Мерекелеріңізбен, асыл аналар, аяулы арулар!
наурыз – Халықаралық әйелдер күні
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Қазақстан әйелдері қауымының бір топ өкілдерімен жүздесті. «Көктем шуағы» деген әуезді естілетін атауы бар бұл дәстүрлі кездесуде Елбасы қазақстандық барша нәзік жандыларды айтулы мерекелерімен құттықтап, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Күннің көзі нұрын ерекше төгіп, жазиралы дала бусанып, тал-шыбықтар бүр жарып, тылсым табиғат түрленіп жатқан шақта мамыражай сипатта табалдырығымызды аттайтын аналар мерекесі елімізде жыл сайын айрықша атап өтілетіні белгілі. Бұдан біз қоғамымыздың әйелдер қауымына деген ыстық ықыласын ұғамыз... Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Көктем шуағы» басқосуында бірінші кезекте еліміздегі барша әйелдерді келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы әйелдердің баға жетпес рөліне тоқтала келіп, оларға денсаулық, сүйіспеншілік, бақ-береке және табыс тіледі. Нұрсұлтан Назарбаев биылғы кездесуге түрлі кәсіп иелері қатысып отырғанына назар аударды. «Араларыңызда көпбалалы аналар, бизнес өкілдері, әскерилер, ғалымдар, дәрігерлер, педагогтар, мәдениет пен спорт қайраткерлері, журналистер бар. Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды. 25 жылдағы барлық жетістіктеріміз сіздердің белсене атсалысуларыңыздың арқасында ғана мүмкін болды. Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті әйелдің басты парызы ана болу екенін атап өтті. «Ананың тәрбиесі мен махаббатын, әсіресе, бала кезінде көрген адам аман-есен өсіп, жақсы азамат болады. 25 жылда 7 миллиондай кішкентай қазақстандық дүниеге келді. Елімізде әрбір сағат сайын 45 немесе жылына 400 мың бала жарық дүние есігін ашады. Осының бәрі береке мен ертеңгі күнге деген сенімнің арқасында болып отыр. Қазақстанның болашағы – жаңа ұрпақ. Биыл мен баланы қорғаудың кепілі ретінде Қазақстандағы бала құқығы жөніндегі уәкіл туралы Жарлыққа қол қойдым. Отбасы күнін мерекелеу және «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық конкурсын өткізу дәстүрге айналды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы 1 наурызда «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын қабылдау туралы Жарлыққа қол қойғанын айтты. «Бағдарламада жақсы жаңалықтар аз емес. Мектепте оқытудың мемлекеттік білім стандарттары әлемдік стандарттар негізінде жаңартылады. Әрбір түлек алғашқы кәсіптік біліктілікті тегін игеру мүмкіндігіне ие болады. Біз балаларды мектепке дейінгі оқумен 100 пайыз қамтуға ұмтылып отырмыз. Келесі жылдан бастап үш тілді білім беру ісін біртіндеп енгізе бастаймыз. 2020 жылға қарай 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу қамтамасыз етіледі. Ғалымдардың болжамынша, 2020 жылға қарай жер жүзіндегі халықтың 50 пайызын «цифрлы балалар» құрайтын болады. Әңгіме мектептерімізді ақпараттандыру туралы болып отыр, 2019 жылға қарай олардың барлығы жылдам интернетке қол жеткізуге тиіс. Ақыры біз Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымымен ықпалдасып жатыр екенбіз, демек, осыны да жүзеге асыру керек», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 10 жылда бала туғанда берілетін жәрдемақы – 6,3 есе, бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін жәрдемақы 4 есе өскеніне назар аударды. Қазір көпбалалы жарты миллион отбасы мемлекеттік жәрдемақы алып отыр. «Аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік келісімшарттар арқылы атаулы көмек беруге 1,5 миллиард теңге бөлінеді. Мен қоғамның, әрбір отбасының амандығы тікелей әйелдің аман-саулығымен байланысты екенін әрдайым айтып келемін», – деді Мемлекет басшысы. Кездесуге Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова, Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжанова, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарушы директоры Майя Егімбаева, Павлодар облысындағы «Сағып» шаруа қожалығының басшысы Төлеу Құшманова, Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаева, Астанадағы «Қазақ оюлары» ЖШС директоры Толғанай Елекбаева, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Левин» жиһаз фабрикасының басшысы Елена Левина, Қарағанды облысындағы «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Маргарита Нұрмағанбетова, Астанадағы «Қазақ қызы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қарақат Әбден, әнші Тамараасар Жанқұл, «Деловой мир Астана» ЖШС директоры, бас редактор Шолпан Сыздықова, ақын Әлия Дәулетбаева, көпбалалы аналар – астаналық Жанар Байжолдинова мен жамбылдық Алтынай Тоқпанова, «Астана Опера» театрының солисі Жұпар Ғабдуллина, «Астана Балет» театрының бас режиссері Мукарам Абубахриева, биолог, ғалым Дамира Қанаева, Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданындағы Үшбиік ауылдық