16 Наурыз, 2016

Білім – өмір шырағы

1700 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Каз-Рус-Англ«Біз үштілді боламыз – бұл жәй ғана тілек емес, бүгінгі өмірдің талабы. Мемлекеттік тіл – біздің хал­­қымыздың тілі, оны осында тұратын барша жұрт білуі шарт. Біз ағыл­шын тілін де білуіміз қажет, себебі, ол – ғылым, ин­нова­ция тілі. Сондай-ақ, біз орыс тілін де білуіміз керек, оны біз меңгергенбіз, бұл тілде өзара түсінісе аламыз және бұл тіл – біздің үлкен көршіміздің тілі» – деп Елбасы 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған салтанатты мерекелік жиында «үш тұғырлы» тіл сая­сатына түсіндірме берген еді. 7777Жоғары оқу орындарында негізгі пәндерді ағылшын ті­лінде оқыту көлемін еселеп арттыру және мектептің жоғары сыныптарында жаратылыс тану пәндерін ағылшын тілінде оқытуға бағыт алу, кең жолақты Ғаламторға қосылатын мектептер санын ұлғайту, ақпараттық технология­ларды қолдану ар­қы­лы жаңа электрондық оқы­ту әдістемелерін енгізу, осы мақ­сатқа сай болуы үшін оқы­тушыларды кең көлемді дайындықтан өткізу – бүгінгі таңда Ұлт Жоспарын орындау барысындағы Білім және ғылым министрлігінің қол­ға алып отырған тың ша­ра­лары. Мемлекеттік үдемелі ин­дустриялық-инновациялық бағ­дарламаны жүзеге асыру үшін еліміздің білім-ғылым саласын жедел оңалту қажеттігі туындап отыр. «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дегендей, қа­зіргі заманда оқшау тұрған арал­дағыдай күн кешу мүмкін емес. Қазіргі жаһандану мен инновациялар заманында барша елге ортақ болып, дүниежүзілік тіл болып отырған – ағылшын тілі екендігін мойындауымыз қажет. Бүгіннен озық шығып қа­на ертеңгі күнге ілесуге болады. Сондықтан, ғылым тілі – ағыл­шын тілі болғандықтан, білім мен ғылымның әлемдік озық тәжірибесін игеру үшін біз ағылшын тілін жедел түрде үйрене білгеніміз жөн. Меніңше, біз білім мен ғы­лым саласында кең қолда­ныс­тағы тіл жөнінде бұрыннан қа­лыптасқан үйреншікті әдетке сай орыс тілінің әлеуетті әсері­нен арыла алмай келеміз. Ал, шынтуайтына келгенде, мысалы, медицина саласында жа­рияланған дүниежүзілік барлық ғылыми әдебиеттің 90 пайыздан астамы ағылшын тілінде жазылған, орыс тілінде болса, 2 пайыз ғана. Оның дәлелі – 2010 жылы Астанада өткен хирургтер мен нейрохирургтердің халықаралық конгресінде Чазов, Акчурин, Коновалов се­кілді Ре­сейдің ірі ғалым­дарының өздері Ресей ғылы­мының Ба­тыс­тан кейін қа­лып қойып отырғандығын мойындаған еді. Әрине, одан бері жағдай өзгеріп үлгерді, дегенмен, жаңа ғылы­ми әде­биеттің ағылшын тілі­нен орыс тіліне аудармасын күтумен алтын уақытты жоғалтуға болады. Қазір тағам өнімдерінде болатын, организмде жинақталып, қатерлі ісіктің пайда болуына ықпал ететін аса қауіпті транс-май қышқылдарының тағам өнімдеріндегі мөлшерін заңнамалы түрде шектеу туралы шетелдік ғалымдар дабыл қағуда, ал Ресей бұл жө­нінде үнсіз қалып отыр. Мен жақында «С» гепатитін емдеу жөніндегі ғылыми деректерді іздестіргенімде, тың жаңалық­ты тек ағылшын тілінде таптым. Әлемдік ғылымда пайда болған озық тәсілдер ағылшын тілінде бірден жария етілсе, орыс тілінде бір-екі