04 Наурыз, 2016

Әділ төрелік – сапалы біліктілік

446 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
И. ИспановЕліміздің сот жүйесін түбегейлі жаңғырту жолында жүргізіліп жатқан жаңа реформаларға байланысты Жоғарғы Сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ілияс ИСПАНОВҚА жолығып, осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып беруін сұраған едік. – Елбасы жариялаған «100 нақты қадам» – Ұлт Жос­парының «Заң үстемдігін қам­тамасыз ету» атты екінші бағы­тында жалпы 19 қадам көз­делсе, соның 11-ін іске асыруға Жоғарғы Сот жауап­ты екен. Осыған байланысты Жоғарғы Сотта қандай жұ­мыстар атқа­рылмақ? – Иә, Мемлекет басшысы жа­риялаған «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» атты екінші бағы­тында жалпы 19 қадам көзделсе, соның 11-ін іске асыруға Жоғарғы Сот жауапты болып табылатыны рас. Олардың қатарында: сот сатыларын оңтайландыру, судья­лық лауазымға кандидаттарды іріктеу жүйесін және біліктілік талап­тарын қатаңдату, оқу мен сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриінің жұмысын жаңғырту; барлық сот процестеріне аудио- бейнетіркеу жүйесін енгізу; алқабилер соты қолданылатын салаларды кеңейту; тергеу судьясының құзыретін арт­тыру; Жоғарғы Сотта ірі ин­вес­торлардың қатысуымен болатын дауларды қарайтын сот алқасын құру; Астана қаласында Халықаралық арбитраж орталығын құру; Жоғарғы Сот жанынан Ха­лықаралық кеңес құру және соттарға прокурордың қатысуын қысқарту секілді тапсырмалар бар. Бүгінде осы реформалар заң­намалық тұрғыдан то­лық іске асты. 2016 жылдың қаңтарынан бастап сот жүйесіндегі реформалардың прак­тикалық кезеңі басталды. Жаңа жылдан бастап еліміз бес сатылы сот жүйесінен үш деңгейлі жүйеге көшті. Бірінші сатыдағы барлық істер – аудандық соттарда, апелляциялық істер – облыстық соттарда, ал кассациялық тәртіптегі істер Жоғарғы Сотта қаралады. Жаңа өзгеріске сәйкес, бірінші және апелляциялық сатыдағы сот­тардың рөлі күшейеді. Бұл – бүгінгі заман талабынан туындаған дұрыс шешім. Өйткені, мұндай өзгеріс сот процестерінің ұзақ созылып кетуінің алдын алады. Басты мақсат – сот сатыларын мейлінше азайту арқылы азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, сот шешімінің дер кезінде күшіне еніп, әділдіктің орнауын қамтамасыз ету. – Мемлекет басшысы өткен жылы «Нұр Отан» партиясының съезінде қазіргі сот жүйесінің әлсіз буыны ретінде судьяларды іріктеу, судьяларға қойылатын біліктілік талаптарының тиім­сіздігін атап өткен болатын. Елба­сының осы сынынан қоры­тынды шығарылды ма? – Әрине, Елбасының осы сыны сот жүйесіндегі кадрлық мәсе­лелерді қайта қарап, бірқа­тар түбегейлі реформалар жүр­гізуге түрткі болды. Шын мәнін­де, судьялардың біліктілігіне қойы­латын талаптарды күшейту – заман талабынан туындаған мәселе. Конституцияға сәйкес, судьялар республика атынан шешім қабылдайтын сот билігінің лауазымды тұлғалары болғандықтан, оларға қойылатын біліктілік талап­тарының жоғары болуы да заңдылық. Мәселен, Ұлт Жоспарының 17-қадамын іске асыру мақса­тын­­да жаңа редакциядағы «Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақ­стан Республикасының Конс­ти­­ту­циялық Заңы, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының сот жүйесі жә­не судьялардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, со­ларға сәйкес судья лауазымына үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары мен іріктеу тетіктері қатаңдатылды. – Енді Мемлекет басшысы судьялыққа кандидаттың тағы­лымдамадан өтуі туралы ере­жені бекітті. Осы ереженің не­гізгі қа­ғидалары туралы айтып өтсеңіз. – Тағылымдамадан өтудің жаңа жүйесі судьялыққа кан­дидаттардың судьялық лауазымға даярлық дең­гейін арттыруға бағытталған. Жа­сы, білімі, жұмыс өтілі, мораль­дық-адамгершілік қасиеттері мен денсаулық жағ­дайы бойынша «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда