26 Наурыз, 2016

Футболдан Қазақстан құрамасы Әзербайжанды жеңді (фото, видео)

255 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
26-03-2016-Kaz-Aze 01АСТАНА. 26 наурыз. Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы Әзербайжанмен жолдастық кездесу өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Матч Түркияның Анталья қаласында өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ойынды біздің жігіттер ширақ бастады. Бірден допқа иелік еткен қазақстандықтар бар болғаны 8-минутта есеп ашып үлгерді. Атап айтқанда, Серікжан Мұжықов пен Бауыржан Исламханның ұйымдастырған шабуылына Мақсат Байжанов нәтижелі нүкте қойып, голдың авторы атанды. Голдан қанаттанған жерлестеріміз бұдан кейін де бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Алайда, олар шешуші сәттерде мүлт кетіп, есепті еселеу мүмкіндігін пайдалана алмады. Өз кезегінде Әзербайжан құрамасының ойыншылары таразы басын теңестіруді көздегенімен, үзіліске дейін ол ойларын жүзеге асыра алмады. Екінші таймды қос команда да өте белсенді бастады. Тіпті, 56-минутта Сергей Хижниченкода есепті еселейтін тамаша мүмкіндік болғанымен, оның қақпаға бағыттаған добы нысанадан қиыс кетті. Артынша Мақсат Байжанов дубль атану мүмкіндігін мүлт жіберді. Оның жолына Әзербайжан қақпашысы Кямран Агаев тосқауыл болды. Ойын соңына дейін қарсыластар алма-кезек шабуылдағанымен, есеп өзгерген жоқ. Жаттықтырушылардың ойынға өзгеріс енгізбек болып, жасаған қадамдары да еш нәтиже алып келмеді. Осылайша Қазақстан құрамасы жеңіске жетіп, футболшыларымыз отандық жанкүйерлерді бір қуантты. Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Юрий Красножан қызметінен кеткелі бері футболдан ұлттық құрамамыздың бас жаттықтырушысы әлі тағайындалған жоқ. Сол себепті, бүгінгі ойынға бас командамызды Талғат Байсуфинов пен Нұркен Мәзбаев бастап шықты. Сондай-ақ, жаттықтырушылар құрамында Андрей Ферапонтов пен Юрий Новиков бар. Бұл мамандардың жетекшілігімен Қазақстан 29 наурыз күні тағы бір жолдастық кездесу өткізеді. Аталған сында футболшыларымыз Грузия құрамасымен шеберлік байқасады. Одан бөлек, бүгінгі ойын ұлттық құрамамыздың 2016 жылғы бірінші ресми кездесуі екенін атап өткен жөн Қазақстан – Әзербайжан 1:0 26 наурыз. Анталья, Түркия. «Глория Спорт Арена» стадионы. Төрешілер: Али Палабийик, Джейхун Сесигюзел, Керем Эрсой (бәрі де – Түркия). Қазақстан: Стас Покатилов, Елдос Ахметов, Юрий Логвиненко, Сергей Малый, Дмитрий Шомко, Мақсат Байжанов (Исламбек Қуат 60), Бауыржан Исламхан (Азат Нұрғалиев 64), Ұлан Қонысбаев (Тимур Досмағамбетов 67), Серікжан Мұжықов (Гафуржан Сүйімбаев 75), Самат Смақов (Асхат Тағыберген 88), Сергей Хижниченко (Алексей Щеткин 71). Әзербайжан: Кямран Агаев, Бадави Гусейнов, Ариф Дашдамиров, Максим Медведев (Магомед Мирзабеков 46), Рашад Садыгов (Тарлан Гулиев 46), Араз Абдуллаев (Эльвин Мамедов 69), Гара Гараев ( Руслан Абышов 73), Афран Исмаилов (Намик Алескеров 61), Дмитрий Назаров, Агабала Рамазанов (Джавид Тагиев 46), Руслан Гурбанов. Гол: Мақсат Байжанов 8. Ескерту: Исламбек Қуат 86. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: vesti.kz. 26-03-2016-Kaz-Aze 03 26-03-2016-Kaz-Aze 02