29 Наурыз, 2016

17 отбасы баспаналы болды

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сурет. пәтерНаурыз мейрамы қарсаңыңда қала әкімдігінің ғимаратында «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасының «Қа­зақстан ипотекалық компаниясы» ипоте­ка­лық ұйымы» акционерлік қоғамы тұрғын үйі бағыты бойынша пәтерлер кілттерін табыстау салтанаты болды. Қала әкімі Бекбол Сағын мерекелік шараға қатысушыларды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған 17 азаматқа №12 шағын аудандағы «Кеңдала» және №41 разъездегі «Алтын дала» тұрғын үй кешенде­рінен су жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады. Жалдамалы пәтерлер кезекте тұрған бюджеттік және мемлекеттік қызметкерлерге, толық емес, көп балалы және мүгедек балалары бар отбасыларға, жетім, ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қалған балаларға, әскери қызметшілерге берілді. – Аталған бағдарлама бойынша үміткерлердің тізімі кезек­тегі азаматтардан құжаттар қа­былданғаннан кейін қала әкім­дігі жанындағы комиссия­сы құ­рылып, «Бәйтерек» Ұлттық бас­қарушы холдингі» АҚ Қазақстан ипотекалық компаниясына төлем қабілеттерін анықтау үшін жолданады. Төлем қабілеттерін растаған азаматтар бүгін тұрғын үй алуда. Тағы 20 азамат осы тұрғын үйлерден пәтер алу үшін төлем қабілеттерін растауда. «Кеңдала» және «Алтын дала» тұрғын үй кешеніндегі тұрғын үйдің орташа құны 1 шаршы метрі үшін айына 901 теңге және 913 теңге шамасында болады. Жалдамалы тұрғын үй алдын ала төлемсіз, сатып алу құқығымен 20 жылдық мер­зімге беріледі. Бұл мерзім өткеннен кейін тұрғын үй жалға алушының жеке меншігіне өтеді. Тұрғын үйді 5 жыл жалдағаннан кейін қалдық құны бойынша ай сайынғы қалған жалдау ақысымен сатып алуға болады. Қазіргі таңда үстіміздегі жылғы 18 наурызға дейін кезектегі азаматтардан «Батыс-1» шағын ауданындағы 192 пәтерге және Ленинградская көшесіндегі 9 пәтерге электронды нұсқада құ­жат­­тар қабылдануда. Сонымен қа­тар, «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағдарламасы бойынша «Нұр Ақтөбе» ауданындағы 234 пәтерге азаматтардың төлем қа­білеттерін тексеру бойынша жұмыстар жалғасуда, – деді Бекбол Сағын. Су жаңа баспаналы болғандар халқымыздың ұлық мерекесімен қатар қоныс тойын тойлайтын­дарына дән риза. Дағдарыс жағ­дайында да осын­дай қолжетімді баспана алу қуаныштарының Наурыз ме­рекесімен тұспа-тұс келуін жақ­сы­лыққа балап, шат-шадыман болу­да, осының барлығы Елбасы­ның са­­рабдал саясатының нәтижесі деп бағалауда. Шаһар басшысы атап өт­кен­дей, Ақтөбе қаласында Мем­лекет басшысының бастама­ларын жүзеге асыру барысын­да тұрғын үй құрылысы бағдар­ламалары жүзеге асырылып, 2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 4 215 отбасы бас­па­налы болған. Және де бұл жұ­­мыстар алда да өз жалғасын таба бермек. Қалада тұрғын үй кезегінде 17 мыңнан астам азамат тұр. Мүмкіндігінше, солардың барлығын таяу жылдарда баспаналы ету міндеті қойылуда. Биыл «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкі АҚ жүйесі бойынша құрылысы өткен жылы басталған 540 пәтерлі 10 блок-секциялы 3 үй тапсырылады деп күтілуде. Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында облы­сы­мызға қосымша қаражат бөлі­нетін болды. «Нұр Ақтөбе» тұр­ғын үй ала­бының №3 және №4 шағын аудандарында жалдамалы тұрғын үйлерді салу қа­рас­тырылған. Биыл мұнда 1728 пәтерлік 9 тұрғын үйді салу жос­парланып отыр. Сатыбалды СӘУІРБАЙ,  «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.