18 Наурыз, 2016

Мұнай-газ өндірісінің өрісі кеңейе бермек

341 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Сауат МыңбаевКеше Орталық коммуникациялар қызметінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол компанияның өткен жылы атқарған жұмыстары және ағымдағы жылға жасаған жоспарлары туралы таратып айтты. Төрағаның сөзіне қарағанда, былтырғы жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өндіру көлемін тек 1 пайызға ғана арттырыпты. «Өткен жылдың қорытындысы бойынша айтатын болсам, ұлт­тық компания бір жыл бұрын­ғымен салыстырғанда өндіру көлемін 1 пайызға ұлғайтты. Мұнымен бірге, өндіру жоспары да ойдағыдай орындалды. Рес­пуб­лика бойынша өндіруде кей­бір төмендеулер орын алғанын бар­шаңыз жақсы біле­сіздер. Соған қарамай, тығырықтан жол таба білген «ҚазМұнайГазда» мұндай жағымсыз жағдай орын алған жоқ. Яғни, өндіруде біз­де біршама өсім бар», деді С.Мыңбаев. Бұған қоса, ол ұлттық ком­пания үшін қаржылық көр­сет­кіштер бойынша да өткен жыл жақсы болғанын айтып өтті. Осы орайда компания мәлі­меттеріне назар салсақ, 2015 жылы «ҚазМұнайГаз» ком­паниялар тобында мұнай мен газ конденсатының шоғыр­лан­дырылған өндіру көлемі 22 млн. 670 мың тоннаны құрапты. Ал табиғи және ілеспе газды өндіру 7 255 млн. текше метрге жеткен. Мұнымен бірге, өткен жылы Қазақстанда мұнайды қай­та өңдеу көлемі 16 млн. 295 мың тон­­наға жетіпті. Биыл­ғы жыл­дың 1 қаң­тарын­дағы жағ­­дайы бойынша елі­міздің мұ­най өнімдерінің бөлшек нары­ғында «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық компаниясының үлесі 16 па­­йыз­­ды қамтыған. Бұйыртса, 2018 жылға қарай компания на­рық­тағы үлесін 20 пайыздан кем емес деңгейге дейін өсіруге, ал 2022 жылға қарай 32 пайызға де­йін арттыруды көздеп отыр екен. «2015 жылы мұнайды қайта өң­деу көлемi 16 295 мың тонна­ны құрады. Қазақстанның мұ­най өнiмдерiнiң бөлшек сауда нарығындағы біздің үлесiміз 2016 жылдың 1 қаңтарындағы мә­лi­­метке сәйкес 16 пайызды құ­рап отыр. Енді 2018 жылға қа­рай на­рық үлесiн 20 пайызға дейiн, ал 2022 жылға қарай 32 пайызға ұл­­ғай­ту жоспарымызда бар», дедi ол. Ұлттық компания басқар­­­ма төрағасының келтірген мәлімет­теріне сүйенсек, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ком­па­ния­­лар тобының тауарлар, жұмыстар мен қыз­меттердi сатып алу­дағы жер­гiлiктi үлестегi көр­сет­кiшi есеп­тi кезеңде 1 трлн. 260 млрд. тең­геге жетіпті. «Па­­йыз­­бен есеп­тегенде, бұл 76 па­­йы­з­­ды құрай­ды. Осы жыл­дың 1 қаң­тарын­дағы мәлiметке жү­гінсек, жалпы сомасы 1 трлн. 174 млрд. тең­генi құрайтын тауарлар, жұ­мыс­тар мен қызметтердiң отан­дық өндiрушiлерiмен 1 677 ұзақ мерзiмдi келiсiмшарт жасал­ға­нын және олардың жұмыс істеп жатқанын көруге болады», дедi компания басшысы. Баспасөз мәслихатының екін­ші бөлімінде журналистердің сұ­рақтарына жауап берген спи­кер Қашаған кен орнындағы жұ­мыстар бекітілген кестеге сай жүр­гізіліп жатқанын айтты. «Қа­шаған бойынша жұмыстар кес­теге сәйкес жүріп жатыр. Атап айтқанда, құбырларды дәне­кер­леу жұмыстары бо­йынша кейбір қиындықтар болды. Бұрынғыша осы үлкен жобаны іске қосу биыл­ғы қа­зан­ға белгіленіп отыр», де­ген ол, алайда коммерция­­лық өн­діру деңгейіне жоба қай мез­гіл­де шығатынын нақты айт­па­ды. «Коммерциялық өнді­руге жету өлшемі тәулігіне 75 мың баррельді қамтиды. Кез келген жаңа өндіріс қандай қарқынмен өндіруді еңсеретіндігі оңай жұмыс емес. Осы орайда, Қаша­ған қараша-желтоқсан кезеңінде қандай үлесін қосатындығын айту қиындау. Десем де, жос­пар­лаған өндіру көлемін біз ес­кере отырып, үнемі назарда ұстаймыз», деді С.