«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының тұрғындар үшін әлеуметтік мәні зор. Өйткені, аталған бағдарлама жұмыссыздарға жұмыс беруге, еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз етуге, мамандарды қайта даярлауға кеңінен жол ашып отыр. Әр жылы аталған құжатта белгіленген міндеттерді орындау үшін арнайы жұмыс жоспары құрылады. Жаңа және босайтын жұмыс орындарына болжам жасалады. Соның арқасында жұртшылықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың жыл қорытындысы бойынша әзірлеген облыстың 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінде өңір бойынша жұмыссыздар саны 1255 адамға қысқарғаны көрсетілген. Соның арқасында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр.
Былтыр ауданда «Еңбек нарығы» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» ақпараттық жүйелер базасының бірігуіне байланысты 1577 адамды жұмыспен қамту туралы кешенді жоспар сәуір айында бекітілді. Дегенмен, біз оған дейін қол қусырып қарап отырмадық. Жұмыссыздықпен күрес шараларына қызу кірісіп, жыл ішінде 1680 адамды жұмысқа орналастырып, тапсырманы 106,5 пайызға орындадық.
«Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бағыты бойынша 10 нысанға 65,3 миллион теңгеге 28 жұмыс орнының тең жартысына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 14 адамды жұмысқа орналастыру көзделген болатын. Аудан тұрғындары 14 жұмыс орнына құрылыс жұмыстарына тартылды. Барлық 10 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталған.
Үнемделген қаражат есебінен қосымша 2 жобаға 17,3 миллион теңге бөлініп, қосымша 4 адам жұмысқа жіберілді. 10 пайыздық зейнетақы жарналары әлеуметтік төлемдері уақтылы аударылды. Негізі жол картасының бірінші бағыты бойынша 18 адам жұмыспен қамтылуы тиіс еді. Біз бұл жоспарды толық орындадық.
Бағдарламаның екінші бағыты – «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және тірек ауылдарды кешенді дамыту». Жоспарға сәйкес 39 азаматтың кәсіпкерлік бастамасы ынталандырылуы керек. Ал ауданда бүгінгі күні 46 адамның өтініші қанағаттандырылып, олар жалпы сомасы 107 миллион 7 мың теңге несие алды. Соның ішінде алдыңғы несиелердің қайтарымы есебінен 8 тұрғын 14,1 миллион теңге несиеге қол жеткізіп отыр. Несие алып, өз ісін дамытушы 46 кәсіпкер 71 жаңа жұмыс орындарын ашты.
Бағдарламада жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу жолдары да қарастырылған. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жоспардағы 243 адамның орнына 249 тұрғын тартылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 80 жұмыссыз жолдануы керек болса, 93 адам қамтылды. «Жастар тәжірибесінен» 123 жас маман өтуі тиіс еді. Ал аудан бойынша 131 жасқа осындай мүмкіндік берілді. 1143 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Оның ішінде 98 жұмыссыз жаңа жұмыс орындарына жолдама алды.
Өңірлерді дамыту салалық бағдарламасы шеңберінде, нақты айтқанда, «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында 22 адам Түймекент орта мектебінің жөндеу жұмыстарына, 3 тұрғын Көктал орта мектебінің қазандығын және Мәдімар балабақшасының жөндеу жұмыстарына, 7 адам туберкулез ауруханасы құрылысына жұмысқа жіберілді. Биыл ауданда үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы бойынша «Әулие ата Феникс» ЖШС құс фабрикасында тағы да көптеген жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Арғынбай Ысқақ,
Байзақ ауданы әкімдігі
халықты жұмыспен қамту орталығының директоры.
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы.