05 Наурыз, 2016

Жайықтағы жүздесулер

276 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_4604Таң сібірлеп атып, оның ақ самаладай жарығы молая түскен кезде Орал стансасына «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы келіп тоқтады. Көктемнің алғашқы күндерінен басталған май тоңғысыз жылылық пойыз штабы мүшелерінің де, оларды қарсы алушылардың да көңілдерін көкке көтере түскендей еді. Алдыңғы күндері Орал өңірі­нің қаласы мен даласындағы тұр­ғын­дарды дірдектетіп жібе­ре жаз­даған өкпек жел де сап тыйы­­лыпты. «Ақжайыққа қош кел­діңіз­дер!» – деді жалпыреспуб­ликалық акцияға қатысушыларды жылы жүзбен қарсы алған үлкен топтың көшбасшысы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен. Теміржол вокзалының перронында сол сәтте басталып кеткен митингте «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы штабының басшысы Әміржан Әлпейісов сөз алып, алда тұрған мақсаттар жөнінде жан-жақты айтып берді. Біздің басты міндетіміз де, бас­ты парызымыз да кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі әлеуметтің жай-күйімен танысу. Қысылғанға қолұшын беру. Өмірдің сан-алуан толғағы жеткен мәселелеріне қатысты штаб мүшелері ортаға тастайтын пайдалы кеңестер де ешкімді бей-жай, селсоқ қалдыра алмайтынына күмәніміз жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздағанға да әлеуметтік пойыз құрамындағы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мамандарының беретін көмегі әзір, деді ол. Көп кешікпей әлеуметтік пойыз құрамындағы әртүрлі сала өкілдері бірнеше топқа бөлініп, өз қызметтеріне кірісіп те кетті. Осынау ауқымды, алымды да шалымды, сүйекті де салмақты, мәнді де маңызды жалпыхалықтық шырайлы шара Қазақстанның Азаматтық альянсының бастамашы әрі ұйытқы болуымен бүкіл ел-жұртқа шапағатын тигізуде. Бүгінде республикадағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметінде жаңаша бір серпіліс пайда болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Олардың үндері де айқын, істері де ізгілікті бола бастады. Азаматтық қоғам институты – тұтастай мемлекетіміздің үйлесімді түрде дамуына септігін тигізе алатын теңдесі жоқ құрылым. Осы мүмкіндікті тиімді түрде пайдалансақ көп нәрседен ұта аламыз, деді «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы құрамы мүшелерімен кездесу сәтінде Батыс Қазақстан облыстық Азаматтық альянсы қауымдастығының төрайымы Әлия Сәлиева. Бұл пікір «Қазақ­станның Азаматтық альянсы» ЗТБ директоры Ильдар Катенов тарапынан да қолдау тапты. Жастар – еркін елдің ертеңі. Биылғы тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейлі мерекесі жылы сол жылы дүниеге келген сәбилер баяғы бабаларымыз қайран, жиырма бес, қайран жастық деп күрсінетін, күрсіне отырып, жігерленетін жасқа жетіп отыр. Сондықтан да болса керек «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы штабының белді де білікті сарапшылары, соның ішінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мақсат Мәжитов, Ардақ Бегатаров, Алмас Жұмабеков сынды бас сарапшылары өңір жастарымен кездесіп, емен-жарқын пікір алмасты. Бұл үнқосу екі жаққа да пайдалы болғанын байқадық. Ал Батыс Қазақстан облыстық жастар ресурсы орталығының басшысы Кенесары Нұршинов пен пойыз құрамындағы сарапшылар арасында болған әңгіме де жақсы желісін тапты. Атап айтқанда, аталған орталықтың бастамасымен тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық мерекесі құрметіне жыл аяғына дейін «100 нақты көмек» кешенді іс-шарасы ұйымдастырылып отыр екен. Бұл мемлекеттік деңгейде іске асырылып жатқан «100 нақты қадамның» кішкене бір бөлшегіндей әсер қалдырды. Яғни, осы аталған «100 нақты көмек» аясында жастарды қоғамдық өмірге бейімдеу, мамандықтарын дұрыс таңдап, дұрыс меңгеру, жұмысқа орналастыру, баспанаға қол жеткізуге қажетті алғышарттар жасау секілді сан алуан көмектер түрі көрсетілмек. Қайсыбірін айтарсың, айта берсе, тізе берсе, «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы құрамы мүшелерінің облыстың ел-жұртына, Ақжайықтың қыры мен ойына тигізіп кеткен шапағатына ешқандай баға жетпейді. Ешқандай сөз жетпейді. Оның басты миссиясы жоғарыда пойыз штабының басшысы Әміржан Әлпейісов атап өткендей, ізгілік, нақты тұрғындарға – нақты көмек, қайырымдылық, қамқорлық, аялы алақан жылуы, деді жайдары жүзбен І топтағы мүгедек, Орал қаласының тұрғыны Бейсенбай Айдынғалиев ортопед маман Нағмет Мұрсаловтың қабылдауынан кейін. Оның осы пікірі әлеуметтік пойыз сапарының басты мәнін ашып берді деп айтуға толық негіз бар. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.