Тәуелсіздік алған жылдардан бері, қазіргі нарық заманында сапалы білім беру мәселесіне көңіл бөлініп жүргені даусыз. Классикалық үлгідегі білім жүйесі жаңа инновацияға бағдарланған модельге ауыстырылуда. Болон конвенциясына қол қойғаннан кейін Қазақстанның жоғары оқу орындары білім беру жүйесіне айтарлықтай жаңа өзгерістер енгізді. Қазір бізде үш сатылы білім алу жүйесі, яғни бакалавр-магистратура-докторантура жүзеге асырылып келе жатыр. Ал енді Еуропалық жүйедегі осы үлгі жоғары оқу орындарында қалай енгізіліп жатыр?
Бізде кеңестік дәуірде қалыптасып қалған жоғары оқу орындары жүйелеріндегі кейбір керекті маман даярлауда кеткен қателіктер, біржақтылық экономиканы дамытуда айқын байқалған еді. Сол кездегі мамандар даярлауға қойылатын талаптар ескіріп, егемен ел болғалы Батыс елдеріндегі қалыптасқан жаңа жүйені қабылдауға тура келді. Соның бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу
. Бұл – ең өзекті мәселе. Әлі күнге дейін бұл проблеманың шешімі табылған жоқ. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі ең келеңсіз жағдай Ата Заңмен бекітілген «Алтын белгіні» тестіден өткізуден басталады. Бала он бір жыл бойы сол «Алтын белгіге» талмай еңбектенеді. Олар тек бір ғана сабақ емес, барлық пәндерден үздік шығады. Содан келіп «Алтын белгіге» ұсынылады. Бұл жөнінде көптеген дискуссиялар да жүргізілді, бірақ нәтиже жоқ. Тест тапсырмалары білім алушының тек механикалық тұрғыда ойлануымен ғана шектеліп, оның шығармашылық ойлау қабілетін төмендетеді. Тестілеу шығармашылық ойлауды әлсірететін фактор болып отыр. Логикалық ойланатын тапсырмалардың санын көбейту керек, сонда ғана оның сапасы артатын болады. Тек қорытынды тестілеу формасын қалдыру керек. Білім алушы жоғары оқу орнында өз білімін жалғастыратын жағдайда ғана әр жоғары оқу орны талапкердің интеллектуалды қабілетін анықтайтын, ауызша немесе жазбаша түрде емтихан қабылдау формаларын енгізу қажет. Жоғары білім алу тек қабілеті жоғары, дарынды, ғылымға бейімі бар ізденушілерге ғана тән болуы тиіс.
Жоғары оқу орындарында білімді жетілдіру үшін үздіксіз білім алу жүйесі ұсынылады. Дүниежүзілік аренада бәсекеге қабілетті зияткерлік қоғам құру үшін білімді жүйелі түрде, ұдайы жетілдіріп тұру қажет. Ол үшін білікті жетілдіру курстарын, ғылыми іссапарларды көбірек ұйымдастырған жөн. Қазақстанда әлемнің басқа жоғары оқу орындарында бәсекеге түсе алатын маман даярлау үшін бірыңғай білім беру кеңістігін құру қажет. Бұл жүйені қамтамасыз ету үшін студенттердің оқу кәсіби шеберлігін анықтайтын жеке оқу траектурасын қалыптастырсақ, бұл бізге әртүрлі пәндерді таңдау және дайындау уақыты жағынан ұтымды болар еді. Оқу жоспарындағы таңдау пәндерінің 70-80 пайызына өзгеріс енгізіп, жалпы білім беретін пәндерге берілетін кредит санын азайту керек. Теорияны практикамен ұштастыру керек деп ойлаймын.
Жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құрамының ғылыми атағы барларын кредиттік жүйеге сәйкес қайта даярлау курстарынан өткізіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге тарту қажет. Студенттердің өз бетімен орындайтын өзіндік жұмыстарының сапасын жетілдіретін жоғары деңгейлі тапсырмалар құрастыру керек. Профессор-оқытушылар құрамының шеберлік сатысын шығармашылық іздену қабілеттерін, интеллектуалды әлеуетін жоғарғы деңгейде сәйкестендіру қажет деп білеміз.
