Кеше Парламент Мәжілісінің алғашқы жалпы отырысы болды. Мәжіліс Төрағасы сайланғанға дейін заңға сәйкес жиынға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов төрағалық жасап, алдымен күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Күн тәртібіне жеті мәселе – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасын сайлау, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасарларын сайлау, Қазақстан Республикасының Үкіметіне сенім білдіру, Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің саны мен атауы, Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің төрағаларын сайлау, Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің мүшелерін сайлау және Электронды жүйенің қолданылуын бақылау жөніндегі уақытша комиссияны сайлау туралы мәселелер енді.
Күн тәртібі бекітілген соң депутаттар реті-ретімен мәселелерді қарауға кірісті. Бірінші мәселе Мәжіліс Төрағасын сайлауға байланысты Қ.Тұрғанқұлов жалпы отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген болуы керектігін, Мәжіліс депутаттарының арасынан палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайланатынын, Мәжіліс Төрағасы лауазымына кандидаттарды палата депутаттары ұсынатынын жеткізді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров Мәжіліс Төрағалығына Бақтықожа Ізмұхамбетовті ұсынды. «Бақтықожа Салахатдинұлы – тәжірибесі мол, әртүрлі салада қызмет атқарған тұлға. Еңбек жолын 1971 жылы өндірістен бастап, мұнай-газ саласында жиырма жылдан астам еңбек етті. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарда ұзақ жылдар қызмет атқарды. Атап айтсақ, Энергетика және минералды ресурстар министрлігін басқарды, облыстарға әкім болды. Одан басқа, Бақтықожа Салахатдинұлы депутаттық жұмысты жетік біледі. Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжiлiсі Төрағасының орынбасары лауазымын абыроймен атқарды. Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасы бойынша Үкіметпен, басқа да атқарушы органдармен бес институттық реформаны, «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бірлесіп, белсене жұмыс жасау қажет. Бақтықожа Салахатдинұлы еліміздің көп партиялы Парламенті депутаттарын біріктіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын тұлға деп есептейміз. Сол себепті ұсынылған кандидатураны қолдауларыңызды сұраймын», – деді Н.Әбдіров.
Төраға лауазымынан үміткердің өз сөзін тыңдауды, сондай-ақ сұрақ қоюды басы артық санаған әріптестері кандидатураны талқылауға бір-ақ көшті.
Депутат Шауқат Өтемісов өз сөзінде Мемлекет басшысының Парламент алдына жаңа міндеттер қойып отырғанын, осы міндеттерді жүзеге асыру барысында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе жұмыс жасайтын сәт туып тұрғанын жеткізді. Депутаттың пікірінше, палата Төрағасын сайлау үлкен жауапкершілік жүктейді. «Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов қай кезеңде болса да, қандай қызмет атқарса да өзін білікті жетекші, тәжірибелі ұйымдастырушы және жауапты саясаткер ретінде көрсете білді. Оның жұмыс тәжірибесінде Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары болып қызмет атқарғаны депутаттар үшін ерекше маңызды жайт. Бұл біздің палатаның жұмысын нақты және тиімді жолмен ұйымдастыруға негіз болатыны еш күмән туғызбайды», – деді Ш.Өтемісов.
Қазақстан Коммунистік халық партиясынан депутат Владислав Косарев өз сөзінде өткен сайлау елдегі саяси күштердің бірлігін көрсеткенін айта келе, кең ауқымды саяси пікір алуандығы бар кезде бірлік пен мақсаттылық таныту елдің біртұтас даму жолында екенін аңғартатынын атап көрсетті. Ол әріптестерін билік пен халықтың бірлігін нығайта отырып, алдағы асқаралы биіктерді бағындыруға шақырды. Төрағалыққа ұсынылып отырған Бақтықожа Ізмұхамбетовтің еңбекқорлығын, істің адамы екенін жақсы білетінін жеткізіп, оның кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеді.
«Ақ жол» демократиялық партиясы атынан сөз алған Азат Перуашев Бақтықожа Салахатдинұлы өндіріс саласында, мемлекеттік басқару саласында да өлшеусіз еңбек еткен тұлға екенін айта келіп, «Ақ жол» фракциясы оның кандидатурасын қолдайтынын жеткізді. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған Роман Ким де Бақтықожа Салахатдинұлының өндірістің қыр-сырын жетік білетін, сондай-ақ, жергілікті және орталық басқару органдарында ұзақ жыл қызмет атқарған мемлекетшіл тұлға, Парламент қызметінен де жан-жақты хабардар екендігін назарға салды. Ұлтаралық келісімді нығайтудағы үлесін де ерекше бағалайтынын айта келіп, оның басшылығымен Парламент Мәжілісі заңдық тұрғыдан Елбасының бес институттық реформасын және басқа да стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыруға сенімді екенін білдірді. Сөзінің соңында әріптестерін Б.Ізмұхамбетовтің кандидатурасын қолдауға шақырды.
Сөйтіп, жасырын дауыс беру нәтижесінде VI шақырылым Парламент Мәжілісінің Төрағасы лауазымына Бақтықожа Ізмұхамбетов бірауыздан сайланды. Ал Парламент Мәжілісінің жаңадан сайланған Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов сенім көрсеткен әріптестеріне алғысын жеткізді. «Мен мұны өзіме көрсетілген үлкен сенім және мен үшін жоғары жауапкершілік деп түсінемін. Өткен сайлау біздің бірлігіміз бен топтасқанымызды көрсетті. Қазақстандықтар Елбасының елімізді дамыту аясында ұсынған стратегиялық бағыттың дұрыстығын және мұқият ой елегінен өткізгендігін түсінді, оған сенеді. Сайлаушылардың бұрын-соңды болмаған белсенділігі де осыны көрсетті деп ойлаймын. Бүгін Қазақстанда көппартиялы Парламент дәстүрі қалыптасқанын сеніммен айта аламыз. Екінші сайлау қатарынан үш партия халықтың сеніміне ие болып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы біздің көпұлтты халқымыздың әртүрлі этнос өкілдері Мәжіліске енді. Парламенттің пікір алуандығы берік орнығып келе жатқанын біздің еліміздегі демократияның белгісі деп білуіміз керек», – деді Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде.
Әрі қарай ол биыл Қазақстан үшін мерейлі жыл екенін назарға сала келе: «Біз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлағалы отырмыз. Осы уақыт ішінде елімізде елеулі үлкен істер жүзеге асты, сонымен қатар, әлі де жасайтын қызметтеріміз көп. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз халықтың көкейкесті проблемаларын анықтап, оларды шешуге барынша жәрдемдесуіміз керек. Елімізді құқықтық, әлеуметтік, демократиялық мемлекет ретінде орнықтыру жолымен алға қарай ілгерілете беруіміз үшін депутаттарға ерекше жауапкершілік жүктеледі. VI сайланған Парламент осы сенімді ақтайды деп сенемін», – деді.
Жаңадан сайланған Мәжіліс Төрағасы әрі қарай, жалпы отырыстың тізгінін өз қолына алып, күн тәртібіндегі келесі мәселеге көшті. Ол, әрине, Төрағаның орынбасарларын сайлау-тұғын. Б.Ізмұхамбетов өзінің депутаттық құқығын пайдалана отырып, Төрағаның екі орынбасары лауазымдарына Владимир Божко мен Гүлмира Исімбаеваны ұсынды. Ұсыныс Мәжіліс депутаттары тарапынан қолдау тауып, екеуі де Мәжіліс Төрағасының орынбасары болып сайланды.
Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі үшінші мәселе – Парламенттің Үкіметке сенім білдіруі туралы мәселе еді. Депутат Татьяна Яковлева аталған мәселені талқылап жатпай-ақ, бірден дауысқа қою жөніндегі ұсынысын білдірді. Сөйтіп, дауыс беру нәтижесінде 96 депутат жақтап, 4 депутат қарсы болып, 7 депутат қалыс қалып, басым көпшілік дауыспен Үкіметке сенім білдірілді. Сонымен, Кәрім Мәсімов басқаратын Үкімет қызметін жалғастыра беретін болады.
