«Біз үштілді боламыз – бұл жәй ғана тілек емес, бүгінгі өмірдің талабы. Мемлекеттік тіл – біздің халқымыздың тілі, оны осында тұратын барша жұрт білуі шарт. Біз ағылшын тілін де білуіміз қажет, себебі, ол – ғылым, инновация тілі. Сондай-ақ, біз орыс тілін де білуіміз керек, оны біз меңгергенбіз, бұл тілде өзара түсінісе аламыз және бұл тіл – біздің үлкен көршіміздің тілі» – деп Елбасы 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған салтанатты мерекелік жиында «үш тұғырлы» тіл саясатына түсіндірме берген еді.
Жоғары оқу орындарында негізгі пәндерді ағылшын тілінде оқыту көлемін еселеп арттыру және мектептің жоғары сыныптарында жаратылыс тану пәндерін ағылшын тілінде оқытуға бағыт алу, кең жолақты Ғаламторға қосылатын мектептер санын ұлғайту, ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жаңа электрондық оқыту әдістемелерін енгізу, осы мақсатқа сай болуы үшін оқытушыларды кең көлемді дайындықтан өткізу – бүгінгі таңда Ұлт Жоспарын орындау барысындағы Білім және ғылым министрлігінің қолға алып отырған тың шаралары. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін еліміздің білім-ғылым саласын жедел оңалту қажеттігі туындап отыр.
«Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дегендей, қазіргі заманда оқшау тұрған аралдағыдай күн кешу мүмкін емес. Қазіргі жаһандану мен инновациялар заманында барша елге ортақ болып, дүниежүзілік тіл болып отырған – ағылшын тілі екендігін мойындауымыз қажет. Бүгіннен озық шығып қана ертеңгі күнге ілесуге болады. Сондықтан, ғылым тілі – ағылшын тілі болғандықтан, білім мен ғылымның әлемдік озық тәжірибесін игеру үшін біз ағылшын тілін жедел түрде үйрене білгеніміз жөн.
Меніңше, біз білім мен ғылым саласында кең қолданыстағы тіл жөнінде бұрыннан қалыптасқан үйреншікті әдетке сай орыс тілінің әлеуетті әсерінен арыла алмай келеміз. Ал, шынтуайтына келгенде, мысалы, медицина саласында жарияланған дүниежүзілік барлық ғылыми әдебиеттің 90 пайыздан астамы ағылшын тілінде жазылған, орыс тілінде болса, 2 пайыз ғана. Оның дәлелі – 2010 жылы Астанада өткен хирургтер мен нейрохирургтердің халықаралық конгресінде Чазов, Акчурин, Коновалов секілді Ресейдің ірі ғалымдарының өздері Ресей ғылымының Батыстан кейін қалып қойып отырғандығын мойындаған еді. Әрине, одан бері жағдай өзгеріп үлгерді, дегенмен, жаңа ғылыми әдебиеттің ағылшын тілінен орыс тіліне аудармасын күтумен алтын уақытты жоғалтуға болады.
Қазір тағам өнімдерінде болатын, организмде жинақталып, қатерлі ісіктің пайда болуына ықпал ететін аса қауіпті транс-май қышқылдарының тағам өнімдеріндегі мөлшерін заңнамалы түрде шектеу туралы шетелдік ғалымдар дабыл қағуда, ал Ресей бұл жөнінде үнсіз қалып отыр. Мен жақында «С» гепатитін емдеу жөніндегі ғылыми деректерді іздестіргенімде, тың жаңалықты тек ағылшын тілінде таптым. Әлемдік ғылымда пайда болған озық тәсілдер ағылшын тілінде бірден жария етілсе, орыс тілінде бір-екі жылдан кейін жарық көреді. Ғылыми әдебиеттің осындай кешеуілдеуі тіл кеңістігінің тарлығынан орын алады. Медицина, денсаулық сақтау саласы үшін мұндай кешігудің құны мыңдаған адам жанына араша бола алмауға апаратындығы айтпаса да түсінікті.
Медицина мен физиология саласындағы ғалымдарға Нобель сыйлығы тағайындалғаннан бері барлығы 191 адам иеленсе, оның 95-і – америкалықтар, 20-сы – ағылшындар, немістер мен жапондар, ал ресейліктерден екі-ақ адам, Павлов пен Мечников, олардың өзі Кеңес Одағына дейін иеленген.
Жоғары технологиялық, ғылымның соңғы жетістіктерін пайдаланумен шығарылатын өнімдер туралы айтсақ, олардың 46 пайызынан астамы АҚШ-та өндіріледі, 18 пайызы Жапония мен Батыс Еуропада, қалған әлемде небәрі 26 пайыз ғана. Ғылымда, өндірісте қолданылатын алдыңғы қатарлы түрлі құрал-жабдық, қондырғыларды басқару тетігі ағылшын тілінде. Мысал келтірсек, біздің Қазақ тағамтану академиясындағы зертханаларда ғылыми-зерттеу жұмыстарында қымыздың, жылқы етінің, басқа да өнімдердің химиялық құрамына (ақуыз, көмірсу, май секілді) тереңдетілген, күрделі зерттеулер жүргізу үшін қолданылатын хромотографтарды алсақ, ресейлік қондырғылардың дәлдік нәтижесі батыс елдерде шығарылатын түрімен салыстырғанда шамамен 10 еседей төмен болады екен. Озық технологиялар жетістіктеріне қол жеткізу, оларды меңгеру ағылшын тілін білуге мамандарымызды амалсыз талпындырады, себебі, биотехнология саласындағы тың анықтамалық жинақтардың көпшілігі ағылшын тілінде жарық көрген.