жылдан ке­йін жарық көреді. Ғылыми әдебиеттің осындай кешеуіл­деуі тіл кеңістігінің тарлығынан орын алады. Медицина, ден­сау­лық сақтау саласы үшін мұн­дай кешігудің құны мың­даған адам жанына араша бола алмауға апаратындығы айтпаса да түсінікті. Медицина мен физиология саласындағы ғалым­дар­ға Нобель сыйлығы та­ғайын­­далғаннан бері бар­лығы 191 адам иеленсе, оның 95-і – америкалықтар, 20-сы – ағылшындар, немістер мен жа­пондар, ал ресей­ліктерден екі-ақ адам, Павлов пен Мечников, олардың өзі Кеңес Одағына дейін иелен­ген. Жоғары технологиялық, ғы­лымның соңғы жетістіктерін пайдаланумен шығарылатын өнімдер туралы айтсақ, олар­дың 46 пайызынан астамы АҚШ-та өндіріледі, 18 пайызы Жапония мен Батыс Еуропада, қалған әлемде небәрі 26 пайыз ғана. Ғылымда, өндірісте қолданылатын алдыңғы қа­тар­лы түрлі құрал-жабдық, қондырғыларды басқару те­тігі ағылшын тілінде. Мы­сал келтірсек, біздің Қазақ та­ғамтану академиясындағы зерт­­ханаларда ғылыми-зерттеу жұмыстарында қымыздың, жылқы етінің, басқа да өнім­дердің химиялық құрамына (ақуыз, көмірсу, май секілді) тереңдетілген, күрделі зерттеулер жүргізу үшін қолданылатын хромотографтарды алсақ, ре­сейлік қондырғылардың дәл­дік нәтижесі батыс елдерде шығарылатын түрімен са­лыстырғанда шамамен 10 еседей төмен болады екен. Озық тех­нологиялар жетістіктеріне қол жеткізу, оларды меңгеру ағылшын тілін білуге мамандарымызды амалсыз талпындырады, себебі, биотехнология саласындағы тың анықтамалық жинақтардың көпшілігі ағыл­шын тілінде жарық көрген. Мен республикамыздың медициналық білім саласында, яғни, 1968 жылы Ақтөбе медицина институтында ректор және кафедра меңгерушісі болуымнан бастап, кейіннен Астана ме­дицина университетінің профессорлығын, бүгінде Қаз­ақ ұлттық медицина уни­верситетінің бақылау кеңесінің төрағалығын атқарып, кафедраны да меңгеруіме сай, осы өткен 50 жылға жуық уақыт бойы студенттерге үздіксіз дәріс беруіме байланысты, оқу үдерісіне тікелей қатысатын, дәрігерлік мамандықтың сырына қанық, бүгіні мен болашағына қамқор ұстаз ретінде көпшілікке осы мәселе жайында дәйекті пікірімді жеткізгім келеді. Еліміздегі медициналық жо­ғары оқу орындарында, атап айт­қанда, мысалы, С.Асфен­дияров атындағы Қазақ ұлттық медицина универ­ситетінде Бо­лон конвенциясы қолдау тапқан. Бұл конвенция әлемдік бірыңғай білім кеңістігін қам­тамасыз ете­ді, яғни, ол бойынша конвен­ция­ға мүше елде білім алған мамандар мүшелік ететін басқа елдерде ағылшын тілін білуі ар­қылы еңбек ете алады, басқаша айтқанда, еліміз үшін «Еуропаға терезе» ашылуда. Қа­зіргі таңда «ғылымда шекара болмайды» деген тұжырым аса өзекті. Осы жобаның аясында жыл сайын ұлттық медици­на уни­верситетінің 200 сту­денті қазіргі таңда шетелдік жоғары оқу орындарында оқу тәжірибесінен өтеді. Оқы­тушылар да әлемдегі үздік оқу орындарында өздерінің білім деңгейін ұштап, тәжірибе алмасуға қатыса алады. Бұл үрдіс Семей, Ақтөбе, Астана медицина университеттерінде орын алған. Осындай қызу тәжірибе, білім алмасу бары­сындағы қа­рым-қатынаста ағылшын тілін білу күнделікті қажеттілікке айналған, себебі, оған