12 Наурыз, 2016

Тасты-Талды ауылының Гахремени Масуд Хасаны

569 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Масуд Хасан-12,03Облыс орталығындағы жи­­налыстардың біріне келген Жар­қайың ау­­данының әкімі Асқар­бек Үй­­­­сін­баев бізге жақсы жаңалық айтқан. Тасты-Талды ауылындағы желілік элеватор жиырма жылдан астам уақыттан кейін жұмысын қайта бастапты. Жалпақ даланың жүрегі саналатын астық қоймасына жан берген Ираннан келген инвес­торлар екен. Жаңалықтың басты нәрі де осы. Торғай өңірінің Тасты-Талдысын айтпағанның өзінде, аудан орталығы Державинге дейін 450 шақырымдай жүру керек. Көкшетаудан шыққан жайлы автобус бірқалыпты тербеліс үстінде. Жанымдағы жас жігіттер іскер азаматтар болса керек, көп ұзамай қалғи бастады. «Қолдары тие бермейтін шығар, демалсын» деймін іштей. Мұндайда адамды қиял басады ғой. Әлгі Иран кәсіпкерлерін ойлаймын. Осы бауырлардың тірлігі менің балалық шағыммен біртүрлі байланысты сияқты көрінеді. Мен сонау бір жылдарғы қалып­пен онжылдықты үш мектепте оқып бітірдім. Өзара жалғасып кететін ауылдар көп еді. Қазір де солай. Тек Жібек жолы, Фронтоғай, Жемісті, Дербісек, Ақжар сияқты белгі ұстындар шартты түрде бөліп тұратын. Мұндай белгі қойыл­маған Шымшық ауыл, Құмырсқа, Арғын ауыл, Қожа ауыл, Иран ауылдар да бар. Осы ауылдың балаларымен жақсы мағынадағы алысып-жұлысып, ойнап-күліп өстік. Сыныбымызда түрік те, өзбек те, тәжік те, иран да болды. Бұлардың бәрі қазақ екен деп ойлайтынбыз. Әр ауылда әртүрлі той болып жатады. Осы ынтымағы жарасқан ұғыр-шұғыр үйлер сан түрлі ән мен би әуезімен, домбыра, сырнай, керней, дағара, дутар үндерімен тербеліп тұрады. Тұрмыстың келеңсіз жағдайларына байланысты салт-дәстүрлерге де ұршықтай мығым ауылдар түгел ортақтасады. Бәрі еңбекқор, жан-жағыңыз қыбыр-қыбыр тіршілік. Иран ауылында үлгі көп болуы керек, әкем мені картошканың тұқымын, қызанақтың өскінін алып келуге сонда жұмсайтын. Шәміл атаның үйіне ғана барамын. Қайран қаламын. Аядай ғана ауласында не өспейді дейсіз. Есек арбама мәуе-шәуесін түр-түрімен салып береді. Сол достық қарым-қатынас, бауырмалдық, татулық тұтастығы әсте сейіліп көрген емес. Мына Тасты-Талдыдағы жағдай ынтымақ өрісіміздің халықаралық деңгейде кеңейе түскенін дәлелдейді. Күн еңкейе алып астық қой­м­асының кеңсесіне келіп жеттік. Айнала мұнтаздай. Алаң төріндегі үш тұғырға үш ту ілініпті. Екеуі Қазақстан мен Иранның мемлекеттік тулары, үшіншісі «Агро Hұp Азия-2014» компаниясының фирмалық туы. Басшы есік алдынан қарсы алды, оң қолын жүрегіне басып амандасты. Қатты риза болдық. «Сырын ұғу әлемнің – түзуімен сәлемнің» дегеніңіз осы. Гахремени Масуд Хасанның үстелінде шай тұрады екен. Шы­ғыс­тық сыйластықтың бір түрі екенін сездік. Екінші шыныаяқтан кейін «Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Агро Hұp Азия-2014» деп аталуының себебі неде?», деп сұрадым. Ол таза қазақша болмағанымен түсінікті түрде тереңнен қозғап әңгіме өрбітті. – Біздің Иран Ислам Рес­пуб­ликасының президенті Хасан Рухани 2014 жылдың қыр­күйек айында ресми сапармен келіп, Ақор­дада Қазақстан Рес­­пуб­­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті, – де­ді ол. – Бұл мемлекетаралық байланыстардағы аса маңызды оқиға саналады. Президентіміздің жанында үлкен құрамдағы бизнесмендердің болуы екіжақты қатынастарды дамыту ауқымын кеңітті деп ойлаймын. Жалпы, бес мың жылдық тарихы бар Иран мен Тұран елдерінің қатар өмір сүргенін жақсы білеміз. Қазіргі күні де көнеден келе жатқан ел әлемдік аренадағы өз орнын сақ­тап қалып отыр. Иран өзінің мұ­най қоры жөнінен әлемде үшін­­ші орын алса, газ қорының көле­мі жағынан бірінші орында тұр. Қазақ­станның өркендеуіне өрке­ниетті елдердің бәрі, жоғарыда айтқанымдай, ежелгі қарым-қатынастардағы біздің мемлекет те ерекше тілектестік ниетте. Ал серіктестіктің атауын президенттер кездесуі болған 2014 жылмен байланыстыра беріңіз. Хасан бауырымыздың сөз­дері­не қайран қалдым. Елжандылық­тың, отан­сүйгіштік мақтаныштың, ниеттес­­тік пен мүдделестіктің үлгі­сі осын­дай-ақ болар! Бұл жерде инвес­тиция құйып, қаржы еселеуді діттегеннің өзінде, одан қымбатырақ мағына жатқанына риза боласың. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы 9 қыркүйектегі кездесуде былай деген еді: «Біз Иран кәсіпкерлерін Қазақ­станның ауыл шаруашылығындағы жобалар­ды жүзеге асыруға қатысуға ша­қы­­рамыз. Олардың тарапынан қазірдің өзінде қызығушылық бар. Тағы бір маңызды мәселе – көлік-транзит саласын дамыту жайы. Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағытындағы теміржолдың ашылуына байланысты біздің еліміздің бидай экспортының көлемі 5 есе ұлғаятын болады. Сондай-ақ, бұл қатынас жолы 10 миллион тонна жүк жеткізуге мүмкіндік тудырады. Осы жол арқылы Иран Ресей мен Қытай нарықтарына, ал біздің еліміз өз кезегінде Парсы шығанағындағы барлық мемлекеттерге шығуға мүмкіндік алады. Биылғы қараша айының басында ашылуы жос­парланып отырған осы магистраль екіжақты және өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге зор серпін береді... Салынып біту­ге таяған «Батыс Еуропа – Ба­тыс Қытай» көлік дәлізінің артық­шылықтарын да Иран пайдалана алады, оның бұл елге Қазақстан арқылы Қытай мен Ресей нарықтарына шығу­ға мүмкіндік береді. Иран тара­пы­ның қатысуымен бірқатар инвес­тициялық жобалар жүзеге асырылатын болады». Міне, сол жобалардың бірі Жар­­қайың өңіріндегі ірі элева­­тор­дың түбегейлі қайта құру құры­лы­сы. Гахремени Масуд Хасан бұл жөнінде жергілікті тұрғын, кәсіп­орынның ауысым басшысы Алек­сандр Кимнен сұрап білуімізді жөн көрді. Бұл – орынды байлам. – Біздің элеватор тың көтеру жылдары іске қосылып, диқан­дарға қалтқысыз қызмет көрсетіп тұрды, – дейді ол. – Мұнда үлкен көлемде астық пен жарма да­қыл­дары сақталып, қайта өңде­летін. Бірақ, Одақ ыдыраған соң әріптестік байланыстар үзі­ліп, кәсіпорын банкроттыққа ұшы­рады. Одан кейін бірнеше қожайын ауысқанымен, белең алған берекесіздік кәсіпорынның мүшкіл халін тіпті әлсіретті. Ма­ңай­дағы егіншілер маңдай термен өсірген астығын жүздеген шақы­рым­дағы астық қабылдау кәсіпорындарына тасымалдап, шы­ғын­ға батты. Мемлекетіміздің экономиканы сауықтыру саясаты­ның нәтижесінде қазір элеваторымыз қайта жанданып, екінші ты­ны­сы ашылды. Тасты-Талды тұр­ғын­дары ғана емес, өңірдегі ди­қан­дар қауымы ирандық ағайын­ды кәсіп­керлер Масуд және Реза Гахремени Хасандарға алғыстарын айтуда. Шетелдік инвесторлар ас­­тық қой­масын қалпына келтіруге 1 мил­­лиард теңгеден астам қар­жы құ­йыпты. Қысқа мерзімде сумен қамту және коммуникациялық жүйелер қайта құрылып, әкімшілік корпусы, зертхана ғимараты, он астық қоймасы толық жөнделген. Сондай-ақ, заманалық талаптағы электронды автокөлік таразылары қуаттандырылып, іске қосылды. Бұған қосымша, 2 шақырымдық кірме теміржол салынып, вагон таразысы құрастырылып жатқанын білдік. Қазір мұнда ауылдың 45 тұрғыны тұрақты жұмысқа тартылған. Болашақта бұл көрсеткіш 150-ге жетеді деп жоспарлануда. Сенімді инвестордың келуі ауыл өмірін әрлендіргенін де айту лазым. Былтырғы жазда ауыларалық жолдар жөнделіп, аулалар тазартылды және белгісіз жауынгер ескерткіші жаңартылды. «Агро Hұp Азия-2014» ЖШС басшылығы зейнеткерлер­ге, мұқтаж жандарға қамқорлық жа­сап, мерекелік шараларға ақша­лай және материалдық көмек көр­сету­де. Жергілікті мектеп, аурухана, ба­ла­бақ­шаны күтіп ұстауға да ин­вес­тор­лар белсене атсалысады екен. Қазіргі күні Масуд Хасанның коман­дасы тоқтап қалған диірменді, газ және дизель отынымен жұмыс істейтін астық кептіру қондырғысын іске қосу жұмыстарын атқаруда. Көкшетаудағы «Ново-Пэк» кәсіп­орнымен жасалған мәмілеге сәйкес, астықты 10 тонналық сиым­­­ды­лық­тағы қаптарға тиеуге ба­ғыт­талған жаңа жабдықтар да сатып алыныпты. Ең бастысы, тұрғын­дардың өті­ніші бойынша наубайхана қайта құ­рылып, тәулігіне 500 бөлке нан шы­ғарылып, арзан бағамен сатылып жатқанына жұртшылық дән риза.  Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Жарқайың ауданы. Суретте: Ирандық инвестор Гахремени Масуд Хасан.