Мезгіл өтіп, араға қанша уақыт салса да, адам санасында өшпестей із қалдыратын кезеңдер болады. Солардың бірі – сұрапыл соғыс, оның тартқызған залалы мен зардабы, әкелген қайғысы мен қасіреті. Ал сол майдан даласында жүріп, ел-жерін қорғау үшін қарсыласымен бетпе-бет келіп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен азаматтар қандай құрметке болса да лайық. Себебі, ентелеген жаудың алдына тосқауыл қойып, адымын аштырмау жолында күрескерлігімен көзге түскен Сарқытқажы Әбішев сынды майдангерлердің қажыр-қайрат пен күш-жігерге толы әр іс-қимылы замандастарына үлгі, кейінгіге өнеге боларлықтай еді.
1.Сарқытқажы
Сарқытқажы Әбішев 1918 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан, бұрынғы Семей облысының Аягөз ауданында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1936 жылы Көкпекті ауданы әскери комиссариатының арнайы шақыртуымен Қызыл Армия құрамына алынады. Бұдан кейін әскери училищеге жіберіліп, оны 1940 жылы тәмамдап шығады.
Осы жылы Сарқытқажы Әбішев ақ финдерге қарсы соғысқа қатысып, батылдылық қасиетімен танылады. Бұл ол кезде батыс майдан деп аталатын, сонда жүрген кезінде 26-шы жеке бригаданың 3-ші шабуылдаушы тобының құрамында болады. Бұл оның жастық шағын от пен оқтың ортасында жүріп өткізген, сол арқылы өз ерлігін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп қалдыра білген майдангердің өмір жолында бағындырған алғашқы белесі еді.
Ол 1941 жылғы майдан даласындағы жауынгерлік қызметін атты әскери полкіндегі взвод командирі болып бастайды. Қиян-кескі ұрыс кезінде 243-ші атқыштар дивизиясындағы 912-ші атқыштар полкінің құрамында жүреді. Шабуылдарда ержүректігімен көзге түсіп, сарбаздар арасында сыйлы болады. Төзімділігі мен қабілеттілігінің арқасында оған көп ұзамай дивизияның арнайы барлау ротасы взводының командирі міндеті сеніп тапсырылады. Оның бойындағы жауапкершілік қасиет 912-ші атқыштар полкіне қарасты тыл штабы командирінің көмекшісі дәрежесіне дейін көтерілуіне де ықпал етеді. Осылайша, 1942 жылы болған барлау және тұтқиылдан шабуыл жасау іс-қимылдары барысында Сарқытқажы Әбішев бастаған жауынгерлер жаудың мықтап бекінген шебін бұзып өтіп, ондаған дұшпанның көзін жояды. Көптеген фашистерді тұтқынға алып, қарсыласушы жақтың жасырынған және паналаған жерлерін тас-талқан етеді. Батальон штабы командирінің көмекшісі болған кезінде Сарқытқажы Әбішев басшылық тарапынан түскен әрбір тапсырманы дер уақытында, сондай-ақ, асқан жауапкершілікпен әрі ыждаһаттылықпен орындауға бар күшін салады. Оның бұл еңбегі еш кетпей, «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылады. Сұрапыл соғыс аяқталғанда оған капитан шені беріледі.
Әрине, әр кезеңнің өз қаһармандары бар. Ал қиын-қыстау шақта иығына қару асынып, майдан шебіне аттанған азаматтар – нағыз қаһармандар. Сондай майдангерлердің бірі – Сарқытқажы Әбішев.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.
2.Мейірбек
«1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Талғар түбінде жасақталған 100-ші бригада құрамында жеделдетілген әскери-жаттығу дайындықтарынан өттік. Содан желтоқсан айында әскери ант қабылдап, бригада құрамынан іріктеп алынған жүздеген сарбаз майданға аттандық. Бізді Қазақстанның сол кездегі басшыларының бірі Жұмабай Шаяхметов ақ жол тілеп, шығарып салды. Жаңа жылдың алдында Калинин майданында ауыр ұрыс жүргізіп жатқан 8-ші гвардиялық дивизия құрамына келіп қосылдық», деп еске алатын сұрапыл соғыстағы күндерін атам Мейірбек.
