«Түрім өзге, жаным, жүрегім қазақ»
– дейді Отан үшін отқа түсер азаматтарымыз, тәуелсіз Қазақ елінің қатардағы жауынгерлері
Ұлы Дала елі бүгінде көп ұлтты мемлекет. Бұл – біздің маңдайымызға жазған тағдыр сыйы. Айналадағы талай жұртқа көз салсақ, көп этносты елдің аз емесін байқауға болар. Бірақ, ортақ Отанның астына 130-дан астам ұлт өкілінің жиналып, тату-тәтті өмір сүруі ерекше құбылыс болса керек. Қазақстан, міне, ұлтаралық түсіністік пен дінаралық келісім салтанат құрған мерейлі мемлекет. Бұған, яғни қазақ ұлысына талай ұлттың өкілдерін ұйыстыру қасиетінің бұйыруы құдіретті Жаратушының қалауымен болған дүние деп қарамасқа тағы болмайды. Елбасы айтқандай, «көпұлттылық біздің кемшілігіміз емес, қайта алға озар басымдығымыз». Осылай, ұлы тұрпатты Тұран елінде ықылым заманнан ұрпақтан ұрпағы кіндік қанын тамдырып, атажұрттың басында отырған мұрагерлерінің жанына алыс-жақыннан ауған талай ұлыс келіп, пана тапты. Бауырласып, елдіктің іргесін бірге қалауға серттесті. Қазақстандықтар атанды. Бүгінде қастерлі Қазақ елі – баршамыздың ортақ үйіміз. «Орыс, қазақ, түрік, башқұрт, неміс» болып бөлінбей, татулықтың туын жоғары көтеріп, әлемге өнеге болып отырған жайымыз бар. Бұл, әрине, өзінен өзі бола қалған дүние емес. Ең әуелгісі, қазақ халқының бойына сіңіп, қанмен атадан балаға беріліп келе жатқан толеранттылық, кеңдік деген сияқты асыл қасиеттердің бойға жиналғандығы болса керек. Әрі, ел бастаған көсеміміздің ұлттар арасын жарастыра білген сұңғыла саясаты деп оған тәж етіп, қадірін түсіне білген абзал. Ендігі әскери азамат ретінде айтпағым, сол тағдыр табыстырып, тоғыстырған ұлыс өкілдері қазақтың ел иесімен бірге ең қастері – Отанын қорғауда жүр. Осы орайда, Отан үшін ысқырған оққа кеуде керіп, сұқтанған жау мылтығы дүмінің алдында жүріп ел қорғаушы – жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір өзге этнос азаматтарының елдік жайлы ойларын білгім келді. Әрине, адам алдымен Отан қорғауға сол елдің ұланы, сол халықтың бір алынбас бөлшегі, мүшесі екенін сезініп барып қана жаппай көзсіз ерлік жасауға, қолға қару алуға барады. Әйтпесе, көңіл қаламаған жерде, ниеті түспеген елге қызмет етпейтіні айтпаса да түсінікті емес пе?! Жақында осы мақсатпен Астана іргесіндегі Ұлттық ұланның 5573 әскери бөліміне барып, жауынгерлік жолдағы өзге ұлт өкілдерімен жолықтым. Алдымен 3-батальонның 9-ротасының взвод командирі лейтенант Мұхриддин Шукуровпен әңгімеміз жарасты. М.Шукуровтың ұлты өзбек екен. 1994 жылы Шымкент қаласында туған. «Менің аталарым тәжік еліндегі Қорғантөбе қаласының тумалары екен. 1972 жылы Қазақстанға көшіп келіпті. Содан бері тамырлас Қазақ елінде қазан көтеріп, ошағымызды түтетіп отырған жайымыз бар. Сол кезде атам жалғыз келіпті. Қазір бір қауым ел болып, өркен жайдық. Тағдырымызға ризамыз. Мен Петропавлдағы Әскери институтты тәмамдап, өмір жолымды әскермен байланыстырдым. Еліміз көпұлтты мемлекет болғандықтан, әскерімізде