12 Наурыз, 2016

Түйе түлігін түлеткендер

594 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ВерблюдМаңғыстау өңірінің климаттық жағдайы мал шаруа­шылығын дамытуға, соның ішінде, шөлге шыдамды, қысқа төзімді түйе түлігін өсіруге қолайлы. Кеңшарлар кезіндегі сыңсыған мал отар­лары жоқ болғанымен, жекеменшіктегі малдарды қоспағанда, өз алдына шаруа қожалықтарын ашып, қой мен ешкі, түйе, жылқы бағып, олардың өнімін жұртшылық игілігіне ұсынып отырған кәсіпкер шаруалар жоқ емес. Дағдарыс кезеңінде жоқтан бар жасап шаруашылық ашу, содан соң оның шаруасын шат­қаяқтатпай, тізгінін түзу ұстап алып шығу үл­­кен күш-жігерді қажет етеді. Тынымсыз еңбек те, қаржылай қуат та қажет. Оған біреудің шамасы жетіп жатса, екінші біреулер­ге азды-көпті қаржылық қолдаудың қажет болатыны белгілі. Осы тұста оларға мемлекеттің өзі демеу болып, жеңілдетілген пайыздық үстемемен шағын несие беруді қолға алған болатын. Бұл бағытта арнайы бағдарламалар іске қосы­лып, кәсібінің көлемін арттыра­мын деген кәсіпкерлер мен кә­сібін енді бастаймын деген ынталы азаматтар үшін кеңес беріліп, көмек қолын соза білді. Ақтау қалалық Жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, ша­ғын несиеге қол жеткізген кәсіп­кердің бірі «Шо­тан» шаруа қожалығының иесі Сар­дарбеков Оңғарбай екен. Оңғарбай ағаның отбасы Маң­ғыс­тау ауданының Жың­ғылды ауылына маңайлас Шо­қырақ же­рінде өз кәсіптерін дөңгелентіп отыр. Көп адам қалаға қарай көшкен кезде, ауылды, даланы аңсап, дала төсінен шаруашылық ашып, кәсіпкерлікпен айналысып қалуды таңдауларына өздерінің әу бастан далада өсіп, мал баққан ауылда өсіп-жетілуі әсер етсе керек. – Кәсіпкерлікпен айналысу, отандық өнім өндіру, ар­тық өнім­мен сұранысты өтеу – бүгінгі күннің талабы ғой. Менің қолымнан бір жақтан зат әкеліп сату, базарда күні бойына тұру деген жұмыстар келмеді, маған кішкентайымнан малды ауылда өскендіктен, мал шаруашылығымен, дала жұ­мыс­тарымен айналысу жеңіл әрі ыстық көрінді. Сол оймен жолдасымыз екеуміз Шоқырақтан ар­найы жер алып, шаруашылық саласына өз үлесімізді қосуға бел байладық, – дейді «Шотан» шар­уа қожалығы иесінің зайыбы әрі көмекшісі Ботагөз Шамбилова. Шаруа қожалығының ие­лері алдымен Маңғыстау ауа-райында өсіп, өнім беретін қауын, қарбыз, қызанақ, қияр, асқабақ өсіріп, өнімдерді облыс орталығы – Ақтау қаласына әкеліп сатумен айналысқан. Егін шаруашылығына қосымша сиыр малын ұстап, оның да өнімдерін жерлестердің игілігіне ұсынды. Кейін, өрісі кең далада түйе неге өсірмеске де­ген ой келгенмен, қаржылық жағ­дай кібіртіктетіп келсе керек. Ойлана келе, Сардарбековтер Ауыл шаруашылығын қолдау қо­­рынан 6 пайыздық үстемемен 54 айға 3 млн. теңге несие алады. Бұл қаржыға әрқайсысын 600 мыңнан 5 боталы түйе сатып алып, шаруашылықты ширата түседі. «Бір қозы туса, бір түп жусан ар­тық бітеді» демекші, ботасын қосқанда он бас түйе бұлардың желілеріне біткен кезде маңайда шөп қалың өсіп, түйелер ішіп-жемнен тарлық көрмей қысқа қоңымен түседі. Күйлі түйеден алынатын сүт те көлемді болып, өздерінің қажетін толық өтеп қа­­на қоймай, тұрақты сұраныс берушілерге де жетеді. Қоспасыз таза өнімге сұраныс жиі әрі тұ­рақты түсіп тұрады екен. «Біз өзіміздің таза өнімдеріміз арқылы тұрақты тұтынушыларды таптық, шұбат, сүт, құрт, балқаймақ сынды өнімдеріміз олардың көңілінен шықты. Енді кәсібіміздің көлемін ұлғайта түскіміз келеді. Ол үшін Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан алған несиемізді мер­зімінен бұрын жауып, тағы бір несие алсақ деп отырмыз. Бұл несие бізге үлкен қолдау болып тұр, үйде қол қусырып қарап отыр­­­­­май, өз кәсібімізді өрге бас­тырып жатырмыз. Шаруасын бас­таймын дегендерге қаржылық тұр­ғыда демеу көрсетіп, несие берген мемлекетімізге, Елбасына алғысымыз шексіз», дейді Б. Шам­билова. «Мал баққанға бітеді», дейді қазақ. Мемлекет тарапынан бе­рілген көмекті тиімді пайдаланып, кең далада мал бағумен және оның өнімдерін нарыққа шығарумен, сондай-ақ, бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысатын отбасы жұмысына сәттілік тіледік.  Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».