24 Наурыз, 2016

Нидерландының атақты футболшысы Йохан Кройф қайтыс болды

506 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
24.03.2016 AST-10 jpg АСТАНА. 24 наурыз. Бүгін 68 жасында Барселона қаласында Нидерландының атақты футболшысы Йохан Кройф қайтыс болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Йохан Кройф 1947 жылы 25 сәуірде Амстердам қаласында туған. Ол бала кезінен футболға қызығып, алғаш рет көкмайса алаңға Голландияның «Аякс» жастар командасының жейдесінде шыққан болатын. Осы клубта 1959-1964 жылдары ойнады. Содан кейін 1964-1973 жылдары «Аякстың» ересектер клубында, 1973-1984 жылдары Испанияның «Барселона» командасында өнер көрсетті. 1979 жылы АҚШ-тың «Лос Анджелес Ацтекс», 1980-1981 жылдары «Вашингтон Дипломатс» жасағында алаңға шықты. 1981 жылы Испанияға қайтіп келіп, «Леванте» клубына қосылды. 1981-1983 жылдары туған қаласы Амстердамның «Аякс» командасында, одан кейін 1983-1984 жылдары «Фейеноорд» жасағында ойнады. Йохан Кройф 1966-1977 жылдары Нидерланды ұлттық құрама командасының шабуылшысы болды. Осы уақыт аралығында ұлттық құрама сапында 48 ойын өткізіп, 33 гол соқты. Ал клубтарда ойнаған кезінде 510 рет алаңға шығып, 291 доптың авторы атанды. Бұл жерде атақты голландиялық жаттықтырушы Ринус Михельстің де әсері болғаны сөзсіз. Ол 1965-1992 жылдары Голландия құрамасының, «Аякс», Испанияның «Барселона», АҚШ-тың «Ацтек», Германияның «Кельн» клубтарының бас жаттықтырушысы болды. Михельс тоталды футбол тактикасын ұстанып, ұлттық құрама мен талай командаларды биік белестерге шығарды. Сол кезде әйгілі футбол мэтрінің қол астында жаттыққан Йохан Кройфтың да бағы жанды. 1974 жылғы Голландияның ұлттық құрамасы әлі күнге дейін футбол тарихындағы ең үздік командалардың бірі болып саналады. Осы жылы жасыл алаңға тоталды футбол тактикасын әкелген Ринус Михельстің командасы бұрын-соңғы болмаған ойынды көрсетіп, талай жанкүйерлерді таң-тамаша қалдырған болатын. Й.Кройф атақты отандасының соңынан еріп, жаттықтырушы ретінде де жақсы танылды. 1986-1988 жылдары «Аякс», 1988-1996 жылдары «Барселона», 2009-2013 жылдары «Каталония» клубын жаттықтырды. Ол Голландия ұлттық құрамасының құрамында 1974 жылы Германияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 1976 жылы Югославияда жалауы көтерілген Еуропа чемпионатының қола жүлдегері болған. Одан басқа «Аякстың» сапында үш рет Еуропа чемпиондар кубогының, бір рет УЕФА-ның Суперкубогы мен құрлықаралық кубоктың  иегері атанды. Сегіз рет Голландия чемпионы болды. «Барселона» командасының жаттықтырушы қызметінде Чемпиондар лигасын, УЕФА-ның Суперкубогын, Кубок иегерлерінің кубогын, төрт рет Испания чемпионатын жеңіп алды. Ол үш рет әлемнің үздік ойыншысына берілетін «Алтын доп» сыйлығын алды. Кейін оның жолын 1988, 1989, 1992 жылдары Марко Ван Бастен қайталады. Ойыншы кезінде жанкүйерлер Йохан Кройфты «Ұшпа голландиялық» («Летучий голландец») деп атаған. Бұл атаққа ол әбден лайық болғанын білеміз. Егер 1960-1970 жылдары Бразилияда Эдсон Арантес ду Насимментудың («Пеленің»), Гарринча, Диди, Вава, одан кейін Зико мен Сократестің, Португалияда Эйсебио, Венгрияда Ференц Пушкаштың, Германияда Франц Беккенбауэрдің, 1980 жылдары Аргентинада Диего Армандо Марадонаның дәурені жүріп тұрғанда 1970-1980 жылдары Йохан Кройфтың да жасыл алаңда көрсеткен шеберлігіне тәнті болмаған адамдар кемде-кем. Ол көкмайса алаңда ойнай жүріп өзінің өнерімен талай шәкірттерді тәрбиеледі. Сол кезде оның ойынына қызыққан Рууд Гуллит, Марко Ван Бастен, Рональд Куман, Франк Райкаард, Деннис Бергкамп сияқты жас жігіттер кейін «Қызғалдақтар елінің» жейдесін киіп, мықты ойыншылар болып шықты. Дастан Кенжалин. Дерек, сурет: egemen.kz Ajax legacy and heritage collection. Details will be updated shortly. SAPA980321344510