04 Наурыз, 2016

Степногор әкімі мереке қарсаңында 104 жастағы кейуананы құттықтады

302 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
04-03-2016-104 jasАҚМОЛА. 4 наурыз. Степногор қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Қатира Нұрмағамбетқызын 104 жасқа толуымен құттықтады. Бұл туралы «Ақмола медиа» орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Степногор қаласында көп жасаған кісілер аз емес. Олардың ішінде Қатира Мусина әжей көш бастап тұр. Қатира Нұрмағамбетқызы 1912 жылы Ерейментау ауданындағы Өлеңті ауылында дүниеге келген. Ұлы отан соғысы жылдарында күйеуі майданға аттанған Қатира Мусина Торғай кенішіндегі шахтада жұмыс істеді. Одан кейін осындағы автобазада еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Өмірлік жолдасы қан майданнан оралмай, 7 бала тәрбиелеген қарт ана бүгінде 38 немере, 65 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отыр. Қатира әжейдің 77 жасқа толған үлкен қызы Мәруаш апай 11 бала тәрбиелеп, «Батыр ана» атағын алған. Қазіргі таңда қарт әжей кенже ұлы Кенжебек пен келіні Салтанаттың қолында тұрады. Ғасыр жасаған аяулы ана қала басшылығымен емен-жарқын әңгімелесіп, көрсетілген сый-құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Бақберген Амалбек. Дерек, сурет: egemen.kz.