Бакалавриаттан кейінгі білім алу жүйесі, яғни магистратура-докторантура – бұл тек ғылымға қызығушылығы және бейімі бар білім алушылар үшін қажет, әрі орынды. Мұнда еліміздің экономикасына іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыстарын жүргізетін, интеллектуалдық қабілеті жоғары азаматтар ғана жұмыс жасайды.
Бүгінгі күні Қазақстанның жоғары оқу орындарында барлық жағдай жасалып жатыр. Жаңа ғылыми-зерттеу орталықтары көптеп ашылуда. Республикалық бюджеттен біраз қаражат бөлінуде. Әлемдік стандартқа сай білікті маман даярлау – бұл барлық жоғары оқу орындары алдында тұрған міндет.
90 пайызға жуық ғылым докторларымыз тек білім мен ғылым саласында жұмыс істейді. Сондықтан, біздің сан ғана емес, сапаға жұмыс жасайтын уақытымыз жетті. Өзімізде ғылыми мақалалардың рейтингісі бар ғылыми журналдар шығуы қажет.
Қазіргі нарық заманында бәсекеге қабілетті, интеллектуалды, ғылымға бейімі бар, ел экономикасын жоғары дәрежеге көтеретін, көкірегі ояу, рухы биік, патриоттық сезімі жоғары, ұлтжанды кадрлар дайындау ел алдында тұрған ең көкейкесті проблеманың бірі деп санаймын.
Жоғары оқу орындарының басшылары мамандар даярлау ісінде экономика дамуының қажеттілігі керек етіп отырған, жаңа әлемдік бағыттағы бәсекелестікке сай келетін кадрларға көңіл бөлуі керек. Басшының міндеті тек қана сол университеттің оқу жүйесін ұйымдастыру ғана емес, соған түскен жастардың мамандығына сай дұрыс білім алуына жағдай жасалынуы қажет. Бізде іске асып жатқан үш бағыттағы бакалавр-магистратура-докторантура болса, солардың жағдайына тән ерекшелігін ректор жан-жақты қарастырып, саннан-сапаға жаңа бағытта өзгеріп жатқан білім дәрежесіне сәйкес мемлекеттің сұранысын қанағаттандыруы тиіс. Мысалы, қазір көптеген пікір таласын тудырып жүрген Ұлттық академияның институттарындағы ғылымды дамыту, оны елдің сұранысына сай қайта құру үшін мамандарды ірі оқу орындарына жіктеу, әрі академиялық дәрежесін көтеру, ғылымды дамыту мүмкіншіліктерін тудыра отырып, маман кадрлау даярлауды сол университеттің ғылыми бағыты бойынша топтастырып, академиялық ғылыми кадрларды дайындау мүмкіншілігін туғызу қажет.
Әрине, бұл бағыт әлі де шешімі табылмаған, міндеті мен мақсаты, құрылымын жете түсіне бермейтін проблемаларды туғызуда. Әр мамандықты даярлауда жетекші академия ғалымдары сол тапсырылған университетте лекция оқи ала ма? Оның қоғамдық жұмыстарына қатыса ма? Ол салада әлі де анықтайтын мәселелер көп. Бірақ бұл әлемдік деңгейдегі мамандар даярлауға, олардың ғылыми жаңалықтар ашуына мүмкіншіліктер тудырады деп ойлауға бола ма?
Қандай мамандықты даярламайық, оның негізгі көзі – мектепте берілетін білім сапасы. Білімнің барлық жүйесінің сапасын көтеру үшін облыстардағы мұғалімдер даярлайтын педагогикалық институттарда берілетін білімнің стандарттары бірдей болу үшін олардың өзін тарихи қалыптасқан, кадрлары жетілген ұлттық педагогикалық университетке топтастыру керек. Сонда ғана әлемдік деңгейдің сұранысына сай келетін ұрпақтарды даярлай аламыз. Үштілділік бағытты жүзеге асыру үшін де барлығына бірдей бағдарлама жасалуы тиіс.
Жалпы, жоғары оқу орындарының санын көбейткеннен гөрі, оны бітіретін мамандардың сапасын жақсартқан абзал. Ол үшін ғылымға қабілетті, ой-өрісі дамыған, ынталы, мектепте жүргеннен-ақ соған түсуді армандаған жастарды алу керек шығар.