Мыңбаев. Есте болса, осыдан біржарым жылдай бұрын, Атырауда «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясы Қашаған теңіз кені­шінде құбырларды ауыс­тыру жобасын әзірлеу ту­ралы хабар­лап, соның себе­бінен мұнай өн­діру тоқта­тылған болатын. Жоба теңіз кенішінің «D» аралы­нан өндірілген өнімдерді «Болашақ» мұнай және газ кешенін әзірлеу қондырғысына тасымалдауға арналған күкірт­ті мұнай құбыры мен күкіртті газ құбырын ауыс­тыру жұмыс­тарын қамтиды. 2013 жылы күзде басталған Қашаған кенішінен мұнай өндіру теңізден құрлыққа тартылған 93 шақырымдық құбырдың жарылуы салдарынан тоқтатылған бо­латын. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, «Болашақ» зауытынан «D» аралына дейінгі құбырларды ауыстыру жұмыстары 2016 жыл­­­дың екінші жартысында аяқ­­талуы тиіс. Осы жөнінде әңгіме­леген ұлттық компания басшысы Қашаған кенішіндегі әрбір жұ­мыс кестеге сай жүргізіліп жат­­қанын кесіп айтты. Қазіргі таңда тұрақты еш­теңе болмай тұр. Мәселен, ал­дағы уақытта Ресейде мұнай өнім­­дерінің бағасы өсетін бол­са, Қазақстанда да бензиннің бөл­шек саудадағы бағасы жо­ға­рылауы әбден ықтимал. «Егер де Ресейдің нарығындағы үр­ді­ске тоқталатын болсақ, он­да акциздік алым артқанын бі­ле­сіздер. Ресейде акциздік алым­ның артуы бөлшек баға дең­гейінің өсуіне алып келетіні түсі­нікті. Бұл ретте ол бөлшек баға­ға әсер етіп, біздің елімізде баға­ның біршама өсуіне ықпал етуі мүмкін», деді компания басшысы. Сондай-ақ, ол Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресеймен сауда-саттық тұрғы­сын­да шекаралар ашық екенін есімізге салып өтті. Оған қоса, бензин Қазақстан аумағына жеткізілген кезде жанама салық­тар шегерілетініне де тоқ­талды. «Сондықтан да жанама ықпалы болуы мүмкін екенін айтамын. Дегенмен де оның айтарлықтай әсерін байқап отырған жоқпыз. Естеріңізге салайын, Ресейдің нарығы шамамен Қазақстаннан 10 есеге үлкен. Бұл ретте еркін сауда аясында баға деңгейі сөзсіз әсер ететіні түсінікті», деп қайырды С.Мыңбаев. Шара барысында «ҚазМұнай­Газ» ҰК» АҚ басқар­ма төр­ағасы биылғы жылы ком­­па­нияның мұнай өндіру көле­мін төмендетпейтінін айтты. Сондай-ақ, республика деңгейін­де жұмыс істеп жатқан кейбір компанияларда биылғы жылы өндіру көлемінің әрі қарай тө­мен­деуі мүмкін еке­ніне тоқтал­ды. «Ал осы тұрғы­да «ҚазМұнайГаз» АҚ бойынша мұн­­дай тө­мен­деу болмайды деп үміт­те­не­­міз. Бұл ретте біршама өсім де болуы ықтимал», де­ген ол, қазіргі күнде мұнай ба­ға­сы­­­­ның төмен жағдайында ша­ғын компаниялардың ахуалы қиындау болып тұрғанына да назар аудартты. Оның сөзіне иланар болсақ, республика бойынша өндіру көлемінің қысқаруы шағын мұнай өндіру компаниялары және «Қарашығанақ петролеум оперейтинг» есебінен болған. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».