Мен республикамыздың медициналық білім саласында, яғни, 1968 жылы Ақтөбе медицина институтында ректор және кафедра меңгерушісі болуымнан бастап, кейіннен Астана медицина университетінің профессорлығын, бүгінде Қазақ ұлттық медицина университетінің бақылау кеңесінің төрағалығын атқарып, кафедраны да меңгеруіме сай, осы өткен 50 жылға жуық уақыт бойы студенттерге үздіксіз дәріс беруіме байланысты, оқу үдерісіне тікелей қатысатын, дәрігерлік мамандықтың сырына қанық, бүгіні мен болашағына қамқор ұстаз ретінде көпшілікке осы мәселе жайында дәйекті пікірімді жеткізгім келеді.
Еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарында, атап айтқанда, мысалы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Болон конвенциясы қолдау тапқан. Бұл конвенция әлемдік бірыңғай білім кеңістігін қамтамасыз етеді, яғни, ол бойынша конвенцияға мүше елде білім алған мамандар мүшелік ететін басқа елдерде ағылшын тілін білуі арқылы еңбек ете алады, басқаша айтқанда, еліміз үшін «Еуропаға терезе» ашылуда. Қазіргі таңда «ғылымда шекара болмайды» деген тұжырым аса өзекті.
Осы жобаның аясында жыл сайын ұлттық медицина университетінің 200 студенті қазіргі таңда шетелдік жоғары оқу орындарында оқу тәжірибесінен өтеді. Оқытушылар да әлемдегі үздік оқу орындарында өздерінің білім деңгейін ұштап, тәжірибе алмасуға қатыса алады. Бұл үрдіс Семей, Ақтөбе, Астана медицина университеттерінде орын алған. Осындай қызу тәжірибе, білім алмасу барысындағы қарым-қатынаста ағылшын тілін білу күнделікті қажеттілікке айналған, себебі, оған барша әлемдік білім және ғылым жүйесі бағдарланған. Күнделікті жұмыс барысында латын әліппесін жаппай қолданатын медицина мамандары үшін ағылшын тілін үйрену аса оңтайлы.
Қазіргі медициналық білім мен ғылымда электрондық оқу әдістемесі, ақпараттық технологиялар кең қолданыс табуда, электрондық оқу әдістемесі енгізілуінің арқасында жемқорлыққа тосқауыл қойылғандығын атау қажет. Осы арқылы, бірнеше мақсатқа: білім сапасын көтеруге, тіл білу деңгейін жақсартуға, жалпы зерделік танымның дәрежесін арттыруға жағдай жасалады.
Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігінің қолға алып отырған шараларының мақсаты – ағылшын тілін өрістетумен қатар, мысалы, орыс тілді мектептерде қазіргі уақытта сын көтермей отырған қазақ тілін оқыту сапасын жақсарту екендігін де айту маңызды, яғни, үш тұғырлы тіл саясатының мақсаты – осы үш тілді бірдей білу деңгейіне жету.
Мысалы, Назарбаев Университетте оқитын өзге ұлт жастары орыс, ағылшын тілдерімен қатар қазақ тілін жақсы біледі, демек, үш тілділік қазақ тілінің де мәртебесін іс жүзінде арттыратындығы айқын.
Мен өзіме қатысты айтсам, ағылшын тілін алпыстан асқан жасымда өз бетімше үйрендім. Жұмыс бабына сай үйренуіме тура келді. Себебі, өзім негізін салып, 40 жылдан астам уақыт бойы жетекшілік етіп келе жатқан Қазақ тағамтану академиясы сонау 1979 жылдың өзінде әлемде алғашқы болып Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДҰ) ынтымақтастық аясында еңбек ететін орталық атанды, ал 1997 жылы Біріккен ұлттар Ұйымы университетімен ынтымақтастық орталығы болдық. Аталған ұйымдармен бірге көптеген халық үшін әлеуметтік маңызды медициналық-демографиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқардық. Осылайша, түрлі іссапарлар барысында, келген делегациялармен тілдесу қажет болғандықтан, мен ағылшын тілін бір адамдай меңгеруге мұқтаж болдым. Мысалы, 2005 жылы ДДҰ Ассамблеясының мінбесінен, барша әлемдік медициналық қауымдастықтың алдында ағылшын тілінде сөз сөйледім. Түрлі алқалы жиындарды ағылшын тілінде басқарып, шетелдік әріптестермен еркін сөйлесе аламын. 85 жасты алқымдаған менің шет тілін меңгеріп алғандығымды көрген жастардың да тіл үйренуге, білім-ғылымға деген құлшынысы зор болуы тиіс деген ойдамын.