Біздегі қазіргі көзқарастың барлық салада етек алуына байланысты бұрын даярланған мамандардың жаңа инновациялық технологияларды игеруі үшін орта кәсіптік жүйені дамытқан жөн. Ол біздің ғылымға баруымыз, сапалы өндіріс орындарының тетігін табуымыз үшін өте қажетті. Мысалы, Германия, Англия елдерінде екі-үш қана университеттің әлемдік атағы бар, ал қалғандары орта кәсіптік білім деңгейіндегі мамандық иелерін даярлаумен шұғылданады.
Елбасының көтерген нақты мәселесі – жастарды тегін техникалық біліммен қамти отырып, соның нәтижесіне талап қоя білу. Біз бұрын Қазақстанда интеллектуалды жұмысшы табын дайындаған жоқпыз, алған дипломдар нарық сұранысына сай емес. Асығыс, үстіртін даярланған мамандар елдің экономикасын дамытуға, ғылымда жаңалық ашуға жарамайды. Демек, кез келген мамандық даярлаудың қыр-сырын барынша меңгеру қажет деп санаймын.
Тәуелсіздік кезінде Қазақстан аграрлы елден индустриалды елге айналу үшін толып жатқан жолдардан өтуге тура келді. Бұрынғы қалыптасқан өркениетті елдердің саясатын зерттей отырып, Қазақстанның экономикасы жаңаша дамытуға бағытталды. Әрине, көптеген қиындықтарды жеңіп келеміз. Сырттан инвесторлар тарту арқылы халық аса қанық емес нарықтық экономиканың қандай рөлі барын Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып түсінді. Сондықтан, ТМД елдерінің бірігуін алғашқы болып ұсынған Қазақстан БҰҰ-ға, ДСҰ-ға мүше болды.
Осының барлығы экономиканы өрлетудің жолдарын қарастырып, Қазақстанды жаңа инновациялық-индустриалық дамытуға көшірді. Мемлекетті өркениетті елге айналдыру үшін жаңа тұрпатты кадрлар даярлауды, әлемдік деңгейдегі ғылым мен білімнің жаңа бағытқа бет бұруын қолға алды.
Кеңес Одағы тұсында барлық ғылымдар бір бағытта ғана дамыды. Бұлай дамыту қазіргі экономиканың дамуы мен тұрақтануына үлкен кедергі. Сол кедергіні жоюда Елбасының атқарған рөлі үлкен. Ол мамандарды жан-жақты даярлап, өзіндік ғылыми бағытын анықтауға қарай бағыттады. Тіпті, білім бағытының өзінде қаншама министрлер ауыстырылғанымен, білімнің деңгейін көтеруге олардың шамалары жеткен жоқ. Әр барған жерінде сол жердің білім бағытының жүйесін ғана енгізді. Соның салдарынан біздің көптеген мамандарымыздың техникалық индустрияны дамытуға өресі жетпеді. Сондықтан, қымбат болса да, ол саланың мамандары сырттан шақыртылды. Келген министрлердің бірде-бірі не білімде, не ғылымда әлемдік деңгейге жететіндей жаңалық аша алмады. Оның есесіне, ғылымның жаңа идеясын, мақала басуды шетелдің «Инпактфактор» журналына байлап қойды. Олар ақша табады, біздің ғалымдардың идеяларын өзінше пайдаланады.
Өзіміздің дамыған елдің идеясын алға шығарып, әлем мемлекеттерінің бізден үйренуін ұйымдастырсақ құба-құп емес пе. Бір кезде Елбасы «Болашақ» бағдарламасы бойынша көп мамандарды дайындауға ықпал етті. Бірақ олардың 25 пайызы ғана сол мамандықты игеру мүмкіншіліктеріне ие болды. Соның өзімен-ақ Елбасы Назарбаев Университетті ашты. Экономиканың барлық салаларына қажетті жоғарғы білікті мамандар даярлауда Назарбаев Университеттің орны бөлек. Бұл университет болашақта еліміздің инновациялық орталығына айналары сөзсіз.
