21 Наурыз, 2016

Біз Баянауылдың қазақтарындаймыз

449 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
777777777– дейді республикалық «Абай оқулары» байқауының 2009 жылғы бас жүлдегері, «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Қазақшаңыз қалай?» байқауларының жеңімпазы Таисия СТРАДАЕВА Таисия жайлы бұрыннан-ақ естіп, біліп жүрдік. Осы жолы сәті түсіп, Баянауылға іссапарда болған кезі­мізде жолығып, әңгімелескен едік. Алғаш көргенде бия­зы­лығы, жүріс-тұрысынан-ақ кәдімгі қазақтың қызындай болмыс-бітімді, мінезді байқайсыз. Баянауылдың тау баурайында өскен қазақы қалыпты орыс қызына бір көргенде таңғала қарайтыныңыз да рас. – Иә, солай ғой, біз енді қазақ болып кеткен орыстармыз ғой, – дейді Таисияның өзі де. – Тау баурайында өскен ауыл болғанда да біздің ауыл Сұлтанмахмұт Торайғыров туған жер, өзіңіз білесіз, табиғатының өзі қандай десеңізші. Өнерге, әдебиетке жақын болғанымызға жердің сұлулығы, ақынның өлеңдері әсер етпеді дейсіз бе? Әрине, осы қос сезім бізді еркелетіп, айналаға қызықтырып өсірді ғой. – Ұмытпасам, маусым айында Татьяна Бурмистрова апайымыз да Баянауылға келіп кетті ғой деймін. Өзің сияқты қазақтың әнін шырқап, салт-дәстүрі, өскен елі жайлы тамаша әңгімелер айта білетін әпкеңе жолыға алдың ба? – Әрине. Айтпақшы, ол кісі келгенде қызық болды. Менің жұбайым Александр Татьяна әпкеміз ән шырқап болған соң, сахнаға шығып гүл ұсынды. Сөйтсе, ол жұбайымды көріп: «Ой, Баянауылда да орыс бар екен ғой!» деп жұртты бір күлдіріп тастады. Сол Таня әпкеміз айтқандай, мен өскен Торайғыр ауылында 3 орыс отбасы болдық. Мещеряковтар әлі күнге дейін сонда тұрады, ал Кокаревтер отбасы көшіп кетті. Үлкендер кезінде Саратов жақтан көшіп келсе керек. Ауыл балаларымен бірге ойнап өстік қой. Қазақ тілінде білім алдық. Алғашқы мұғалімдерім Жайнат Біләлова, Мейізгүл Қожамжарова, марқұм Шайзат Қалиеваға алғысым шексіз. Орыс, қазақ деп бөлмей, бізді өз балаларындай көріп, оқытты, білім берді. Өмір деген кейде қатал. Ауылда бірге өскен жақын құрбым Құралайдың да қайтыс болғаны ауыр тиді. Мектептегі сыныптасым Асыл Жанғозинамен кішкентай кезімізден бірге өстік, әлі күнге дейін араласып тұрамыз. – Таисия Викторовна, жоғарыда жазып кеткендей, көптеген бай­қау­ларға қатысып жүлдегер атанған екенсің. Құтты болсын! – Рахмет сізге. Өйткені, мемлекеттік тіл – менің тілім. Яғни, қазақ тілі ана тіліме айналды. Екіншіден, мен Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы қазақ мектебінде білім алғанымды мақтан етемін. Кейде, тіпті, осы өзіміздің Баянауылдың өзінде орысшалап сөйлейтін қазақ жастары, тіпті, үлкендер де кездесіп қалады. Біртүрлі, жараспайды-ақ. Ана тілдің, қасиетті туған жердің қадіріне жетпей жүргендей. Торайғыр ауылында мектеп бітірген соң, Ақсудағы Жаяу Мұса атындағы өнер колледжіне оқуға түстім. Өнерім – өмірім деп жүріп, сол жердегі мәдениет үйінде біраз жылдар қызмет атқардым. Қазір Баянға қайта оралдым. Мен үшін Баянауыл, Торайғыр ауылы, қазақ жері, атамекен деген ғұмырлық байлығымдай. Бұл асыл ұғымдарды еш жерге, еш атауларға айырбастамаймын деп ойлаймын. – Сахнаға шығып, Бурмистроваға гүл берген жұбайың да қазақша біле ме? – Біз – қазақстандықтармыз! Біздің жүрегімізде осы сөз, осы ұғым мәңгілікке қалды. Енді балаларымыз да осы ұғыммен өседі. Олар да біз сияқты «Баянауылдың қазақтарындай» деген құрметті, мақтан етер атаумен ержетеріне, өмірден өз орындарын табарына сенеміз. Александр екеуміздің Әнуар деген 6 жаста ұлымыз, 4-ке келіп қалған Виктория есімді қызымыз бар, ал Арина жақында 1-ге толады. Жұбайым көп балалы Шлыктовтар отбасынан. Балаларының бәрі Баянауылда туғандар. Әке-шешелері тың игеру кезінде келген. Жұбайым екеуміз де президенттік сайлау кезінде белсенділік көрсеткеніміз үшін Президенттің Алғыс хатымен марапатталдық. Александр мектеп директорының орынбасары, аралас мектепте қызмет жасайды. Құжаттарды екі тілде еркін дайындай алады. Менің әкем марқұм Виктор Страдаев қазақша жақсы түсінгенімен, сөйлей алмайтын. Бірақ болашаққа деген көзқарасы терең болған ол мені қазақ сыныбына берді. – Рахмет әңгімеңе, Таисия сің­лім. Саған отбасылық бақыт, шығар­ма­шы­лық табыс тілеймін! Міне, біздің мақаламызға арқау болған орыс қызы Таисия Страдаева қазір аудандық мәдениет үйінде қызмет жасайды. Ауданның әдеби-мәдени өміріне белсенді араласады. Концерттік бағдарламалардың сценарийін жазады, қазақ, орыс тілдерінде концерттер, түрлі мәдени-саяси-әлеуметтік, патриоттық бағыттағы шараларды жүргізеді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Баянауыл ауданы.