Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақ ұлттық географиялық қоғамының 2015 жылғы қызмет қорытындыларына және 2016 жылға арналған жоспарларына қатысты баспасөз мәслихаты болып өтті.
Аталған брифингке Қазақ ұлттық географиялық қоғамының басқарушы кеңесінің төрағасы Қанат Байғарин, «Тарихи-мәдени мұра, этнография» тақырыптық кеңесінің вице-президенті Жәкен Таймағамбетов, ҚҰГҚ директорының ғылыми және халықаралық жобалар жөніндегі орынбасары Сәулет Сәкенов, ҚҰГҚ «Шоқан Уәлихановтың керуен жолымен» экспедициясының жетекшісі, география ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасының профессоры Орденбек Мәзбаев қатысты.
Қоғамдық бірлестіктің негізі 2013 жылы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың қолдауымен құрылған болатын. Оның қызмет шеңберінде 5 тақырыптық кеңес жұмыс істейді. Олар, «География, климат», «Қоршаған орта, табиғи ресурстар», «Биоәртүрліліктер», «Туризм, саяхаттар, өлкетану» және «Тарихи-мәдени мұра, этнография». Қазіргі таңда бірлестіктің Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында 10 өкілдігі өз қызметтерін жоғары деңгейде атқаруда.
– Өткен 2015 жыл Қазақ ұлттық географиялық қоғамы үшін айтулы оқиғалармен есте қалды. Дәлірек айтсақ, Испания географтар ассоциациясымен, Аргентина географиялық зерттеулер қоғамымен, Әзербайжан географиялық қоғамымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, тақырыптық кеңестер мен өңірлік өкілдіктерінің әрқайсысының қызмет шеңберінде 20 жоба іске асырылған болатын. Атап айтар болсақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Ұлытаудағы «Хан Қорық» жастар фестивалі, Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуын атап өту шеңберіндегі іс-шаралар, Қашғарияға ғылыми-танымдық экспедиция нәтижелері бойынша «Ұлы Шоқанның керуен жолымен» кітабының шығуы, Қазақстанның оқу орындарына жасыл кеңсе қағидаларын ендіру, Ұлытау ұлттық табиғи резерватын жасау, «Іле атырауының қамыс жұмағы» жобасы және т.б. бар. Сонымен бірге, өткен жылдың еншісіне енгізілген негізгі жобалардың қатарына мыналарды да қосып қойсаңыз болады. Олар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған Солтүстік Тянь-Шань бойымен тау жорығы, Павлодар қаласындағы «Ертіс күні» мерекесі, Ресейдің Орынбор облысы мен Батыс Қазақстан облысы аумақтарындағы Шаған өзені бассейнін зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу экспедициясы бар, – деді төраға Қанат Байғарин.
Жиынға қатысушылар осы жылға да үлкен жоспар құрылып отырғанын айтып, оның бірнешеуін атап көрсетті: Ұлытау мен Аралға және Солтүстік Қазақстан облыстарының өзендеріне экспедиция жасау, ОҚО-да «Хан Қорық» жастар фестивалін өткізу, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Іле Алатауының алғашқы қолжетімді туристік соқпағын жасау, Ұлытау бойынша туристік жол көрсеткіш, Баянауыл туристік карта-схемасын шығару аталмыш жоспардың алдыңғы қатарында тұрғанын естеріңізге саламыз.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».