Елбасының екінші жасаған батыл қадамы – бірнеше шет тілдерді меңгеру талабын қоюы. Бұл тек ғылымды ғана емес, соған қоса экономиканы дамытуды түсінетін, қарым-қатынас жасай алатын, дипломатиялық рөлді атқара алатын кадр даярлауға саяды. Соған мысал ретінде Абай атындағы ҚазҰПУ-дың оқулықтарын, әдістемелік оқулықтарын атай аламыз. Олар қазір ағылшын, француз, қытай, түркі тілдерінде шығарылуда. «Қазақстан географиясы атласының» жоспарланған төрт тілде шығуы (қазақ, орыс, ағылшын, түрік) керек болатын, бірақ үш тілде ғана болсын делінген соң, түрік тілінде басылмай қалды. Оған кезінде мемлекеттік тұрғыда Білім министрлігі тарапынан мән берілген жоқ. Атлас білім беруде, халықтың танымдылығын кеңейтуде көп елдерде, әсіресе, ТМД мемлекеттері арасында бұрын-соңды болмаған бағалы дүние еді.
Біздің министрлік жыл сайын іргелі жобалар жариялайды. Алайда, іргелі жобалар тақырып бойынша жыл сайын жұмыс қорытындысын өндіріске енгізе алмайды және оның қорытынды нәтижесі паш етілмейді. Келесі қандай тақырып болу керек деген сараптама жүргізілмейді. Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті көтеру институтына мемлекет ақшасын оңды-солды шашып, жалпы білім беретін мектеп пен жоғары оқу орындары мұғалімдерін топ-топ қылып кәсіби тәжірибе алуға шет мемлекеттерге жіберіп жатты. Мұндағы мұғалімдер не шет тілін білмейді, не өзіне керекті мамандығын жетілдіретін бағытын білмей босқа барады. Ешбір тәжірибесі жоқ, тіл білмейтін, әйтеуір, мемлекет бөлген қаржының есебін толтыру үшін, мақсатсыз, есепсіз кадрлардың білім деңгейін көтеруге бола ма?
Жалпы, қай елде болса да, тіпті Кеңес Одағы кезінде мезгіл-мезгіл мұғалімдердің білім деңгейін көтеру мақсатында конференция, семинар, тәжірибе алмасу дегендер болатын. Бірде «Географияны оқыту әдістемесінің» жаңалықтары негізінде Арменияда үлкен одақтық конференция өткені есімде. Одақ тұсында географияны оқыту әдістемесін насихаттайтын мектепке арналған «География в школе» журналы болатын. Тек географияның әдістемесіне байланысты емес, жалпы барлық саладағы мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру күн тәртібінен түспейтін. Ал біздің министрлікте тек қана мұғалімдердің ақшасын көтеру мәселесі ғана алға тартылады.
Жақында теледидарда, ақпарат көздерінде Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша мемлекеттік үш тілділікті енгізу туралы, соның ішінде «Қазақстан тарихы» қазақ тілінде, «Дүние жүзі тарихы» орыс тілінде жүргізіледі деген хабары берілді. Алдағы жылдарда «биология, химия, математика,физика» ағылшын тілінде оқытылады деп мәлімдеді. Осы аталған пәндердің ішінде мемлекеттік негізгі іргетас саналатын, экономиканың дамуы, тұрақтануында маңызды рөл атқаратын, табиғи байлықтың таралуы, оны игерудің барлығы географияның үлесіне тиеді. Табиғатты қорғау, экологиялық проблема мәселелері министрліктің ақпаратына енгізілмеген. Сонда, олардың ойынша, жаратылыстану ғылымының ішіндегі әлемдік деңгейдегі мәнге ие география кешенді ғылым емес пе екен? Бұл салада не олимпиада, не конференциялар өткізу де министрліктің жоспарына кірмей жүргенін қалай түсінеміз?
Ал қазіргі үлкен бір мәселе тәрбиенің жай-күйі болып отыр. Біздегі этикалық-педагогикалық нормалардың кемшіндігі байқалады. Таяуда бір мектептегі мұғалімнің бір баланың басқа түсті шалбар киіп келгенін сынып балаларының алдында сөз етіп, баланы ұялтып, тіпті, онымен қоймай сол баланы жетектеп, басқа сыныптарға алып барып, оқушылардың көзінше қандай шалбар киіп келгенін күлкі еткен әдепсіздік қылығы сөз болды. Баланың намысына тиді. Осының кесірінен ол бала мектепке қайтып оралмады.
Мектеп баласының мектеп формасына сәйкес емес киім киіп келгенін баламен оңаша сөйлесіп, оның себебін анықтау керек еді. Оның отбасының әлеуметтік жағдайының төмендігінен болды ма екен? Осының анығына жетпей, сыныбында жер-жебіріне жетіп ұялтқанымен қоймай, басқа сыныптарды жағалатып, баланың намысына тиіп, психологиялық күйзеліске түсуіне мектеп мұғалімінің қандай қазымырлық танытқанын теледидардан да көрсетті. Мұндай жағдай оқушылардың ұстазға деген ренішін тудырады. Бұл – мұғалімнің қандай педагогикалық тәрбиесіне жатады?
