24 Наурыз, 2016

Сараптамалық баяндама талқыланды

345 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
23-03-16-KZISSКеше Астанада Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) «Қазақстандағы парламенттік сайлау: негізгі қорытындылар мен пікірлер» тақырыбындағы сараптамалық баяндаманы таныстыру мақсатында арнайы брифинг өткізді. Басқосуға Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин, ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Алуа Жолдыбалина, АҚШ байқаушылар миссиясының өкілі, «Jamestown Foundation» зерттеу орталығының сарапшысы Джейкоб Зенн және саясаттанушы Марат Шибұтов қатысты. Бірінші кезекте сөз алған Ерлан Қарин «Қазақстандағы парламенттік сайлау: негізгі қорытындылар мен пікірлер» тақырыбындағы сараптамалық баяндамада биылғы ғана емес, өткен жылдардағы сайлау заңнамасы мен сайлауларға салыстырмалы талдау жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы баяндама арқылы халық Қазақстандағы парламенттік сайлауды ұйымдастырып, өткізу тарихымен танысып, қорытынды жасай алады. Сөзінің соңында Е.Қарин «Қазақстандағы парла­мент­тік сайлау: негізгі қорытындылар мен пікірлер» тақы­рыбындағы сараптамалық баяндаманың жақын күндері ҚСЗИ-дің сайтында жарияланатынын мәлім етті. Саясаттанушы Марат Шибұтов баяндамада парла­менттік сайлау тұрғысындағы барлық ақпараттар қамтылғанын сөз етті. Сондай-ақ, ол Орталық сайлау комиссиясының сайлау жөніндегі нақты мәліметтері мен түзетулері де баяндамада көрініс табатынын айтты. ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің мең­геру­­шісі Алуа Жолдыбалина өз кезегінде сайлау науқанындағы үгіт-насихат жұмыстары барысындағы саяси партиялардың іс-қимылы жөнінде кеңірек талдау жасады. «Үгіт-насихат бөлінген аралықта барлық партия­ларға өзд­ерінің мақсат-міндеттерін, сайлауалды бағдарла­ма­ларын насихаттауға теңдей мүмкіндік берілді. Олар өздерінің бұл мүмкіндіктерін барынша пайдалануға тырысты. Партиялардың республикалық басылымдарда насихатталуында айтарлықтай айырмашылықтар болған жоқ. Сонымен қатар, бұл сайлау науқанында барлық партиялар бұқаралық ақпарат құралдары ішіндегі телеарналарға көбірек жүгінді. Нақтылай айтқанда, партиялар телеарналардың мүмкіндіктерін барынша қолдануға тырысты», – деді А.Жолдыбалина. Сонымен бірге, спикер өңірлердегі үгіт-насихат жұмыс­тары кезінде партиялар жергілікті телеарналардан кейін аймақтық басылымдарға көбірек назар аударғанын сөз етті. Оның айтуынша, партиялардың белсенділері өңірлердегі үгіт-насихат жұмыстары кезінде аймақтық басылымдардың мүмкіндіктерін қажетінше пайдалана білген. Одан әрі А.Жолдыбалина саяси партиялар сайттары­ның да сайлау науқанындағы жұмыстарын атап өтті. «Партиялардың сайттарындағы материалдардың жария­лануы өз деңгейінде ұйымдастырылды. Әсіресе, «Нұр Отан» партиясының сайтын қарағандар саны мейлін­ше басым болды. Сол сияқты, «Ақ жол» және «Ауыл» пар­тия­ларының да сайттары жақсы жұмыс атқарды. Олар күн­де­лікті шаралар жөніндегі толық мәліметтер мен бей­не көрсетілімдерді жариялауда кідіріс жасаған жоқ. Ал басқа партиялар бұл бағытта бірқатар кемшіліктерге бой алдырды. Нақтылай айтқанда, ҚКХП, ЖСДП, «Бірлік» пар­тия­лары өздері өткізген шаралар жөнінде мәлімет бер­генімен, оның суреттерін, бейне түсірілімдерін өз сайт­тары­на орналастыруға мүдделілік танытпағандай. Алдағы уа­қыт­та барлық партиялар өз сайттарының мүмкіндіктерін мей­лінше толық пайда­лануға тырысқаны жөн», – деді спикер. Бұған қоса, сарапшы үгіт-насихат жұмыстары кезінде интернет порталдардың рөліне тоқтала келіп, олардың сайлау жөніндегі арнайы айдарларына көпшіліктің баса назар аударғанын жеткізді. Сонымен қатар, А.Жолдыбалина әлеуметтік желілер­дің рөлі де өзіндік маңызға ие болғанын атап өтті. «Сайлаудағы үгіт-насихат шараларында Партиялар әлеу­меттік желілердің мүмкіндіктерін орынды қолдана білді. Әсіресе, саяси ұйымдар «Facebook» желісіне баса назар аудар­ды. Жалпы, әлеуметтік желілерді ҚКХП, ЖСДП, «Ақ жол» және «Бірлік» партиялары кеңірек пайдаланды. Ал «Ауыл» пар­тиясы Инстаграм желісіне көбірек көңіл бөлді», – деді ол. Бұ­дан бөлек, сарапшы «Нұр Отан» партиясының үгіт-наси­хат шараларын жүргізудегі тәжірибесінің молдығын, ақпа­рат­­тық кеңістікті игерудегі ерекше іс-қимылдарын өз сөзіне арқау етті. Ал АҚШ байқаушылар миссиясының өкілі, «Jamestown Foundation» зерттеу орталығының сарапшысы Джейкоб Зенн өз кезегінде Қазақстандағы парламенттік сайлаудың әділ әрі халықаралық талаптарға сай өткенін жеткізді. «Мен сайлау науқаны кезінде Астана және Атырау қалаларында болдым. Сайлау барысында қандай да бір келеңсіздікке, заң бұзушылыққа куә болған жоқпын. Халық бұл саяси науқанда белсенділік көрсетті. Бұл Қазақстан халқының ынтымағын, өз еліне деген құрметін білдіреді. Жалпы, сайлау науқаны барысында, дауыс беру күні барлық байқаушыларға жоғары деңгейде жағдай жасалды. Бұдан біз Қазақстанның сайлаудың әділ, таза өтуіне мүдделілік танытқанын аңғарамыз. Бұл сайлау сіздердің мемлекеттеріңіз үшін өте маңызды екенін түсінемін», – деді Джейкоб Зенн. Оның сөзіне қарағанда, елімізде өткен парламенттік сайлау Қазақстанның дамуына тікелей әсер етеді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».