бұқаралық ақпарат құралдарында қалай көрініс табуда?
Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев сайлау науқанының барысын және саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітін жария ету жөніндегі БАҚ материалдарына мониторингтің алдын ала қорытындылары туралы айтып берді.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 2-тармағына сәйкес, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға сайлау алдындағы үгітті жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына тең жағдайда қол жеткізуге кепілдік беріледі. Сонымен қатар, БАҚ саяси партиялардың сайлау науқанын әділ жария етуді жүзеге асыруға міндетті. Аталған нормалардың іске асырылуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Ортсайлауком Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетімен бірлесіп бұқаралық ақпарат құралдарының ағымдағы сайлау науқанына қатысты материалдарына мониторингті жүзеге асыруда.
«Мониторинг 48 республикалық газетті, 15 журналды, 16 республикалық телеарнаны, 12 радиоарнаны, 174 өңірлік газетті, 31 өңірлік телеарнаны және 162 неғұрлым танымал қоғамдық-саяси интернет-ресурсты қамтиды, – деді М.Сәрсембаев осы жөнінде. – 2016 жылғы 20 қаңтардан бастап 19 ақпанға дейінгі кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарында жалпы сайлау тақырыбы бойынша, сондай-ақ, партиялар мен партиялық тізімдерден кандидаттардың сайлау тұрғысындағы қызметіне қатысты 13 898 материал жарияланды. Олардың ішінде республикалық телеарналардың эфирінде 3 757 сюжет, республикалық мерзімді басылымдарда – 1 154 жарияланым, өңірлік БАҚ-тарда – 3 924 материал, интернет-ресурстарда – 5 063 материал, әлеуметтік медиаларда – 1 441 мағыналы жазба бар. Сайлауға қатысушы саяси партиялардың үгіт науқаны басталған кезеңнен, яғни 20 ақпаннан бастап 14 наурызға дейін БАҚ-тарда сайлау тақырыбы бойынша 8 769 материал, олардың ішінде 7 060 материал республикалық және 2 709 материал өңірлік БАҚ-тарда жарияланды».
Бұдан соң ОСК мүшесі партиялардың қанша ақпараттық материалдары жарық көргеніне тоқталды. Оның атап өткеніндей, мониторинг деректеріне сәйкес, үгіт науқаны басталғаннан БАҚ-тарда 1 432 ақпараттық материал «Нұр Отан» партиясының қызметі туралы, 1 156 материал ҚКХП-ның, 1 261 материал «Ақ жол» ҚДП-ның, 1 114 материал «Бірлік» СП-ның, 1 144 материал ЖСДП-ның, 1 133 материал «Ауыл» ХДПП-ның қызметі жөнінде жарияланған. «Сайлауға қатысушы саяси партиялардың қызметі туралы ақпараттық материалдардың көлеміне қатысты айтар болсақ, «Нұр Отан» партиясының қызметі туралы материалдар республикалық баспа басылымдарындағы сайлауға қатысушы саяси партиялардың қызметі туралы материалдардың жалпы аумағының 20%-ын алады, – деді М.Сәрсембаев. – ҚКХП-ның қызметі туралы материалдар – 19%, «Ақ жол» ҚДП туралы – 15%, «Бірлік» СП туралы – 14 %, ЖСДП туралы – 18%, «Ауыл» ХДПП туралы 14 пайызды құрайды».
Осындай көрініс республикалық теледидар арналарының эфир уақытының мөлшерін бөлуге қатысты да байқалады. ОСК мүшесінің айтуынша, «Нұр Отан» партиясының қызметі жөніндегі материалдар сайлауға қатысушы саяси партиялардың қызметіне қатысты сюжеттердің жалпы уақытының 16%-ын алады. ҚКХП туралы материалдар – 17%, «Ақ жол» ҚДП жөнінде – 17%, «Бірлік» СП туралы – 17%, ЖСДП туралы – 16% және «Ауыл» ХДПП-ның қызметі туралы 17%-ды алады. Ал радиода «Нұр Отан» партиясының қызметі туралы ақпараттық сюжеттердің үлесі 23%-ды, ҚКХП – 16%, «Ақ жол» ҚДП – 15%, «Бірлік» СП – 16%, ЖСДП – 14%, «Ауыл» ХДПП-ның қызметі туралы материалдар 16%-ды құрайды.
Салыстырмалы осындай деректерді республикалық интернет-ресурстар материалдарының мөлшерін талдау да көрсетіп отыр. «Үгіт науқаны басталғаннан бері неғұрлым танымал интернет-ресурстардағы «Нұр Отан» партиясы туралы материалдардың үлесі 20%-ды, ҚКХП – 17%, «Ақ жол» ҚДП – 15%, «Бірлік» СП – 15%, ЖСДП – 18% және «Ауыл» ХДПП 15%-ды құрады, – деді М.Сәрсембаев әрі қарай. – Саяси партиялардың сайлауалды қызметін жария ету жөніндегі ақпараттық жұмыстан басқа, 2016 жылғы 20 ақпаннан БАҚ-тарда олардың сайлау қорларынан төленетін үгіт материалдары да орналастырылды. Атап айтқанда, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде 2016 жылғы 20 ақпаннан сайлауға қатысушы барлық саяси партиялардың сайлауалды бағдарламалары жарияланды».
ОСК мүшесі нақтылап бергендей, ақысы сайлау қорлары қаражатынан төленген үгіт материалдарының саны мен көлемі партиялардың ұйымдастырушылық және қаржылық ресурстарына байланысты. Ақысы сайлау қорының қаражатынан төленген үгіт материалдарын бұқаралық ақпарат құралдарында «Нұр Отан» партиясының сайлау штабы неғұрлым белсенді орналастыруда. Үгіт науқаны басталғаннан бері бұл партияның осындай 1 552 үгіт материалы жарияланды және эфирге шықты. Сондай-ақ, ҚКХП-ның – 303 материалы, «Ақ жолдың» – 398 материалы, «Бірліктің» – 187 материалы, ЖСДП-ның – 99 материалы, «Ауылдың» 295 материалы жарық көрген.
«Мониторингтің осы нәтижелері қазақстандық БАҚ-тарда сайлауға қатысушы партиялардың қызметін тең жағдайларда және салыстырмалы көлемде жария етілуде екенін көрсетеді, – деді М.Сәрсембаев сөзін қорытындылай келіп. – Партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына еркін және тең қол жеткізуі қамтамасыз етілуде. Сайлау науқанын БАҚ-тарда белсенді және шынайы жария ету сайлаушыларға сайлауға қатысушы саяси партиялардың бағдарламалары, мақсаттары және іс-шаралары туралы толық және сенімді ақпарат алу мүмкіндігін береді».
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».