Мұғалім барлық уақытта баланың ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтіп, білімін терең беріп, өзінің қадір-қасиетін арттыруы тиіс емес пе? Ата-ана баласын мектепке бергенде, білім мен тәрбие алып болашақта еліне, ата-анасына, айналасына қадірменді азамат болады деп үміттенеді.
Жасыратыны жоқ, қазір мектептегі тәрбие жұмысы, олардың білімі мен дүниетанымдық ой-өрісі жат қылықтарға, қатігездікке бой алдыруда. Мұндай жекелеген құбылыстарды басқа сыныптарға мысал болсын деген ниетпен көрсеткенмен, оның педагогикалық әдепке жатпайтынын ол мұғалім ескеруі керек еді. Кейде Батыс елдерінде мектептегі келеңсіз оқиғалар ашық көрсетіліп жатады. Содан ауысқан әдет болу керек. Біздегі оқытушы ұзақ жылдар бойы оқушысын аялап, әлпештеп тәрбиелеуші еді ғой.
Айта кететін жайт, барлық мектептерде оқушы формаларының қандай болуы көптен әңгіме болуда. Министрліктің араласуымен бұл мәселе енді ғана шешіліп жатқан секілді.
Қай аймақта, қай ауданда болмасын, сол жердің әкімдері мектепте болып жатқан жағдайға мектеп басшысымен бірдей жанашыр әрі жауапты болу керек.
Қазіргі баршылық заманда балалардың тәни өсіп-жетілуі климаттық ерекшелікке де байланысты. Біздегі климаттық жағдай балалардың өсіп-жетілуіне қолдасады. Оның үстіне арнайы ақпараттың көбеюін, теледидардағы «бостандық» деген сылтаумен жоғарғы сынып жастарының ойына келгенін жасайтынын ескерейік. Осыны ата-ана, мұғалім ыждағатты бақылап, ұл мен қызды жұмсақ мінезді кісілікке, болашақ тұлға ретінде олардың ой-өрісін, дамуын бағдарлай отырып, алдағы өмірге баулуы керек.
Жасыратыны жоқ, көптеген жастар арасында қатыгездік, қыздардың жүкті болуы, басқа да келеңсіз жағдайға, орны толмас өкінішке ұрынуы бүгінде көбейіп кетті. Оған кім жауапты? Әрине, ата-ана, мұғалім.
Жамбыл облысында болған оқиғада көліктің ішінде босанған қыздың анасы сол нәрестені көліктің есігін ашып жолға лақтырып кеткен. «Ана» болғаныңа болайын-ай! Үйдегі қыз баламен сырласпаған, болашағын бұлдыр еткен мұндай аналарымыз да «ана» аталып жүр.
Дәретханаға, құдыққа жаңа туылған балаларды тастап кету туралы ақпараттар теледидарда жиі айтылуда. Бұл көтеріліп отырған түйткілді жайлар қоғамның, ұлттың болашағына зиян келтіретін мәселе екенін түсінетін уақыт жетті. Ата-ана, мұғалім, мектеп директорларымен бірге әкімдер де бұл іске жауапты. Әрі-беріден соң бұл бүкіл қоғамымызға таңба, ұят іс. Адам тағдыры қандай жағдайда болмасын, қай жерде болмасын бірінші орында болу керек.
Біздің болашағымыз – жастар. Олардың бәрі бірдей осындай мысалға арқау болмай, теледидардан жетістікті көбірек көрсетсек бір ғанибет. Ата-ана, мектеп басшылары мұндай мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Нақ осындай тәлімді тәрбие ісінен ұлт болашағына жауапты мамандар, яғни педагог кадрлар даярлап отырған жоғары оқу орындарымыздың ректорларынан бастап, бүкіл профессор, доцент, ұлағатты ұстаз оқытушылар қауымы да тыс қалмасын, өз мойындарына ізгілікті парыз жүктесін дегім келеді.
Әлия Бейсенова,
ҰҒА академигі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география және экология ғылыми-әдістемелік орталығының меңгерушісі.