4 наурыздан бастап сайлаушылар тізімдері танысу үшін учаскелік сайлау комиссияларының үй-жайларында ұсынылады. Орталық сайлау комиссиясының кеше өткен отырысында ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен осы мәселеге тоқталды.
Оның айтуынша, наурыздан бастап сайлаушылар тізімдері танысу үшін учаскелік сайлау комиссияларының үй-жайларында ұсынылады, одан әрбір сайлаушы дауыс беру күніне дейін және сайлау күні өзі туралы деректерді тексере алады. Ол үшін учаскелік сайлау комиссиясына жеке басын куәландыратын, сондай-ақ, тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын (мекенжай анықтамасы) құжаттармен келіп, сайлаушылар тізімімен мұқият танысуы қажет.
«Сайлаушының тегі тізімде болмаған немесе ол өзі туралы деректерде дәлсіздіктерді анықтаған жағдайда, сайлаушы аталған құжаттардың негізінде тізімге енгізуді немесе қажетті түзетулерді енгізуді талап ете алады, – деді Л.Сүлеймен. – Сайлаушылар тізімдеріне енгізу, олардан шығару не сайлаушылар тізімдерінде түзетулер жасау қажеттiгi туралы арыздарды учаскелік сайлау комиссиясы сайлау комиссиясына арыз келiп түскен күнi қарайды. Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей бередi. Бұл шешімге сайлаушы сотта шағымдана алады».
Сонымен қатар, ОСК мүшесі есептен шығару куәлігіне қатысты мәселеге де тоқталды. Л.Сүлейменнің атап өтуінше, Қазақстан Республикасының аумағында өзі тұратын елді мекеннен тысқары шыққан жағдайда, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі сайлаушыға дауыс беру мүмкіндігін береді. Ол сайлаушыға не оның өкіліне сенімхат бойынша жазбаша өтініш негізінде 4 наурыздан бастап 19 наурыз күнгі сағат 18.00-ге дейінгі кезеңде беріледі. Есептен шығару куәлігін учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы немесе мүшесі сайлаушының тілегі бойынша мемлекеттік тілде немесе орыс тілінде толтырады.
«Бұл ретте учаскелік сайлау комиссиясының есептен шығару куәлігін берген мүшесі сайлаушылар тізіміндегі өзінің тегінің тұсында «ескерту» деген бағанда есептен шығару куәлігінің берілгені жөнінде, оның бес таңбалы сериялы нөмірін, берілген күнін жазбаша енгізіп, өзінің қолын қоюы тиіс, – деп жалғастырды сөзін ОСК мүшесі. – Сайлаушының есептен шығару куәлігін алуға өтініші сайлаушылар тізіміне қоса тіркеледі және сайлаушыны аталған сайлау учаскесі бойынша тізімнен шығару үшін негіз болып табылады. Есептен шығару куәлігі басқа сайлау округінде немесе бір елді мекен шегінде басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келген адамдарға берілмейді. Жоғалған есептен шығару куәліктері қайта қалпына келтірілмейді және көшірме нұсқалары берілмейді».
Бұдан соң Л.Сүлеймен дауыс беру күні есептен шығару куәлігін ұсынғанда учаскелік сайлау комиссиясы оны келген орны бойынша сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізетінінен хабардар етті. «Облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарының депутаттарын сайлауда есептен шығару куәлігін басқа сайлау округінің учаскелік сайлау комиссиясы берген жағдайда, сайлаушы сайлаушылар тізіміне енгізілмейді, – деді ол осы туралы. – Сондай-ақ, есептен шығару куәлігін бір елді мекен шегіндегі басқа сайлау учаскесі берген жағдайда, сайлаушы сайлаушылар тізіміне енгізілмейді. Ал аудандық, қалалық, қаладағы аудандық сайлау комиссиялары есептен шығару куәліктерінің пайдаланылғаны туралы есептерді тиісті облыстық, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссияларына пайдаланылмаған есептен шығару куәліктерін жою туралы актілерімен қоса беруі тиіс».
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».