04 Наурыз, 2016

Қолдау

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
1 (4)-1«Даму» қоры қалыптасқан не­месе жұмысын енді бастаған кәсіпкерлерді ғана емес, жастарды да қолдап келеді. Осы орайда Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық кол­леджінің студенттік бизнес-инку­баторында кәсіпті жүргізудің жаңа модельдерін тегін үйренуге мүмкіндік туып отыр. Оқыту курсы «Студент жас­тардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау» жобасы аясында 6 күн бойы өтті. Осы уақыт аралығында болашақ кәсіпкерлер менеджмент іргетасын, салық айналымы мен құқықтық негіздемені және бизнес-жоспар мен стратегиялық жос­парлау жолдарын үйренді. Бағдарламаға қатысушы жас­тардың қорытынды сынамасы ре­тінде қазылар алқасы алдында өз бизнес-жоспарларын қорғауы болды. Жобаға қатысушылар қазылар алқасына түрлі салалар­да жасаған жоспарларымен таныстырды. Құрамына бизнес-тренерлер, қаржы сарапшылары мен табысты кәсіпкерлер енген комиссияның шешімі бойынша дәл қазір сұранысқа ие және көкейкесті деген 4 қатысушының жобалары одан әрі онлайн тәжірибелік оқытуға қатысуға жіберілді. Комиссия іріктеп алған үздік жобалардың авторлары келесі кезеңде тәжірибелік онлайн-оқытуға қатысумен қатар, оқыту барысында бизнесті құру мен оның сәтті жүзеге асуы жолдарын үйренетін болады. Алдағы практикалық-онлайн оқытуда болашақ кәсіпкерлер әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, тез уақыт аралығында жарнаманы тиімді қолданып, бизнесті дамытуға машықтанатын болады. Сонымен қатар, сайт ашып, сату жөніндегі сөйлемдер жазуды, жарнамалық баннерлер жасауды және тиімді талдау жүргізіп, маркетингтік акциялар ұйымдастыру, ғаламтор арқылы өзі ұсынған тауар мен қызметіне ақы алуды да үйренетін болады. Жо­баның жүзеге асуы аясында қатысушылардың Старт-ап компанияларын құру барысында және алған білімдерін қолдана отырып, табысты бизнес ұйымдастыру жо­лында оның тұрақты дамуына қол жеткізу мақсатында табыс­ты кәсіпкерлерден құралған тәлім­герлік институты жұмыс жасайды. Студенттердің бизнес-жобаларын қорғауға жүргізілген сапалы дайындық деңгейін қа­зылар алқасы жоғары баға­лады. Іс-шара белсенді байланыс арқасында қызықты әрі қарқынды өтті. Жобаның барлық қатысушыларына тренингті сәтті аяқтағаны жөнінде сертификат табысталды. – Нақ осы бірегей бағдарла­маға қатысу жастардың бизнес-мансаптарына жасаған алғашқы қа­дамдары болады. Ал ол бола­шақ­та мықты кәсіпкер болып қа­­лыптасуына жол салады, – дейді «Даму» қорының ай­мақ­тық филиалының директоры Жансұлтан Матаев. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан».  ҚЫЗЫЛОРДА.