Н.Ә.Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңіндегі ұлт болашағының, қазақстандық дамудың сара жолын тағы бір мәрте айқындап берді.
Ұлт Жоспарының әу бастағы негізі өткен жылғы кезектен тыс президенттік сайлаудың тұғырнамасы ретінде белгіленгені баршаға аян. 2015 жылдың мамыр айында Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары атауымен ұлттың болашақ дамуының стратегиялық жоспарын халық талқылауына ұсынды.
Енді, міне, Н.Ә. Назарбаев Ұлт Жоспарында айтып өткендей, «Біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ бастық, оның басты мақсаты жүзеге асырылып жатқан «2050» Стратегиясымен бара-бар. ХХІ ғасырдың ортасында біз Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына қол жеткізуді жоспарлап отырмыз. 2015 жылдың сәуірінде өтіп, қазақстандықтардың абсолютті көпшілігі қолдау көрсеткен кезектен тыс президенттік сайлау барысында пайда болған бүкілхалықтық арманға айналды».
Н.Ә.Назарбаев бағдарламалық мақаласында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы барлық саланы қамтып, Ұлт Жоспарындағы орындалатын жаңа бастамалар туралы айтып өтті. Бұған дейін өзі тарапынан «бірқатар кеңес өткізіліп, сарапшылармен, саясаткерлермен, бизнес және қаржы ұйымдарының басшыларымен әңгімелесіп, халықаралық сапарлар мен кездесулер шеңберінде өзге елдердің мемлекет және үкімет басшыларымен кеңесіп» әртүрлі сараптамалардан, талқылаулардан өткен 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі 2016 жылдың 1 қаңтарынан басталғанын атап айтты.
Ұлт Жоспарында білім мәселесі де назардан тыс қалмады: «Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын реформалау адам әлеуетінің сапасын арттыруға жағдай жасайды. Білім беру саласында мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Білім беру үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетін болады», – деген адам дамуының тұжырымдамалық бағдарламасы қамтылған. Адам әлеуетінің даму сапасының жоғары елдер қатарына тек білім арқылы көтерілетіні тұжырымдалады. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Бәсекеге қабілетті дамыған ел болуымыз үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек», – деген еді.
Адам дамуының базалық көрсеткіштерінің негізгі компонентінің бірі білімділік – адамның білім жинау, қоғаммен араласу, заман талабына сай білікті мамандық алу мүмкіндіктерін қарастыратыны белгілі. Бұлардың бәрі – білім беру мекемелерінде жүзеге асырылатын жұмыстар. Бүгінгі таңда Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының миссиясы – еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатын бәсекелестікке қабілетті жаңа пішімдегі кәсіби педагог мамандар даярлау. Осыған орай еліміздің әлемге танылуына үлес қосатын білімді және білікті мұғалім мамандар даярлау қажеттігін институттың әрбір қызметкері өзінің кәсіби міндеті екенін жақсы түсінеді.
Бүгінде елімізде көптілділік өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Н.Ә.Назарбаев өзінің жылдағы Жолдауларында «үш тұғырлы тіл» жобасын іске асыруды жеделдетуге ерекше мән беріп келеді. «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласында да білім берудің үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқыту сапасын арттыру қажеттігіне тағы да тоқтап өтті. Сондықтан көптілділікті меңгерту, үш тұғырлы тілде оқыту – еліміздің білім беру жүйесіндегі педагогикалық негізгі бағыттардың бірі.
Осы орайда, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында көптілділікті іске асыру және дамыту бағдарламасы аясында 12 арнайы мамандық ашылып қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дәріс жүргізілуде. Қазақстанның алдыңғы қатарлы ЖОО-ларының тәжірибесіне сүйеніп 1-2-курс студенттеріне әр тілге жеке кредит бөлініп оқытылуда.
Жаһандық қаржы дағдарысынан туындап отырған жұмыссыздық мәселесі біздің елімізге де қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан Елбасы мақаласында «Қаржыландырудың көлемін арттыра отырып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» өзекті етіле түседі», – деп Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының идеясын өмірге енгізу қажеттігін қадап айтты.
Жұмыссыздықтың алдын алудың жолы – Білім беру саласындағы дуалды оқыту жүйесі. Теория мен практиканы біріктірген бұл жүйе бойынша болашақ мамандар оқу уақытының 70-80%-ын өндірісте, қалған 20-30%-ын оқу мекемесінде өткізеді. Бұл бағытта Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты аймақтағы дуалды жүйені қолдануға болатын мамандықтарды анықтап, «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу», «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «Дефектология» мамандықтары бойынша дуалды білім беру жүйесін енгізді. Болашақ мамандар өндіріс орындарында тәжірибе жинақтап, білімдерін жетілдіруде. Бітіріп шыққан түлектерді жұмыс орнымен қамтамасыз ету мәселесі де жолға қойылды. Алдыңғы уақытта да институт ұжымы Қазақстанды жаңғыртудың басты жобасы – Ұлт Жоспарын іске асыруға өз үлесін қоса береді.
Н.Ә.Назарбаев мақаласындағы «Мен қазақстандықтарды Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға, олар ашатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Біз өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз», деген сенімі білім беру саласындағы қызметкерлерге де үлкен жауапкершілік жүктейді.
Елбасының бағдарламалық мақаласында жүктелген міндеттерді орындауға әр қазақстандық атсалысуы тиіс. Сонда ғана біздің арманымыздың орындалатыны әліптік ақиқат.
Әділбек ӘМІРЕНОВ,
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты қазақ тілі және әдебиет
кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.
Павлодар.