барлық ұлттың өкілі бар. Бірақ алауыздық, керітартушылық деген мүлдем жоқ. Ортақ Отанымызды жан аямай, қан аямай қорғауды ең асыл парыз деп түсінеміз. Өзім жауынгерлермен тәрбие сабақтарын жүргізген уақытымда қазақстандық патриотизмге барынша бойлауға ұмтыламын. Ал жақында алғаш аталып өткен Алғыс айту күнін мәні бөлек ерекше мереке деп білемін. Бұл – адамдық белгісі танылатын күн. Өйткені, жақсылық жасаған, жүдеп-жадап, қам көңілмен келген талай ұлысты паналатып, өркенін өсірген Қазақ еліне деген шынайы ілтипаттың күні. Ризашылық таныту – татулық пен бірліктің ұйытқысы», – деді жас сардар. М.Шукуровтың айтуы бойынша, оның отыз адамнан тұратын взводының өзінде он екі ұлт өкілі бар екен. Башқұрт, орыс, украин, белорус, ұйғыр, неміс, татар, тағысын тағылар. Солардың қатарында ұлты орыс павлодарлық Сергей Михайлов пен қарағандылық татар Наиль Жантуликов мектепті жақсыға тәмамдапты. Олар туған елдің тамыры терең тарихынан да жақсы хабардар болып шықты. «Қазақстан Кеңес өкіметінің, одан әргі патшалық Ресейдің солақай саясатын жүзеге асыратын орынға айналды. Өткен ғасырдың 30-40-жылдарынан бастап Кеңес өкіметі көптеген ұлттар мен ұлыстарды түрлі себептермен ұлан-ғайыр қазақ жеріне жаппай көшірді. Мәселен, 1936 жылы Украина мен Польша шекарасынан бір ғана Қарағанды облысына мыңдаған неміс пен поляк жер аударылды. Ал 1937 жылы елімізге корейлерді әкеліп қоныстандырды. Жаппай жер аудару соғыс жылдары да тоқтаған жоқ. 1943-1944 жылдары Қырымда тұратын татарларды құтты мекенінен айырып, қазақ жеріне күштеп көшірді. Бір сөзбен айтқанда, «сатқын», «халық жаулары» саналған көптеген ұлт өкілдері кең байтақ қазақ жерінен пана тапты. Менің атам Ришат та Қырымнан ауып осында келіпті. Қазір мәуелі бәйтеректей үлкен отбасына айналдық. Мен Қазақстанды жұмыр жердегі ең ыстық, ең қымбат мекенім, атамекенім деп санаймын. Татулық біздің туымыз, деп Елбасы айтқанындай әрқашан бірлікті, ұлтаралық татулықты елдік мақсат тұрғысынан ұстана білейік. Мен ата-бабаларымның атынан қазақ халқына шексіз ризашылығымды білдіремін», – деді жауынгер Н.Жантуликов. Ал С.Михайлов болса: «Менің бабаларым қазақ жеріне анау алыстағы Киевтен қоныс аударыпты. Сол аталарымның айтуынша, бір-екі түйіншегімен келген аталарымды қазақ ұлты далада қалдырған жоқ. Керісінше, ашаршылық, соғыстан азып-тозып отырса да, бір үзім нанын бөліп берді. Әрбір қазақтың отбасы осылайша жер аударылғандарды қаңғыртып жібермей, жүрегінің кеңдігіне, көңілінің дарқандығына сыйғыза білді. Кейін көпшілігі қазақ жерін жерсініп, халқымызға сіңісіп кетті. Менің әкем орыс, шешем украин болса да өзімді қазақ санаймын. Тек түрім өзге, жаным, жүрегім қазақ», – деді. Қорыта айтқанда, татулық, бірлік – біздің туымыз. Қазақстан ұлтаралық достықты құдірет тұта отырып, сан ұлттың құтты мекеніне, әлем мойындаған татулық пен тыныштықтың ордасына айналды. Лайым осы бағытымыздан, бағымыздан жаңылмайық. Арман ӘУБӘКІРОВ, майор. АСТАНА.