Өз кезегінде сөз алған Премьер-Министр К.Мәсімов алдымен Мәжіліс депутаттарын жаңа ғана сенім мандатын алған Үкімет құрамының атынан құттықтайтынын жеткізді. «Үкімет сол сенімді ақтау жолында жұмыс істейтін болады. Бүгін Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттерді жан-жақты атап көрсетті. Елбасы тапсырмаларын іске асыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жолында бірлесе атқаратын жұмысымызға сәттілік тілеймін», – деді Кәрім Қажымқанұлы.
Үкімет басшысының атап өткеніндей, Үкімет қазіргі уақытта 100 нақты қадам стратегиялық жоспарын жүзеге асыруды қолға алып отыр. «Депутаттар мен Үкіметтің тығыз жұмысының арқасында «100 нақты қадамды» жүзеге асыруға бағытталған бірқатар заң жедел түрде қабылданды. Парламент пен Үкіметтің арасындағы тиімді байланыстар – президенттік жоспарлардың сәтті іске асуының кепілі», – деді К.Мәсімов.
Премьер-Министр өз сөзінде әлемдік экономикадағы дағдарыс кезінде Үкіметтің алдына Мемлекет басшысы жаңа, жауапкершілігі жоғары міндеттерді қойып отырғанын, ал Үкіметтің елдің дамуына бағытталған экономикалық саясатты жүзеге асыруға барлық күш-жігерін салатынын шегелей айтты.
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының күн тәртібіндегі төртінші мәселе төменгі палатаның тұрақты комитеттерінің саны мен атауы жөнінде болды. V сайланған Парламент Мәжілісінде де 7 тұрақты комитет жұмыс істеген еді. Олар: Аграрлық мәселелер комитеті, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті, Қаржы және бюджет комитеті, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті, Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитеті, Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитеті.
Депутат Майра Айсина Мәжілістің тұрақты комитеттерінің саны мен атауын сол қалпында өзгеріссіз қалдыруды ұсынды. Бұл ұсыныс депутаттар тарапынан толықтай қолдау тапты.
Келесі кезек, яғни күн тәртібіндегі кезекті мәселе тұрақты комитет төрағаларын сайлауға қарай ойысты. Мәжіліс Төрағасы Б.Ізмұхамбетов комитет төрағалығына кандидатураларды өзі ұсынды. Сонымен, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы қызметіне Сапархан Омаров, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы қызметіне Гүлнар Ықсанова, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы қызметіне Нұрлан Әбдіров, Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы қызметіне Гүлжан Қарақұсова, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне Мәулен Әшімбаев, Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы қызметіне Глеб Щегельский, Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің төрағасы қызметіне Роман Скляр бірауыздан сайланды.
Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі қалған басқа мәселелер бойынша да тиесілі шешімдер қабылданып, Парламент Мәжілісінің депутаттары алғашқы жалпы отырысты ұйымдастыру мәселелеріне арнады.
Парламент Мәжілісінің алғашқы жалпы отырысы жетіліктер жымдасқан жиын болды. Әңгіменің әлқиссасы 107 депутат сайлануымен әдіптелсе, күн тәртібіне 7 мәселенің енуімен өрнектелді. Оның сыртында Мәжілістің тұрақты 7 комитетін, 7 комитеттің 7 төрағасын қайда қоясыз. «Бәрін айт та бірін айт», Бақтықожа Ізмұхамбетов Мәжілістің жетінші Төрағасы!
Негізі, жеті саны қазақ үшін жақсы сан саналады ғой. Ендеше, жетілік үйлесім тапқан Мәжілістің жаңа құрамынан елімізді жетістікке жетелейтін сапалы заңдар күтеміз.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».