көзделген талаптарға сәйкес ке­летін азаматтар тағылымдамадан өтуге жіберіледі. Тағылымдамашы-кандидаттың тағылымдамадан өтуі негізгі жұмыс орнынан боса­тыла отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылуы ереженің негізгі жаңашылдығы болып табылады. Осы аралықта тағылымдамашы-кандидатқа еңбек заңнамасында белгіленген тәртіпте жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі. Бұған қоса, тағылымдамадан өту кезеңінде кандидатқа 1 жылға дейінгі еңбек өтілі бар аудандық және оған теңестірілген сот судьясы лауазымдық айлықақысының 70 пайызы мөлшерінде жалақының белгіленген сомасы төленеді. – Тағылымдама жеке жоспар бо­йынша жүргізіледі дейміз, осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз. – Тағылымдама барысында судьялық лауазымға кандидат тағылымдамаға жауапты судья­ның қызметін қамтамасыз етуге бағытталған судьяның кө­мек­­шісі-консультанты қызметін атқарады. Тағылымдамашы істі сот талқылауына дайындау бойын­ша әрекеттерді жүзеге асыру, процессуалдық құжаттардың жобасын әзірлеу, іс жүргізу заң­на­масында көзделген әрекеттерді орындау жөнінде судьяға ұсы­ныстар енгізу, өтініштерге және судьяның қарауында жатқан іс­тер бойынша түскен сұрау хат­тарға жауап әзірлеу, сондай-ақ, та­ғылымдамадан өтумен байланысты міндеттерден туындайтын басқа да функцияларды орындайды. Бір сөзбен айтқанда, тағы­лым­дамашы сот құжаттарына қол қою құқығынсыз судьяның міндеттерін атқарады. Бұл та­ғылымдамашыға болашақ жұ­мысы бойынша қабілет-қарымын жетілдіруге мүмкіндік береді. Тағылымдамашы-кандидат тағылымдама жоспары мен тағы­лымдама жетекшісінің тапсырмаларын орындағандығы туралы жазбаша есепті әрбір тоқсан сайын ұсынатын болады. Тағы­лымдамашы бір жылдық та­ғылымдаманың он бір айын – аудандық сотта, қалған бір айын облыстық сотта өтуі тиіс. Та­ғылымдамашы-кандидат ұзақ­тығы екі айдан артық еңбекке жарамсыз болған жағдайда облыс­тық соттың төрағасы тағылымдаманы тоқтатады. Айта кетер маңызды мәселе, бұрын кемінде бес жыл тұрақты судья болып жұмыс істеген және жұмыстан босатылған күннен бас­тап төрт жылдың ішінде қайтадан судья лауазымына орналасуға ниет білдірген адамдардың, сондай-ақ, мамандандырылған магистратураны бітірген адамдардың оқуды аяқтаған күннен бастап төрт жыл ішінде тағылымдамадан өтуі талап етілмейді. Бұл талаптардың барлығы, түптеп келгенде, судья лауазымына кез келген адам өтіп кетпей, судьялар корпусына сот ісін жүргізуде нақты тәжірибесі бар, болашақ мамандығының жауапкершілігін сезініп, түйсінген, өз тағдырын әділет жолына ар­наған мамандардың келуіне септігін тигізеді деп сенеміз. – Ал сонда тағылымдамадан өтуде кімдерге басымдық бері­леді? – Әрбір өңірдегі тағылым­да­мадан өту квотасы жыл сайын өңірлердегі судьялардың болжалды бос орындарының негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы тарапынан бөлінеді. Осы ретте әрбір об­­лысқа кемінде үш орыннан беріледі. Елбасы бекіткен Ере­жеге сәйкес, кандидаттарды ірік­теу рәсімі күшейтілді. Әрбір облыстық сотта тағылымдамадан өтетін тұл­ғаларды іріктейтін комиссия құрылып, олар әрбір кандидаттың тағылымдамашыға қоятын талаптарға сәйкестігін тексеретін болады. Осы ретте сот ісін жүргізу саласында жұмыс өтілі көп, судья лауазымына білік­тілік емтиханын тапсыруда жоғары көрсеткіш көрсеткен, ғы­лыми дәрежесі немесе атағы бар адамдарға басымдық беріледі. Тіпті, іріктеу кезінде кандидаттың жоғары білімі туралы дипломындағы орташа бағасының өзі айтарлықтай рөл атқаратын болады. Комиссия үміт­керлердің іскерлік және моральдық қасиеттерін сипаттайтын деректерді де назардан тыс қалдырмайды. Осылайша, тағылымдамаға жіберу мәселесін шешу сатысының өзін­де-ақ кон­курс өткізілетін болады. Бұл сот жүйесіне адамдарды іріктеуде меритократия қа­ғидатының қолданылатындығын көрсетеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».