Міне, ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған азаттығымыз – Қазақ елінің тәуелсіздігіне 25 жыл толғалы отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, бұл тәуелсіздік аспаннан салбырап түсе қалған жоқ. Осы ширек ғасырлық бостандық шежіресінде Ұлы Дала ұландарының талай-талай жылдарға созылған азаттық жолындағы тарихи күрестері жатыр. Соның бірі қызыл империяның шовинистік шешіміне жалғыз өзі қарсы тұрып, Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосып жіберуден қорғап қалған Жұмабек Тәшеновтің жанқиярлық ерлігі еді.
Ұлан-ғайыр қазақ даласына көз алартушылар қай кезеңде де аз болған жоқ. Кешегі кеңес дәуіріндегі одақ басшылары да қазақ жерін қалайда бөлшектеудің амалдарын іздеп бақты. Әсіресе, ұр да жық Никита Хрущев бұл мәселеге барынша белсене кірісті. Ол Оңтүстік Қазақстанның Бостандық және Мақтаарал аудандарын Өзбекстанға, Маңғыстауды Түрікменстанға, тың игеру жылдарында құрылған Тың өлкесін Ресейге қосу жоспарын жүзеге асырмақ болды. Міне, осы кезеңде Қазақстан Республикасы басшыларының ішінде оған батыл тойтарыс берген бірден-бір басшы Жұмабек Тәшенов болды.
1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарған Жұмабек Тәшенов қазақ жерінің оңтүстік аудандарын Өзбекстанға қосуға қарсылық білдірген арнаулы комиссия құрды. Ол комиссияны тікелей өзі басқарып: «Бостандық ауданының жері мал өсіруге ыңғайлы, құрылыс материалдарын өндіруге суы мол, қорғасын, көмір және машина жасау өндірістерінің жұмыскерлер демалатын санаторийлер ұйымдастыруға қолайлы. Сондықтан бұл ауданды Өзбекстанға беруді қолайсыз санаймыз», деп шешім шығарды. Ол шешімді Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті қолдап, «Бостандық ауданы Өзбекстанға берілмесін» деген қаулы қабылдады. Өкінішке қарай, Мәскеу өз шешімін өзгертпеді.
Екінші, Жұмабек Тәшенов Тың өлкесін Ресейге қосу шешіміне батыл тойтарыс берді. Бұл туралы ғалым Р.Ермұханов былай деп жазды: «60-шы жылдардың бас кезінде КОКП бас хатшысы Никита Хрущев Қазақстанның бес облысы (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) кіретін Тың өлкесін тікелей орталыққа бағындырып, іс жүзінде қазақ жерін бөлшектеуге жанталаса ұмтылған кезде республиканың аумақтық тұтастығына айтарлықтай қатер төнген еді. Бағымызға қарай осы сәтте Хрущевтің буынсыз жерге пышақ салған ұсынысына өжет басшы – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.Тәшенов батыл қарсы шықты. Ақыры Одақ басшысының даурықпа дәмегөйлік пиғылы жүзеге аспады». Н.Хрущев өзіне ашық қарсылық көрсеткен республика басшысының бұл қылығын кешірмеді. Көп кешікпей Жұмабек Тәшеновті орнынан алып, Оңтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп жіберді.
Республикада басшы қызмет атқарған жылдары Жұмабек Тәшеновтің ел аузында сақталып, халық санасында жатталған ерліктері жетерлік. Мәселен, «Қазақ әдебиеті» газетін жабылудан сақтап, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казахстанская правда» газетінің аудармасы етіп шығаруға үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, Қазақстанның бас басылымын қорғап қалды. Үйсіз-күйсіз жүрген қазақ зиялыларына Алматының ортасынан пәтерлер бергені үшін «Алматыда қазақ ауылын» құрды деген жаламен айыпталды.
Бүгінде төрткіл дүние түгел таныған тәуелсіз Қазақстанды солтүстіктегі бес облыссыз елестетіп көріңізші. Ендеше, айтқанын орындататын Кеңес Одағы басшысының шешіміне қарсы тұрып, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған Жұмабек Тәшеновтің осы ерлігінің өзі қандай да құрметке лайық. Қасиетті Сарыарқа төрінде ару Астанамыз бой көтеріп, тәуелсіздігіміздің көк туы желбірегеніне куә болған әрбір қазақ Жұмабек Тәшеновтің көзсіз ерлігін құрмет тұтуы парыз. Жұмабек Ахметұлы осы жердің тумасы. Астана қаласынан Қарағандыға баратын тас жолдың бойында, елордадан 20 шақырым қашықтықта оның туылған Бабатай ауылы қоныс тепкен. Өткен жылы Ж.Тәшеновтің 100 жылдық мерейтойы «жетім қыздың тойындай» жүйесіз өтті. Барымызды бағалай білейік. Сондықтан өмір жолы ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге үлгі боларлық тұлғаның еңбегін ескеріп, есімін құрметтеу керек.
Ақиқатын айтсақ, бұл мәселе бірінші рет тілге тиек болып отырған жоқ. Бұдан бұрын Астана қаласы әкімдігінің қалалық мәслихаттың алдына сөз етілген тақырып бірнеше рет қойылды. Талай-талай хат да жазылды. Алайда, «баяғы жартас бір жартас». Ендігі үміт тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерекесіне орай атқарылар іс-шараларға тіреліп тұр. Ел тілегі – Астана қаласында Жұмабек Тәшеновке ескерткіш орнатып, Қарағанды – Астана тас жолының бойындағы «Жібек жолы» ауылына оның атын берсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Аманжол ТАШМҰХАМБЕТОВ, Рүстем ӘЛҚОЖА, Айдын ТҰРҒАНБАЕВ, Гүлназ АЙҒАЛИЕВА, Фатима АҚБЕРДІ, т.б. (хатқа барлығы 103 адам қол қойған).
Ақмола облысы.