Кеше Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне кандидаттардың, саяси партиялардың және азаматтардың өтініштерін қарау барысы туралы брифинг өткізді.
ОСК төрағасының орынбасары атап өткендей, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 49-бабына сәйкес сайлау комиссиясының және оның мүшелерінің шешімдеріне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды жоғары тұрған комиссия шағым түскен күннен бастап, егер «Сайлау туралы» Заңда өзгеше көзделмесе, үш күн ішінде қарайды. Ал азаматтар мен ұйымдардың сайлау заңнамасының бұзылғаны туралы өтініштерін сайлау комиссиялары шағым түскен күннен бастап, егер «Сайлау туралы» Заңда өзгеше көзделмеген болса, бес күн ішінде қарайды.
«2016 жылғы 20 қаңтар – 14 наурыз аралығындағы кезеңде Ортсайлаукомға жеке және заңды тұлғалардың 113 өтініші келіп түсті, – деді В.Фоос осы мәселеге қатысты. – Түскен өтініштердің 29-ы (25,7%) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқанымен байланысты. Олардың ішінде 9-ы – қоғамдық бірлестіктерден, 11-і – жеке тұлғалардан, 8-і – БАҚ-тардан, 1-еуі – облыстық сайлау комиссиясынан».
В.Фоостың хабардар етуінше, 10 өтініш сайлау заңнамасының жекелеген нормаларын түсіндіруге қатысты, 5 өтініш Парламент депутаттығына дауысқа түсуге ниет білдіруге және белгілі бір кандидатты қолдау немесе партиялық тізімдерге енгізу туралы, 1 өтініш Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутаттыққа кандидаттың тіркеуін қайтарып алу талабы жөнінде, 6-сы сайлау комиссиялары мен депутаттыққа кандидаттар туралы ақпарат беру жайында, тағы 1-еуі сайлау науқаны кезеңіндегі заң бұзушылықтар туралы ақпарат беруге, 3-еуі сайлау үдерісіне байланысты емес, яғни түрлі әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерді шешуге қатысты.
«Өтініш иелеріне жауаптар берілді. Жеті өтініш қарау үшін тиісті органдарға жолданды, – деді төрағаның орынбасары әрі қарай. – Келіп түскен 84 (74,3 %) өтініш Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқанымен байланысты. Олардың ішінде 58 өтініш жеке тұлғалардан, 8 өтініш БАҚ-тардан, 1 өтініш облыстық мәслихаттан, 8-і қоғамдық бірлестіктерден, оның ішінде саяси партиялардан, 9 өтініш аумақтық сайлау комиссияларынан».
В.Фоостың айтуынша, қалған өтініштер сайлау заңнамасына байланысты. Мысалы, 27 өтініш сайлау заңнамасының жекелеген нормаларын түсіндіруге, 10-ы сайлау комиссиялары, кандидаттар және т.б. туралы ақпарат беруге, 4-еуі сайлауды әзірлеу мен өткізу мәселелері жөнінде ұсыныстарға, 1-еуі мүмкіндігі шектеулі жандарға тең қолжетімділік беруге, 2-еуі әлеуметтік, тұрмыстық және басқа проблемаларға байланысты сайлауға қатысу мүмкіндігінің жоқтығына, 1-еуі депутаттыққа кандидаттың сайлауалды үгітті жүргізу тәртібін бұзғанына, 9-ы сайлау комиссияларының шешімдеріне және іс-әрекеттеріне, 2-еуі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, олардың лауазымды адамдарының іс-әрекеттеріне, ал 11-і депутаттыққа кандидатты тіркеумен келіспеуге байланысты.
«Депутаттыққа кандидаттардың және олардың жұбайларының табысы туралы декларациядағы мәліметтердің дұрыс еместігі және мәслихат депутаттығына сайлану құқығын қалпына келтіру туралы 16 өтініш қарау үшін тиісті органдарға жолданды және бақылауға алынды» – деді В.Фоос.
* * *
Кеше Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығында ТМД-дан байқаушылар штабы басшысының орынбасары Олег Кулеба да брифинг өткізді.
«14 наурызда шетел байқаушыларын аккредиттеу мерзімі аяқталды. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың депутаттарын сайлау науқанын қадағалауға келген ТМД байқаушылары миссиясының құрамына 301 адам кіріп отыр. Олардың ішінде Әзербайжан, Армения, Беларусь, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің өкілдері бар. Сонымен қатар, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан, ҰҚШҰ Парламентаралық Ассамблеясынан, Ресей және Беларусь одағының Парламентаралық Ассамблеясы және ТМД-нің Атқарушы комитетінен келді», – деді О.Кулеба.
***
Кеше, сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 46-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы облыстық мәслихаты депутатының омырауға тағатын белгісінің үлгісін, Қазақстан Республикасы қалалық мәслихаты депутатының омырауға тағатын белгісінің үлгісін және Қазақстан Республикасы аудандық мәслихаты депутатының омырауға тағатын белгісінің үлгісін белгіледі.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.