Алматыда Бапановтардың «Аспан» атты көрмесі ашылды
Осыдан он жыл бұрын талантты суретшілер әрі әйгілі қолөнер шеберлері Әлібай мен Сәуле Бапановтардың «...Киелі таңбалар өрнегі» деп аталатын ерекше көрмесіне тап келіп, кәдімгі қойдың жүнінен жасалынған киімдерді, тұскиіздер мен түрлі бұйымдарды көріп, әбден тәнті болғанымыз бар еді. Ине-жіпсіз жасалынған қолөнер туындылары – баяғы хас ұсталардың бір тал шегесіз қиюластырған ғажайып ғимаратындай әсер еткен. Қазақтың кәдімгі киізі – қолдан иленіп, білектенген қолөнер бұйымдары заманауи келбетке көшіп, Мұқағали ақынның «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» дейтін шумақтарын еске түсіргені де есте.
Содан бері де тұтас бір тұлғаға айналған ерлі-зайыпты таланттардың тірлігіне сырттай тілеулес болып, елдегі және шет мемлекеттердегі көрмелерден Бапановтардың қолтаңбасын көргенде іштей ризашылыққа бөленетін едік. Жұмсақ та көнбіс табиғи материалға тіл бітіріп, қазақтың қара киізінің қасиетін танып, қолөнер әлеміне өз бет-бейнелерімен келген Бапановтардың туындылары кез келген көрмеде ерекше көз тартатынын байқайсың. Уақыттың иірімдерінде қалып қоймай, осы заманға сан алуан бояуларымен, бөлек талғаммен көшкен қой жүнінен де осыншама көркем бұйымдар жасауға болатынын көріп, тамсана түсесің. Қолөнер туындыларының да тағдыры болады деп есептейтін болсақ, Әлібай мен Сәуле Бапановтардың қолынан шыққан дүниелерді кәдеге асыруға – киіп жүруге, тәбәріктеп, ең заманауи кеңселердің төріне іліп қоюға болады. Мұны да көзбен көріп жүрген соң айтасың.
Ал енді бұл жолы Бапановтар Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде ашылған «Аспан» атты көрмесімен келушілердің риясыз қошеметіне бөленуде.
Аталмыш көрмеде суретшілер өздерінің жаңа өнер туындыларымен, заманауи шығармашылық ізденістерімен ерекшеленген. Бапановтар әулетінің «Аспан» атты көрмесінің ерекшелігі – ойнақы ашық түсте. Көркем орындалған кескіндемелер адам бойына шаттық сыйлап, күш-қуат берсе, шытырмандығы адамды терең ой иірімдеріне жетелейді.
Адамның ішкі рухынан туындаған өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, сол халықпен мәңгі жасайтыны аян. Бапановтар осы өнерді сабақтастырушы әрі оны дәріптеуші. Қазақ өнерінің өркендеп дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосып келе жатқан Әлібай мен Сәуле туған жердің топырағынан нәр алып, ана сүтімен дарыған киелі өнер арқылы қазақ болмысын әлемге паш етіп келеді. Ал, олардың ұлы Ағын бүгінгі күні әкесі мен анасының өнердегі ізін басып, оған жаңаша заманауи серпін берген жас өрен, бүгінде өнердің дамуына өзінше үлес қосуда. Әлібай Бапановтың шығармалары қазақтың ұлттық ертегісіндей, адамның ой-өрісін қиял қанатына мінгізіп, әлемді шарлататындай терең мазмұндылығымен айшықталады. Ертегі де мифке ұқсас, оның шыққан кезеңі мен пайда болған уақыты белгісіз болғанымен, онда ұлттық нақыш басым. Шығармада өмір мен адам тіршілігі қатар дамығанымен, онда өмір қайталанбайды, дегенмен бейнелер өмірден алынады. Жалпы, Әлібай Бапановтың кескіндемелері мен гобелендерінің шығармашылық идеясы, көркемдік тілі дәстүрлі және заманауи өнердің синтезінде құрылған. Өнердің қайнар көзі ұлттық өзектен нәр алады. Сәуле Бапанова ғаламдағы бүкіл дүниені көркем қиялы арқылы біртұтас етіп асқан шеберлікпен құрастыра біле алатындығымен ерекшеленеді. Суретшінің жүнді ерекше технологияда және түрлі материалдармен кіріктіріп басылған құрақтары ерекше.
Бапановтар шығармалары танымал бола тұра, сол сүрлеуде қалып қоймай, әр жолы жаңа толғаныстармен, бейнелер легімен, қиялдың шарықтауымен, ассоцияциялық тереңдікпен өзіне тарта береді, тарта береді. Сырт көзбен қарағанда, талай жылдардан бері тек тоқыма жіппен, жүнмен жұмыс істейтін жандардың қиялдары шегіне жеткен болар деп ойлауың мұң екен, хас шеберлер күтпеген шешімдермен тағы да жарқ ете қалады. Жалықтырмайды, бір тылсымға тарта түседі.
Бапановтар көне де қарапайым кәсіпке шығармашылық шабыт қосады да, таланттарға тән тосын ойлары алдымен қағазға ғажайып, әсем бояулармен қайталанбайтын кескін болып түсіп, сосын киізге көшіреді.
Киіздің бүгінде этнографиялық мәдени дәуірден әлемдік өнер кеңістігінің құндылығына ауысуында Бапановтардың да қосқан батпандай үлесі бар екендігін мойындау қажет.
Олар гобелен саласында да өздерін еркін сезінеді. Өйткені, жеке тоқылған таспалардан тігіліп, құралған қазақтың алашасына оның «туыстығы» жақын. Аса бір төзімділік пен табандылықты тәңірдің берген ерекше қабілетімен қоса өруді талап ететін тоқымашылық өнерінің де өз тылсымы бар екенін білу үшін Бапановтардың шеберханасына саяхат жасау керек. Күнделікті тіршіліктің күйбеңінен арылған саусақтар айлар бойы ерекше ептілікпен, жіптерді уысынан шығармай, ақыл-ойдың дегеніне бағындырады. Қарапайым тоқымашы мен суреткер хас таланттардың айырмашылығы да осында!
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суреттерді түсірген
Юрий БЕККЕР.