барша әлемдік білім және ғылым жүйесі бағдарланған. Күнделікті жұмыс барысында латын әліппесін жаппай қолданатын медицина мамандары үшін ағылшын тілін үйрену аса оңтайлы. Қазіргі медициналық білім мен ғылымда электрондық оқу әдістемесі, ақпараттық технологиялар кең қолданыс табуда, электрондық оқу әдіс­темесі енгізілуінің арқасында жем­қорлыққа тосқауыл қойыл­ғандығын атау қажет. Осы ар­қылы, бірнеше мақсатқа: білім сапасын көтеруге, тіл білу дең­гейін жақсартуға, жалпы зерделік танымның дәрежесін арттыруға жағдай жасалады. Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігінің қолға алып отырған шараларының мақ­саты – ағылшын тілін өріс­тетумен қатар, мысалы, орыс тілді мектептерде қазіргі уақытта сын көтермей отырған қазақ тілін оқыту сапасын жақсарту екендігін де айту маңызды, яғни, үш тұғырлы тіл саясатының мақсаты – осы үш тілді бірдей білу деңгейіне жету. Мысалы, Назарбаев Уни­верситетте оқитын өзге ұлт жастары орыс, ағылшын тіл­дерімен қатар қазақ тілін жақсы біледі, демек, үш тілділік қазақ тілінің де мәртебесін іс жү­зінде арттыратындығы айқын. Мен өзіме қатысты айтсам, ағылшын тілін алпыстан асқан жасымда өз бетімше үйрендім. Жұмыс бабына сай үйренуіме тура келді. Себебі, өзім негізін салып, 40 жылдан астам уақыт бойы жетекшілік етіп келе жатқан Қазақ тағам­тану академиясы сонау 1979 жыл­дың өзінде әлемде алғашқы болып Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДҰ) ынтымақтастық аясында еңбек ететін орталық атанды, ал 1997 жылы Біріккен ұлт­тар Ұйымы университетімен ын­тымақтастық орталығы бол­дық. Аталған ұйымдармен бірге көптеген халық үшін әлеу­­меттік маңызды медици­на­лық-демографиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқардық. Осылайша, түрлі іссапарлар барысында, келген делегациялармен тілдесу қажет болғандықтан, мен ағыл­шын тілін бір адамдай меңгеруге мұқтаж болдым. Мысалы, 2005 жылы ДДҰ Ассамблеясының мінбесінен, барша әлемдік медициналық қауымдастықтың алдында ағыл­шын тілінде сөз сөйледім. Түрлі алқалы жиындарды ағыл­­шын тілінде басқарып, шетелдік әріптестермен еркін сөйлесе аламын. 85 жасты алқымдаған менің шет тілін меңгеріп алғандығымды көр­­ген жастардың да тіл үй­ре­нуге, білім-ғылымға деген құл­шынысы зор болуы тиіс деген ойдамын. Біз балалық шағымызда орыс тілін білмей өстік, бірақ, ке­йін өмір талабы болғандықтан, алдымен мектепте, кейіннен қалаға оқуға түскенде, орта және жоғары білімді игеру үшін орыс тілін жетік меңгеруге мәжбүр болдық. Одан кейін, тіпті, көркем шығармаларды, замандастарым жайындағы түрлі естеліктерімді қазақ тілімен қатар орыс тілінде жазып, көсемсөзші деңгейі­не жеткенімді де айтқым келе­ді. Адам­ның, әсіресе, бала­лық шағында тіл игеру мүмкін­дігі аса зор, сондықтан, оны то­лығымен пайдалана білгеніміз жөн. Қазір біз кезінде ұмтылып, үйренген орыс тілі елімізде ұлтаралық қатынас тілі ғана болып қалып отыр. Өте терең және нәзік мәселе – жас өркен – балабақша мәселесі жайын қозғасақ, мысалы, менің келінім Дана жетекшілік ететін екі балабақшада тәрбие ісі әлемдік Монтесори әдістеме­сі