Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қаржы министрлігінің Даму және жаңғырту департаментінің директоры Ержан Біржанов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында Мемлекеттік кірістер комитетінің халыққа көрсетіп отырған қызметтері жөнінде әңгімеледі.
Департамент директоры мемлекеттік кірістер органдары мемлекеттік қызметтің 53 түрін көрсететінін айтты. Оның 32-сі салықтық бағыт бойынша, ал 20 қызмет кедендік және 1 экономикалық қызмет көрсететінін тәптіштеді. Сондай-ақ, салықтық бағыттағы 24 қызмет баламалы негізде халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы атқарылады екен. Негізі бүгінгі таңда 53 қызметтің 65 пайызы электронды түрде жүргізілетін көрінеді. «Өткен жылдың қорытындылары жөнінде айтар болсам, жыл бойы 16 миллионнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсетілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай және «100 нақты қадамдағы» міндеттерді жүзге асыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Салық және кедендік бағытта төленетін ақыларды алу жүйелері барынша жетілдіріліп, халыққа қолайлы әрі тиімді жолдары жасалуда. Себебі заң да, жүйе де тек салық төлеушілердің талабына орай жасалғанда ғана қаржының кіріс жағы молая түспек», деді Е.Біржанов.
Спикердің айтқанына илансақ, былтыр «Орталықтандырылған біріздендірілген жеке шоттар» ақпараттық жүйесі енгізілген. «Бұл жүйе жеке шоттардың жүргізілуін есепке алу бойынша бизнес-үдерісті оңайлатуға мүмкіндік берді. ОБЖШ АЖ енгізу шеңберінде 2015 жылы шілдеде салықтық және кедендік төлемдер бойынша бюджеттік сыныптама кодтарына қысқартулар жүргізілді. Нәтижесінде 57 пайызға қысқарды. Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес мұндай қысқарту халыққа және бизнес үшін тиімді болған. Соның нәтижесінде төлем құжаттарының саны 2,8 млн. төлемге немесе 18,2 пайызға кеміді», деді ведомство басшысы.
Шара барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Канадамен Австралияның үлгісімен «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясын құру жөнінде айтқан департамент директоры, бұған дейін тиімді жүзеге асырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары мен «бір терезе» жүйесінің нәтижелі тұстарына тоқталды. Сөйтіп, «Азаматтар үшін үкімет» корпорациясы аталған қызмет түрлерінің заңды жалғасы екенін жеткізді. «Бұл жаңа құрылымға қазір жұмыс істеп тұрған «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Жылжымайтын мүлік орталығы», «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы», «Зейнетақылар төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» сынды республикалық кәсіпорындар біріктіріліп, бейкоммерциялық акционерлік қоғам болып қайта құрылады. Осылайша жаңа мемлекеттік корпорация аталған барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарын бірыңғай жүйеге біріктіреді. Осының арқасында азаматтарға барлық мемлекеттік қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік туады», деді Е.Біржанов.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».