округінің әкімі Перизат Оралбаева, «Отырар сазы» Мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің бас дирижері, актриса Дінзухра Тілендиева, зымыранды артиллериялық кеме әскери бөлімінің радио байланысшысы Жанар Ыбыраева, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жөндеу-механика цехының токарі Айна Кенесарина, Қостанай облысының Сарыкөл ауданындағы «Жастар бастамасы орталығының» басшысы Елена Данилова, ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Жазира Жаппарқұл, актриса Динара Бақтыбаева, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Лариса Митрохина қатысты. Кездесуге қатысушылар жеке-жеке сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына ана мен балаға қамқорлық жасауға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған саясат жүргізіп отырғаны үшін алғыстарын білдірді, сонымен қатар, олар өз жетістіктері туралы да әңгімелеп берді. «Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі белесіне аяқ басты. Тарих үшін тым қысқа мерзімде еліміз өсіп-өркендеп, халықаралық саясатта беделі арта түсті. Сіздің БҰҰ мінберінен күллі әлемді тыңдата алатын жаһандық деңгейдегі санаулы қайраткерлердің бірі екеніңізді біз мақтан етеміз. Әйгілі Маргарет Тэтчердің: «Нұрсұлтан Назарбаев – менің өмірімде кездескен ер азаматтардың ішіндегі ерекше тұлға», деген сөзін тек Қазақстанның ғана емес, әлем әйелдерінің Сізге берген бағасы деп білеміз. Бүгінгі жылы лебіздеріңізге зор алғыс айта отырып, Сіздің отбасыңызға да құттықтауымызды жеткізуіңізді сұраймыз», – деді Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова. Ал өз кезегінде Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжанова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелдер қауымына көрсетіп отырған қолдауын сөз етті. «Қазақстан әйелдері Сіздің игі бастамаларыңыздың жемісін көріп келеді. Қазіргі таңда еліміздегі жеке кәсіпкерлердің 85 пайызын әйелдер құрап отыр. Олар құрылыс, өндіріс, сауда, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салаларда өнімді еңбек етіп жүр. «Қазақстан Сіздің жол көрсетуіңізбен Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Бұл қазақстандық әйелдердің экономика саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге ие болуына жол ашады», – деді Ж.Айтжанова. Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданындағы Үшбиік ауылының әкімі Перизат Оралбаева өзі басқаратын округтегі игілікті істер жөнінде сөз қозғады. «Соңғы жылдарда біздің Үшбиіктің өзінде ауыл клубы күрделі жөндеуден өтті, жаңа мектеп пен емхана, спорт нысаны салынды, су құбыры тартылды, көшелерге жарық берілді. Қасиетті Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тек біз ғана емес, еліміздегі әрбір ауыл мүлдем жаңа келбетпен қарсы алуда. Ауылда үлкендер бата бергенде еліміз тыныш, Елбасымыз аман болсын дейді. Бұл – Сізге деген халықтың айрықша ықыласының белгісі», – деді Үшбиік ауылдық округінің әкімі. Ал І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті, қазақ тілін меңгерген, Абай өлеңдерін жатқа оқитын Лариса Митрохина мемлекет тарапынан жастарға жасалып отырған жағдайға көңіл толатынын жеткізді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, ауыр атлетші Жазира Жаппарқұл елімізде спорт саласына жеткілікті деңгейде жағдай жасалып отырғанын жеткізе келіп, алдағы уақытта өзінің жеңісті жолын жалғастыра түсетінін айтты. «Спортшыларға қамқорлығыңыз үшін Сізге зор алғыс білдіремін. Биылғы Олимпиадада жеңіске жетуге бар күшімді саламын», – деді спортшы қыз. Келесі кезекте сөз алған «Сағып» шаруа қожалығының басшысы Төлеу Құшманова өз кезегінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілерге мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа разы екенін жеткізсе, зымыранды артиллериялық кеме әскери бөлімінің радио байланысшысы Жанар Ыбыраева еліміздің тыныштық пен татулық мекені болып отырғанына екпін берді. Ал Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жөндеу-механика цехының токарі Айна Кенесарина елімізде қарапайым еңбек адамына қолдау білдіру, жастарға техникалық білім беру ісіндегі жетістіктерге тоқталды. Айта кетейік, газетіміздің 2014 жылдың 14 наурызындағы нөмірінде А.Кенесарина туралы «Токарь қыз» тақырыбымен мақала жарияланған болатын. Токарь қыз сөз алғанда Елбасы осы мақаланы жұртшылықтың есіне салып өтті. Жиында бұлардан бөлек, басқа да қатысушылар сөз сөйлеп, елімізде қолға алынып отырған әлеуметтік-экономикалық ауқымды шаралардың оң ықпалдарын атап өтті. Соңында Қазақстан Президенті әйелдерді келе жатқан мерекемен тағы да құттықтап, олардың барлық бастамаларына табыс, өздеріне мол шаттық тіледі. Мемлекет басшысы іс-шара барысында көпбалалы ана Алтынай Тоқпановаға «Алтын Алқа» тапсырды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.