негізінде, үштілді бағытта жүр­­­гізіледі, олардың аясында тәрбиеленетін бүлдіршіндер қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар үйренуде. Қазіргі ұш­қыр заманда балабақшаны тек ата-аналар жұмыста болғанда амалсыз қалдыратын, ұйықтатып-ойнатып, қоректендіретін мекеме ретінде ғана емес, балаларға тіл үйретуге, алдағы мектеп үшін зерделік танымның негізін қалыптастыру үшін оңтайлы құрал ретінде қарастыру қажет. Біздің қоғамда шет тілін үйренуге қатысты түрлі кереғар пікірлер де кездеседі. Бала тәр­­биесі отбасынан, демек, әр адамның ана тіліне деген құрметі, тіл мәдениеті, алдымен, отбасында қалыптасуы тиіс, сонда ол өзге тілді үйре­нумен қатар өзінің ана тілін құрметтей алатындығы анық. Менің немерелерім ұлым­ның ғылыми қызметіне байланысты Америкада туып-өсті, жоғары білім алып, жұмыс істеуде, бірақ, ағылшын тілі­мен қатар қазақ тілін жетік меңгерген, тіпті, мақал-мәтел­деп сөйлейді, ішінде Абайдың, Қадыр Мырза Әлі­нің өлеңдерін жатқа айтатыны да бар. Бұл дегеніміз – қазақтың жүрегі қайда жүрсе де қазақ болып қала­тындығын білдіретіндей. Осы кезеңге дейін еліміз­де орта білім жүйесінде тек Назарбаев зияткерлік мек­теп­терінде, қазақ-түрік ли­цейлерінде ағылшын тілінде сабақ беру енгізілген еді, осы мектептердің түлектері алдыңғы қатардан табылып жүргендігі де белгілі. Енді барша қоғамдастық өкілдері өздерінің ұмтылуына, тырысуына қарай осындай мүм­кіндікке ие болатындығы айқын. Әлемдегі басқа да елдер, мы­салы, Францияны алсақ (бұрынырақ ағылшын тілін мо­йын­дамай келген ел), қазір бұл елде де ағылшын тілінің дүние­жүзілік тіл екендігімен келісіп, оны мектеп қабырғасында кеңейте оқытуға көшуде. Сондай-ақ, мен жұмыс бабымен Моңғолияға жиі барып жүріп, бұрын көпшілігінде моңғол және орыс тілдерін білетін халықтың қазір ағыл­шын тілін жетік меңгеріп алғандығын көріп, таң қала­мын. Олар осылайша халық­аралық ғылыми қауымдастық кездесулерінде өздерін біздің елдің делегация мүшелеріне қарағанда еркін сезінеді, демек, әлемдік ғылымның жаңа­­лықтарын меңгеруге мүмкін­діктері де жоғары. Білім мен ғылым саласының дамуы, яғни еліміздің ілгері басып, өркендеуі үшін ана сүті­мен сіңген өз тілімізді біліп, құрметтеумен қатар, әлем­­дегі экономикасы озық 30 елдің қатарына ілігу жә­не көкжиегімізді кеңейту мақ­сатында ағылшын тілін дүниежүзілік қолданыстағы тіл ретінде үйренудің қазіргі таңда ауадай қажеттігін мойындаймыз. Қазіргі ғарыш жылдам­ды­ғымен зымыраған заманымызда ағылшын тілін үйренбесек, дүниежүзілік білім-ғылымның көп жаңалығынан кешеуілдеп қаламыз, себебі, екі жыл сайын ғылыми жетістіктер түбегейлі өзгеріп отырады, замана көшіне ілесу жеделдікті талап етеді. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім... Қолымды мез­гі­лінен кеш сермедім», деп Абай­дың өз дәуірінде айтқан көреген сөзін ескерумен, жаһан­­дану заманының талабына сәйкес болатын, жан-жақты, озық бі­лімді, болашағына сеніммен қарайтын өскелең ұрпақ тәр­биелеп, әлемдегі өрке­ниетті ел­дердің қатарынан табылуға ұмтылысымыз бола­шақта ізгі­лікке бастар жол болмақ. Төрегелді ШАРМАНОВ, академик. Алматы.