Біз балалық шағымызда орыс тілін білмей өстік, бірақ, кейін өмір талабы болғандықтан, алдымен мектепте, кейіннен қалаға оқуға түскенде, орта және жоғары білімді игеру үшін орыс тілін жетік меңгеруге мәжбүр болдық. Одан кейін, тіпті, көркем шығармаларды, замандастарым жайындағы түрлі естеліктерімді қазақ тілімен қатар орыс тілінде жазып, көсемсөзші деңгейіне жеткенімді де айтқым келеді. Адамның, әсіресе, балалық шағында тіл игеру мүмкіндігі аса зор, сондықтан, оны толығымен пайдалана білгеніміз жөн. Қазір біз кезінде ұмтылып, үйренген орыс тілі елімізде ұлтаралық қатынас тілі ғана болып қалып отыр.
Өте терең және нәзік мәселе – жас өркен – балабақша мәселесі жайын қозғасақ, мысалы, менің келінім Дана жетекшілік ететін екі балабақшада тәрбие ісі әлемдік Монтесори әдістемесі негізінде, үштілді бағытта жүргізіледі, олардың аясында тәрбиеленетін бүлдіршіндер қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар үйренуде. Қазіргі ұшқыр заманда балабақшаны тек ата-аналар жұмыста болғанда амалсыз қалдыратын, ұйықтатып-ойнатып, қоректендіретін мекеме ретінде ғана емес, балаларға тіл үйретуге, алдағы мектеп үшін зерделік танымның негізін қалыптастыру үшін оңтайлы құрал ретінде қарастыру қажет.
Біздің қоғамда шет тілін үйренуге қатысты түрлі кереғар пікірлер де кездеседі. Бала тәрбиесі отбасынан, демек, әр адамның ана тіліне деген құрметі, тіл мәдениеті, алдымен, отбасында қалыптасуы тиіс, сонда ол өзге тілді үйренумен қатар өзінің ана тілін құрметтей алатындығы анық.
Менің немерелерім ұлымның ғылыми қызметіне байланысты Америкада туып-өсті, жоғары білім алып, жұмыс істеуде, бірақ, ағылшын тілімен қатар қазақ тілін жетік меңгерген, тіпті, мақал-мәтелдеп сөйлейді, ішінде Абайдың, Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін жатқа айтатыны да бар. Бұл дегеніміз – қазақтың жүрегі қайда жүрсе де қазақ болып қалатындығын білдіретіндей.
Осы кезеңге дейін елімізде орта білім жүйесінде тек Назарбаев зияткерлік мектептерінде, қазақ-түрік лицейлерінде ағылшын тілінде сабақ беру енгізілген еді, осы мектептердің түлектері алдыңғы қатардан табылып жүргендігі де белгілі. Енді барша қоғамдастық өкілдері өздерінің ұмтылуына, тырысуына қарай осындай мүмкіндікке ие болатындығы айқын.
Әлемдегі басқа да елдер, мысалы, Францияны алсақ (бұрынырақ ағылшын тілін мойындамай келген ел), қазір бұл елде де ағылшын тілінің дүниежүзілік тіл екендігімен келісіп, оны мектеп қабырғасында кеңейте оқытуға көшуде.
Сондай-ақ, мен жұмыс бабымен Моңғолияға жиі барып жүріп, бұрын көпшілігінде моңғол және орыс тілдерін білетін халықтың қазір ағылшын тілін жетік меңгеріп алғандығын көріп, таң қаламын. Олар осылайша халықаралық ғылыми қауымдастық кездесулерінде өздерін біздің елдің делегация мүшелеріне қарағанда еркін сезінеді, демек, әлемдік ғылымның жаңалықтарын меңгеруге мүмкіндіктері де жоғары.
Білім мен ғылым саласының дамуы, яғни еліміздің ілгері басып, өркендеуі үшін ана сүтімен сіңген өз тілімізді біліп, құрметтеумен қатар, әлемдегі экономикасы озық 30 елдің қатарына ілігу және көкжиегімізді кеңейту мақсатында ағылшын тілін дүниежүзілік қолданыстағы тіл ретінде үйренудің қазіргі таңда ауадай қажеттігін мойындаймыз.
Қазіргі ғарыш жылдамдығымен зымыраған заманымызда ағылшын тілін үйренбесек, дүниежүзілік білім-ғылымның көп жаңалығынан кешеуілдеп қаламыз, себебі, екі жыл сайын ғылыми жетістіктер түбегейлі өзгеріп отырады, замана көшіне ілесу жеделдікті талап етеді.
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім... Қолымды мезгілінен кеш сермедім», деп Абайдың өз дәуірінде айтқан көреген сөзін ескерумен, жаһандану заманының талабына сәйкес болатын, жан-жақты, озық білімді, болашағына сеніммен қарайтын өскелең ұрпақ тәрбиелеп, әлемдегі өркениетті елдердің қатарынан табылуға ұмтылысымыз болашақта ізгілікке бастар жол болмақ.
Төрегелді ШАРМАНОВ, академик.
Алматы.