16 Наурыз, 2016

«Ұлы Жібек Жолы» бойындағы керуен-пойыз

417 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
2354_oko_2Өткен жексенбіде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып жолға шыққан «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы таңертеңгілік Түркістан қаласына аялдады. Түркістан қаласының теміржол вокзалында өткен митингіде Оң­түстік Қазақстан облысы әкі­мі­нің орынбасары Ұ.Сәдібеков пен «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының штаб бастығы, профессор Ә.Әлпейісов сөз сөйледі. Құрамында 100-ге тарта әртүрлі сала мамандары бар қонақтар артынша іске кірісіп кетті. Қоғамдық келісім кеңесінің қоғамдық қабылдауы Мәдени-тарихи этнографиялық орталық ғи­маратында, әлеуметтік мәсе­лелер бойынша кеңестер беру, жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімінің ғима­ра­тында, техникалық түгендеу, жылжымайтын мүлік құқығын, азаматтық жағдайды, заңды тұл­ғаларды тіркеу, қорғаушы және но­тариат бо­йынша кеңестер беру әділет басқармасының кеңсесінде өтті. Ал мемлекеттік қызмет көр­сету мәселелері бойынша кеңестер беру қалалық халыққа қызмет көрсету орталығында, медицина мәселелері бойынша кеңестер беру қалалық емханада, бизнес және кәсіпкерлік мәселелері бойынша кеңестер беру кәсіпкерлік мектебінде жүзеге асты. Қалалық емханада әу баста 200-ге жуық науқас қаралады деп күтіліп еді, шынтуайтына келгенде 300-дің үстіне шығып кетті. «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы құрамында келген дәрігерлердің ішінде шетелдік озық оқу орындарынан дәріс алып, алдыңғы қатарлы емханаларда өндірістік тәжірибеден өткен білікті мамандар бар. Бойын дерт жайлап, шыбын жанын қоярға жер таппай жүрген науқастардың үмітін осыдан ұғуға болады. Қалалық емхананың екінші қабатында білікті дәрігерлерден кеңес алған науқастар оларға «Алланың нұры жаусын», деп жатты. Қазақстан экономикасы өрлеуінің бірден-бір факторы – шағын және орта кәсіп. Елбасы осы салаға үлкен басымдық беріп, мемлекет тарапынан барынша көмектесуді Үкіметке тапсырып жүр. Кәсіпкерлер үйінде өткен жүздесуде субсидия, жеңіл несие алу жайы көп айтылды. Мәселен, «Молдабекова» ЖК-нің өкілі Ақжан Бегділдаев консерв зауытын ашуға екі жылдан бері несие ала алмай жүргенін айтады. Құжаттарында мін жоқ. Алайда, «АТФ» банк кепілге қоятын мүлікті азсынады. Оның үстіне, фирманың зауыт қондырғыларын орналастыратын ғимараты жалға алынған. Яғни, жер де өзгенікі. Қосымша «Сыбаға» бағ­дарламасымен жұмыс жасап, 60 ірі қара, 2 асыл тұқымды бұ­қа бағып отырған кәсіпкер шағын зауыт үшін нысан салар болса, ақшасының қондырғы алу­ға жетпейтіндігін айтады. «Бы­лай жүрсең арба сынады, былай жүрсең өгіз өледінің» кері. Түр­кістанды айналып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» авто­магистралінің жанынан құны 1,5 млрд. теңгеге бес қабаттық ойын-сауық орталығын көтеріп жатқан кәсіпорынның өкілі Құ­рал Қоңырбаев та құрылысты аяқ­тауға жетпей жатқан 500 млн. теңгені ешбір банктен ала алмай, табанынан тозып жүргенін жеткізді. Астанадағы ЭКСПО-ға 3 мил­­лионның үстінде турист келеді деп күтілуде. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ЮНЕСКО бағ­­дарламасына кірген кешен. Яғни, қазақ халқымен жақын танысқысы келетін туристердің шамамен 300 мыңы Түркістанға келетіні анық. Бес қабат орта­лықтың қызметіндей нысан киелі қалада жоқтығын ескерсек, оны тезірек іске қосу керек. Жиынға қатысқан кәсіпкерлік орталығының басшылары да кө­мектесуге тырысқанымен, қол­дары қысқалық етіп тұр. Түркістандағы индустриялық аймақтан күйдірілген кірпіш зауытын салған кәсіп­орын өкілі Зафар Қаламов кірпішке керекті топырақтың тек ескі Сауран қала­сы аумағында бар екендігін айтады. Сауран – қазақтың ежел­гі қаласы, қалың тарихы. Кірпішке керекті карьер тарихи ескерткішті қорғау аумағына кіре ме?! Кәсіпкерлік орталығы мен кәсіпкердің өзі Мәдениет және спорт министрлігіне үшбу хат жазғанымен, бір айдан бері жауап ала алмай жүр екен. Зауыт жұмысы тоқтаған. Кім кө­мектеседі?! «Мәңгілік Ел» пойызы құ­рамында келген сала басшылары бұл проблемаларды хат түрінде жаздырып алып, Пре­зидент Әкімшілігінің құзырына тапсыратындықтарын айтты. Дүйсенбі күні «Мәңгілік Ел» пойы­зы Шымкент қаласына келіп жетті. Олар­­ды қала әкімі Ғ.Әбдірақымов күтіп алып, ел атынан ақ тілек айтты. По­йыз мүшелері қала тұрғындарына меди­циналық, әлеуметтік мәселелер мен мем­лекеттік қызмет көрсету, кәсіпкерлік кеңестер беріп, елдің ықыласына бөлен­ді. Кешқұрым «Түркістан» сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғына арналған концерт болды. Оңтүстіктегі екі күндік сапарын қорытындылаған «Мәңгілік Ел» әлеу­мет­тік пойызының штаб бастығы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің профессоры Әміржан Әлпейісов: – Кеше түркі әлемінің рухани астанасы, Мағжан ақын айт­қандай, екі дүниенің есігі Түркістан шаһарында болдық. Бүгін қалың қазақтың құйқалы өңірі, асқар асуы, алтын бесігі Шымкент шаһарына жеттік. Киіз туырлықты қазақты өз алдына ел қылған, әулие-әмбие, хан, батыр, би-бағландарымыздың денінің асыл сүйегі Оңтүстік жерінде мәңгі дамылдап жатыр. Біз ел аралап думандатып жүрген жоқпыз, сонау ата-баба армандаған халықтың бір­текті «Мәңгілік Елге» қалай айналып жат­қан­дығын көрсеткелі, көз жеткізгелі келдік. Өңірдегі кейбір мәселелердің оңтайлы шешілуіне жәрдемдесіп жүрміз. Осынау іске қолдау көрсетіп, жұмысты ойдағыдай ұйымдастырғаны үшін облыс әкімі Бейбіт Атам­құловқа, Түркістан және Шым­кент қалаларының әкімдері Әліп­бек Өсербаев пен Ғабидулла Әбдірақымовқа штаб атынан шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді. Ұлы Жібек жолы бойында үлкен мақ­сатпен жүрген керуен-пойыз мүше­леріне жұрт та ризашылығын білдірді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.