойынша әлемнің қазіргі чемпионы, Қазақстанның абсолюттік чемпионы Дияс Биджиев (Қазақстан), «Bar Bars Pro» командасының мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері, еліміздің жетекші спортшылары, оқушы жастар, қала тұрғындары тартылыпты.
Шараға қатысушы жастар арасында фристайлдан, қосымша жүк артып тартылу тәрізді спорт түрлерінен жарыс өткізіліп, шетелден келген меймандар өздерінің өнерлерін ортаға салды. Фестиваль аясында, сондай-ақ, «Чемпион бол!» қайырымдылық акциясы өтіп, акция барысында 6 жасар аққан ауруына шалдыққан Әділ Сарбаевтың емделуіне қажетті қаражат жиналып, шараның жеңімпаздары анықталып, марапаттау рәсімі өткізілді. Қатысушыны да, жанкүйерді де қамтып өткен шараның қызықты тұсы – «Мен алғыс айтамын!» атты жастар флеш-мобының өтуі болды. Соңынан шараға белсенді қатысушыларға және балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне естелік сыйлықтар берілді.
Жақсы істің жағымды жалғасы – биылғы 1 наурыздан бастап, еліміздің қалалары мен облыстарында ҚХА «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында «Street workout» көше спортымен айналысуға арналған спорт алаңдарын салу жобасы іске қосылды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген