11 Наурыз, 2016

Сыр сахнасының сырбазы болған саңлақ

525 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

11-03-16-ulbatay-1

Сыр бойындағы басты қала - Қызылордадағы елу жылға жуық тарихы бар Н. Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында осы кезге дейін сахна өнерінің сыры мен қырын жақсы меңгерген, талғампаз көрерменнің ұдайы көңілінен шығып тұрған тарланбоз таланттар аз емес. Өнерде сондай өзгеше орны мен еншісі болған актрисалардың бірі Ұлбатай Баяділова еді. Өз кәсібіне жанындай берілген сол аяулы артистің мейірім шуағына толы, қуанышты да, қайғыны да қатар сыйғыза алатын алып жүрегінің тоқтағанына да бір жыл уақыт болып қалыпты. Біз білетін Ұлбатай апай өмірлік ұстанымына мығым-тын. Оның бұл қасиеті өзі жас кезінен киелі құтхана санаған театрға адалдығынан да айқын көрініп тұратын. Осы қара шаңырақ шын мәнінде де оның екінші үйі болды. Ол таңертең театр туралы ойлармен оянып, кешке театрдың тілеуін тілеп жататын жандардың санатынан еді. Бәлкім, біздің Ұлбатай апаймен екеуміздің тез ортақ тіл табысып, тонның ішкі бауындай араласып кетуімізге, қайда жүрсек те бір-бірімізді ұдайы іздеп тұратындай дәрежеге жетуімізге оның осы қайталанбас қасиеті болса керек. Кейінгі жылдары мен қызмет бабымен алдымен Астанаға, соңынан Алматыға қоныс аударғаннан кейін де арамыздағы осы тығыз байланыс, жылы қарым-қатынас үзілген емес. Апай оның үстіне өте бауырмал болатын. Сондығынан болар, бірер апта бір-бірімізден хабар ала алмай қалсақ, көп жағдайда алдымен іздеу салып, қоңырау қағып жататын да сол кісінің өзі еді. Мұндайда жасы кіші мен апайдан бұрын телефон шала алмай қалғаныма ыңғайсызданып, кішілік ілтипатымды білдіре бастағанымда, оның айналып-толғанған бірер ауыз сөзі бәрін орын-орнына қойып бергендей болып, екеуміз де жанымыз жадырап, өз әңгімелеріміздің тиегін ағытып жүре беруші едік. Енді, міне, сол аяулы апайымнан айрылып қалғанымызға да жыл он екі айдың жүзі айналып барады. Бірақ көңілі құрғыр оның бұл жарық дүниеде жоқ екенін әлі де сенбейтіндей. Әлі де күндердің күнінде апай жарқ ете қалатын жасындай жарқын дауысымен телефон желісінің арғы басынан айналып-толғанып тұрып алатындай болып көрінеді. Сондайда апайдың өкіл қызы болған Қызылорда театрының тағы бір белгілі актрисасы, өзі де бүгінде тәжірибелі сахна жұлдыздары қатарына қосылған Зәлифа Төлеповамен хабарласып, екеуміз үшін де ардақты болған жайсаң жан туралы біраз сыр шертісіп, естеліктер айтып, ішімізді біраз босатып аламыз. Кезінде мен Ұлбатай Баяділова туралы бірнеше рет жазғанмын. Олар жергілікті басылымдар мен республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Өткен жылы да апаймен арнайы сөйлесіп, тағы жазбақшы болып жүргенімде, ол кісі бәріміз үшін күтпеген жерден, аяқ астынан бақилық болып кете барды. Енді, міне, сол мақаланың орнына естелік жазуыма тура келіп отыр. Амал не, бұл да бір Алланың қалауымен болған іс шығар. Бір қуанатынымыз, апамыздың елге, өнерге сіңірген өлшеусіз еңбегі көзінің тірісінде біршама еленіп, өзіне лайықты бағасын алды. Өмірінің соңғы жылдарында «Құрмет» орденін омырауына қадады. Соңында өзіне ұдайы қамқор әрі тірек болған өмірлік жолдасы, балалары қалды. Қазір апайды сағынғанде кейде Ізбасқан ағаймен де хабарласып, сөйлесіп тұратынымыз бар. Осының бәрі аяулы адамның соңында жоқтаушылары бар екенін көрсетеді. Әлбетте, Ұлбатай Баяділова өмірден өткенге дейінгі беделі мен атақ-даңқын бір күнде не бір жылдарда ала салмаған еді. Оның да өмір жолындағы бетбұрысты кезең орта мектепті бітіргеннен кейін арман қуып, алыс жолға аттанудан басталған. Дәлірек айтқанда, бұл жол 1958 жылы Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы екі жылдық студияға түсуден арна тартты. Бұлардың курсында қазақ өнеріне өзіндік қолтаңба қалдырған Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев, Төлеш Тұңғышбев, Роза Әшірбекова, Аманжол Сәлменов, Тастан Өтебаев, Төлеш Тұңғышбаев, Шәміл Жүнісов, Баян Имашева, Салиха Қожақова, Айымторы Тайғарина секілді кіл сайдың тасындай өнерпаз жастар оқыды.

11-03-16-ulbatay-3

Рас, бұрынғының кісілері артист мамандығына бір түрлі сенімсіздікпен қараушы еді. Бірақ оның ата-анасы бұл жағына келгенде, көзі ашық кісілер болып шықты. Әкесі Баяділ ән-күй десе ішкен асын жерге қоятын жан болыпты. Онымен бір кіндіктен тараған ағасы айтыс өнерінің керуенін түзген от ауызды, орақ тілді ақын ретінде танылыпты. Осылай тұлымшағы желбіреген қызға дарын әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен сіңсе керек. Жастайынан ән айтуға құмар болып өсті. Қызының қалауын қош көрген олар жолына кесе-көлденең тұрмады. Ата-ананың ақ тілеуі періштенің құлағына жетіп, алғашқы және ақтық сыннан сүрінбей өткен ол Әзірбайжан Мәмбетов сынды суреткердің сыныбына қабылданды. Оның бағына қарай, болашақ театр корифейі сол жылы Мәскеуден ГИТИС-ті бітіріп келіп, актер шеберлігінен дәріс беретін. Ол өрімдей жас актерлерді сахна мәнерін меңгеруге бейімдеді. Сонымен бірге есімдері аңызға айналған Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Рахия Қойшыбаева, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова секілді өнер майталмандарының мөлдір бұлағынан сусындатты. Екі жыл екі күндей болып өтті де кетті. Енді еңбекке араласатын кез келгенде, сыншы Бағыбек Құндақбаев 19 жастағы жас актрисаға Семейдегі Абай театрына жолдама береді. Сөйтіп, ол 1960 жылы дәм тартып, еңбек жолын Ертіс жағасындағы қалада бастайды. Студия қабырғасынан жаңа шыққан қыз небір айтулы саңлақтардың ортасына түседі. Көп ұзамай, мұндағы белді актрисалардың қатарынан табылады. Осы жерде өзінің өмірдегі, өнердегі серігі актер Ізбасқан Шәкіровті жолықтырып, отау құрады. Актрисаның шығармашылық сапары Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасында Бәтес ролін ойнаудан басталды. Мұнан кейін артистің өмірінде ойып орын алатын кейіпкері Шыңғыс Айтматовтың повесі негізінде жасалған пьесадағы «Жәмила» ролі болды. Бұл роль 1963 жылы Семей облыстық Абай атындағы драма театрынан Сыр шаһарындағы өнер ордасына жаңа қоныс ауыстырып келген жас әртіс үшін тосын сый еді. Ұлбатай апай Қызылорда театрындағы алғашқы шығармашылық жолы туралы айтыла қалғанда, өзінің жолын ашып берген Жәмиланы аттап өте алмайтын. Шынында да бұл керемет үйлесімін тапқан қойылым болған. Сахнадағы алғашқы көріністе Жәмила, Данияр, Сейіт үшеуі астық тиелген ат арбаны шөмелелердің жанына доғарып қойып, өзара әзілдесіп отырады. Сол көріністе психологиялық толғаныс сәттерін үш ағын, үш дарын өкілдері көрсетеді. Сахнада Жәмила болып Ұлбатай Баяділова, Данияр болып Тұрысжан Айнақұлов, Сейіт болып Ораз Мәсімханов өзара өрілетін. Олардың осы кездегі үйлесімділігі мен сөздері үндестігі көрерменіне әсер етпей қоймаушы еді. Кісіге ақысын жібермейтін өжет Жәмила айтысқанмен айтысып, тартысқанмен тартысып, еркеккіндіктілерге өзін қорлатпайтын. Сол қайсар Жәмилаға қызықпаған жан жоқ. Себебі, онда әйелге тән наз десең наз, қылық десең қылық, көрік десең көрік бар. Бір күні айтқаным зая кетпейді дегендердің бірі – Осман жөнсіз ыржалаңдап, тиісе берген кезде ойы бұзық оспадарды ол дереу қайырып тастайды. Келесі бір сахнада аз сөйлеп, көп іс тындыратын тұйық мінезді жігіт Данияр соғыс жайын айтқанда, Ұлбатай – Жәмиланың екі көзі боталап жылап қоя беретін сәті бар. Сондағы Жәмила бейнесі Ұлбатай Баяділованың сомдауында сертіне адал, сенімге мықты, қайсар жан болып шығып еді. Кәнігі көрерменнің көз алдында сол сурет мәңгі қалып қойған. Бір айта кететін жәйт, театр сахнасына келген жарты ғасыр ішінде актриса екі жүз елуге тарта роль орындапты. Атап айтсақ, М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиясындағы – Шолпан, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» – Күнікей, «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» – Мәрзия, Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіптісіндегі» – Марфуға, С.Жүнісовтің «Ажал мен Ажарындағы» – Ажар, Б.Брехттің «Кавказдың бор шеңберіндегі» – Маро және аспаз әйел, Б.Майлиннің «Шұғасындағы» – Күлзипа, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» – Зүбәржат, Т.Ахтановтың «Әке мен баласындағы» – Сәуле Сәрсеновна, С.Жамалдың «Қара гүлдеріндегі» – Амоль, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елдесіндегі» – Ева Бройер, С.Шәймерденовтің «Әнім сен едіңіндегі» – Қарғаш, М.Ғаппаровтың «Тұзды шөліндегі» Рәбия образдары оның жүріп өткен жолдарынан өзінше сыр шертетін еді.

11-03-16-ulbatay-2

Ұлбатай Баяділова осы образдары арқылы өсті, осылар арқылы халқына танылды. Осылар арқылы театр тарландарының біріне айналды. Сыпайы да мәдениетті мінезімен, жайдары жүзімен, жылы жүрегімен көпшіліктің құрметіне бөленді. Біздің қазіргі күндері көңілімізді жұбататын да оның соңында қалған осы жақсы аты болса керек. Жаңагүл Сұлтанова, театртанушы.