Көп ұзамай полк командирі Елин деген кісі ауысып, орнына капитан Бауыржан Момышұлы келеді. Баукеңнің қол астындағыларға қамқорлығы қандай мол болса, талапшылдығы да сондай қатаң екенін взвод, рота, батальон командирлері бірден байқайды. Ол командирлер тарапынан жауынгерлердің азық-түлігі, киім-кешектері, қару-жарақтары жеткілікті, тамақтары тоқ болуын қатаң қадағалап отырыпты.
«Баукең небір қанды шайқастарда алғы шепке келіп, сарбаздардың жанында болып, күш-қуат беріп кететін. Үзіліс кезінде дивизия, корпус командирлері полкті аралап келгенде Баукеңнің олармен қаймықпай, теңдей сөйлескенін сан мәрте байқадым. Сонда орыс, украин сарбаздар: «Қандай қайсар адам», деп сүйсініп, таңғалатын. Ал, біз қазақтар Баукеңді мақтан тұтатынбыз, шын жақсы көретінбіз. Жасыратыны жоқ, Баукеңнің де дивизиядағы, полктегі қазақ сарбаздары дегенде жаны бөлек еді. «Көбірек жаттығыңдар, қаруларыңды жақсы меңгеріңдер, ержүрек болмасаңдар, халқымыздың атына кір келтіресіңдер», деп намысымызды қайрайтын. Денсаулығы нашар, жастары келіп қалған қазақ жауынгерлерін, есебін тауып, наубайхана, асхана, от жағушы, ат айдаушы, санитар сынды тылдағы жұмыстарға жіберетін.
Бірде алдыңғы шептегі қырғын шайқастарға қатысып, бірнеше рет жараланған мені өзіне шақырып алып, ұзақ әңгімелесті. Ас үстінде әр нәрсені сұрап, әңгімеге тартты. Мен Жуалыдан, Күреңбел ауылынан екенімді айттым. Қоштасарда Баукеңнің маған мейірлене қарап: «Қарағым, әке-шешеңнің жалғызы екенсің, ұрыстарда сақ, аман бол», дегені жадымда өшпестей болып жатталып қалды. Көп ұзамай мені алты айлық сержанттар мектебіне оқуға жіберді. Оны бітіріп келген соң, бөлімше командирлігіне тағайындалдым. Кейін Баукең бізден басқа жаққа ауысып кетті», деп тебірене еске алатын еді атам.
Атам Ржев, Великие Луки, Новосокольники, Бородино қалашықтарын, Кенингсберг қаласын, Балтық жағалауы елдерін азат етуге қатысқан. «Ерлігі үшін», «Кенингсбергті алғаны үшін», «Германияны алғаны үшін» медальдарымен, Бас қолбасшының алғыс хаттарымен марапатталған. 1943 жылы күзде ауыр жарақаттанып, госпитальға түседі. Бірнеше операция жасатып, 9 айдан соң дәрігерлердің шешімімен әскерден босап, елге оралады.
«Ауылға аман келгенім, бірінші Алланың арқасы, екінші Баукеңнің қамқорлығы ғой. Ол кісіге өмір бойы қарыздармын. Сондықтан да Баукең 1952 жылы елге келіп, Күреңбелге соққанда бір мал сойып, үйге шақырдым. «Менің полкімнің ең батыр сарбазы», деп мені біраз мақтады. Қоштасарда: «Алматыға келсең, үйге соқ», деген. Бірақ мен ұлы батырды мазалағаным жоқ, амандығын Алладан тілеп жүрдім».
Атам Мейірбек 1980 жылға дейін қарапайым колхозшы болып еңбек етті. Үлгілі жұмысы үшін, 1960 жылы Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып қайтқан. 1995 жылы Жеңістің 50 жылдығына орай жергілікті билік атама «ОКА» жеңіл көлігін сыйлаған болатын. Атам мен әжем Балакүл екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде бәрі үйлі-баранды. Ұл-қыздарынан көптеген немерелер сүйді. Марқұм атам ақтық демі біткенше Баукеңнің өзіне жасаған қамқорлығын айтып өтті.
Ербол МЕЙІРБЕКОВ.
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы.