Еліміздегі инновациялық мәнге ие өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан облысы. Оның мұнай-газ секілді стратегиялық шикізат көздеріне жақын орналасуы аймақтың инновациялық сипатын тереңдете түседі. Солай дей тұрсақ та, бүгінгі әлемдік рынокта елімізде өндірілетін шикізат көздері бағасының төмендеуі жағдайында бұған басымдық бере берудің де жөні жоқ секілді. Сонда облыс экономикасын өрге бастырудың басты жолы қандай болмақ?
Бұл сауалға бірден жауап қайтармас үшін өткен аптада Президент Жарлығымен Батыс Қазақстан облысына әкім болып Алтай Көлгіновтің тағайындалғанын тағы бір мәрте айта кеткенді жөн көреміз. Газетімізде бұған дейін хабарланғанындай, осы өзгеріске байланысты актив жиналысы өткізіліп, оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Президент Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматуллин қатысқан еді. Айтайын дегеніміз, осы актив жиналысы үстінде Үкімет басшысы облыста бірінші кезекте атқарылатын аса маңызды міндеттердің қатарында индустриялық-инновациялық тұрғыда даму бағытын атады. Осылайша, ол бізге аяқастынан тақырып тауып бергендей, тың ой салғандай әсер қалдырды.
Иә, тек бір ғана Қарашығанақ мұнай-газ кенішінен түскен табыс пен пайдаға иек артып отыра берсек, көп нәрседен ұтыларымыз анық. Сондықтан өңір экономикасын әртараптандыруға баса мән беру қажеттілігі байқалады. Талас жоқ, бұл үдерістің басталып кеткеніне де біршама уақыт болды. Бүгінгі мақсат – осы бағытты одан әрі жалғастыру болмақ. Әрине, бұл үшін индустриялық-инновациялық дамуға жұмсалатын инвестициялар көлемін одан әрі ұлғайту ісі кезек күттірмейді. Соның ішінде шетелдік инвестициялар үлесі айтарлықтай өсіп жатса, нұр үстіне нұр. Премьер-Министр шекаралас өңірдің одан әрі дамуына қажетті фактордың бірі ретінде сауда-экономикалық қатынастарды жақсарта түсуді атады. Бұл міндет көршілермен, соның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен байланыстарды ұтымды жолға қойып, геоэкономикалық қарым-қатынастарды тиімді түрде тереңдету қажеттігін көрсетеді.
Сонымен бірге, Орал өңірі ежелден республикадағы ауыл шаруашылығын дамытуға ыңғайлы өңірлердің қатарына кіретінін айтуымыз керек. Әсіресе, облыстың оңтүстік бетінде орналасқан аудандар жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Бұл мәселе Мемлекет басшысының бұған дейінгі жолдауларының біріне өзек болып тартылғаны да ұмытыла қойған жоқ. Ақжайық атырабында атакәсіпті заман талабына сай жаңғырту мәселесіне келгенде өткен тарихымызға тағы бір үңіліп одан тиісті тағылым алғанымыз артықтық етпейді. Айталық, Бөкей ханның мал жайылысы үшін тиімді де оңтайлы тактика белгілеп, оған түгін тартса майы шығатын Еділ мен Жайықтың аралығындағы ұшы-қиыры жоқ кең алқапты таңдағаны тектен-тек емес шығар.
Малды жайылымда бағу арзан мәрмәр ет өндірудің басты жолы. Осындай жолмен өсірілген мал еті экологиялық тұрғыдан таза әрі сіңімді келеді. Жоғарыда айтылғандай, атакәсіпті жаңғырту мәселесі ендігі жерде оған кешенді көзқарас тұрғысынан келуді қажетсінеді. Яғни мұның өзі мал өнімдерін қалдықсыз технология бойынша өңдеу қажеттілігінен туындайды. Аймақта мұндай жобаларды одан әрі жетілдіре түсудің мәнісі осында. Сондай-ақ, өңірдегі егістік алқаптарды тиімді технологияға негіздеудің де орны айрықша. Бүгінде облыстағы дәнді-дақылдар алқабын тым кеңейте берудің тиімсіз екендігі айтылып та, жазылып та жүр. Солай екеніне талас туғызу қиын. Өйткені, бұған дейінгі бірқатар тәжірибелер алдыңғы пікірдің дұрыс екенін дәлелдейді. Қайткенде де мұндағы басты мақсат интенсивті технология арқылы гектар берекесін арттыруға, көлемі аз алқаптан, барынша мол өнім алуға аударылса ұтылмасымыз анық.
Тағы бір айтарымыз, бұған дейін бірқатар жобалар қолға алынғанына қарамастан, облыста жол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне келгенде әлі де атқарылатын және қолға алатын істер мол болып отыр. Бүгінгі күні Ақжайық аумағында автожол құрылысы қарқынын төмендетпеудің орны ерекше деуге болады. Премьер-Министрмен кездесу кезінде еңбек ардагері Сатыбалды Ахметов соңғы төрт жылда өңірде жол инфрақұрылымын жетілдіру және автожол құрылысын өркендету бағытында әжептәуір серпіліс болғанын, бұл тұрғыда облыстың бұрынғы әкімі Нұрлан Ноғаев тым жақсы талпыныс пен табандылық танытқанын атап көрсетті. Соның нәтижесінде соңғы үш-төрт жылда өңірге аталған саланы жолға қою үшін 20 миллиард теңге қаражат тартылған екен.
Осы орайда айта кетерлік тағы бір жайт, сонау кеңестік кезеңде, тіпті, оның бер жағындағы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында республиканың өзге өңірлерімен салыстыра қарағанда Батыс Қазақстан көш кейін қалып қойды. Содан кейін мұның өзі бір ырықтан шығып кеткен соң, қапелімде күш бере қоя ма?! Бір қарағанда салмақты сома көрінетін 20 миллиард теңгенің өзі Жайықтағы жол құрылыстың жұмырына жұқ болмағаны тағы да белгілі. Сондықтан да аға ұрпақ өкілі Сатыбалды Ахметов бұл қаражаттың да жеткіліксіз болып шыққанын Үкімет басшысына және активке қатысушыларға баяндап берді. Тағы бір түйткілдің төркіні төмендегіше. Облыс жолдарында және Орал қаласында салынған жаңа жолдардың кейбір жағдайда сапасыз болып шығатыны да қынжылтпай қоймайды.
Бұл жайттың өзі тендерлер өткізу тәртібі мен оның мерзімін реттеуді, күрделі жөндеу ісін технологиялық әлеуеті жоғары, кәсіби деңгейі терең, бірінші кезекте сапаға баса мән беретін мердігерлерге беру керектігін көрсетеді. Ал тендерлердің өткізілу мерзімі дегенде айтайын дегеніміз, бірқатар жағдайларда бұл үдеріс тым кеш өткізіліп, жол құрылысы күз келіп, қара суық соққан кезде басталып жататын жайттар да кездеседі. Бұл асфальт төсеу технологиясына кереғар жайт екені де белгілі. Содан соң сапа қайдан жақсы болсын? Біздің ойымызша, жол инфрақұрылымын дамыту ісіне де кешенді көзқарас қажет. Осы арқылы қосымша жұмыс орындарын ашуға және ішкі туризмнің өрісін өсіруге мүмкіндік туады.
Мысалы, республиканың ең шалғай аудандарының бірі Бөкей Ордада тарихи мұражай кешені орналасқан. Оны жаңғыртуға әр жылдары облыс бюджетінен қомақты қаражат жұмсалады. Мұнда елдіктің тарихына қатысты қойылған экспонаттар, қазақтың қайраткер қызы Алма Оразбаеваның үйі, қыздар училищесі, тарихи тұлғалар – Жәңгір хан, Дәулеткерей, Салық Бабажановтың кесенелер шоғыры ешкімді де енжар қалдыра алмайды. Кешенге алыстан атбасын тіреп келетіндер де аз емес. Тіпті, таяу және алыс шетелдердің өзінен арнайы келіп Бөкей Ордасындағы тарихи-мұражай кешенін тамашалауға қызығушылық танытып жүргендер бар. Мұның бәрі әрине, дұрыс делік. Туристік тартымдылық алыс ауданда туып жатса, бұған тек қол соғу керек шығар. Дегенмен, әттең тонның келтесі-ай дегендей, кешенге дейін жететін бүгінгі заманғы асфальт жолдың жоқтығы кәдімгідей қинайды.
Осы орайда жол құрылысында қыруар іс атқарылды, пәленбай жылдың ішінде пәленбай шақырым жол салынды. Пәленбай көше жөнделді деген ыңғайдағы атқарылған істің нақты ауқымын көрсете алмайтын жалпылама деректерге аса бір құмар бола берудің реті жоқ болса керек. Керісінше, мұндай деректерді салыстармалы түрде немесе жалпы жүргізілген немесе жүргізілетін тиісті көлемнің пайыздық көрсеткіші ретінде көрсетсе көпшілікке түсініктірек болар ма еді деген де ой келеді. Қысқасы, тұтастай Ақжайық аймағында, соның ішінде Орал қаласында жол құрылысы мәселесі әлі де бірқатар тың жобаларды іске асыруды қажет етеді. Жол инфрақұрылымының өзіндік құны аса қымбат екені де белгілі. Оның бәрін тіпті, байлығы асып-тасыған мықты мемлекет бюджетінің өзі көтере алмасы кәміл. Жол құрылысы үшін тек біржақты бюджеттік қаражатқа немесе жоғары жаққа алақан жая берудің өзі жергілікті атқарушы билік басшыларының дәрменсіздігі болып жүрмесін. Әрине, орталық бюджеттен трансферттер арқылы бөлінген қаражат ешқайда қашпайды ғой. Бұған қоса, жол құрылысына қажетті өзге қосымша баламалы жолдарды іздестіру осы арқылы инвестиция тартуға ұмтылу олардың қызметіне үлкен сын болмақ.
Ақжайық аймағы қайтсе қарышты дами алады? Біз бүгінгі материалымызда өзімізге осындай сауал қойып, оны тақырыпқа шығарып отырмыз. Әрі оған толықтай болмаса да, ішінара жауап қайтарған секілдіміз. Бұл айтылған мәселелер жергілікті атқару органдары жетекшілерінің, соның ішінде Батыс Қазақстан облысының жаңа әкімі Алтай Көлгіновтің назарына ілінсе, сөйтіп алда атқарылатын ауқымды істерге қозғау сала алса, алға қойған мақсатымыздың орындалғаны.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.