31 Наурыз, 2016

Әйелдер бизнесіндегі «жасыл» технологиялар

441 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_8270Қазақстан Республикасы Президен­ті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия мен Қазақ­стандағы БҰҰ Даму бағдар­ламасы «Әйелдердің құқықтары мен мүмкіншіліктерін кеңейту» жобасы аясында, «Expo&Women» халықаралық ұйымы және «Ақбота» қоғамдық ұйымымен бірлесіп «Жасыл технологиялардың ұлттық академиясы» білім тарату орталығында «Әйелдер бизнесін дамытуға арналған жасыл технологиялар» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Оның жұмысына Ақмола облысының отыздан астам іскер әйелдері қатысты. Семинардың ашылу рәсімінде Парламент Мәжілісінің ІV-V шақыры­лымының депутаты Айгүл Соловьева, «EXPO&WOMEN» халықаралық ұйымының төралқа төрайымы Салтанат Рақымбекова, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссия хатшылығының меңге­рушісі Ерлан Райғаниев, «Ақбота» қоғамдық қорының директоры Татьяна Немцан құттықтау сөз сөйлеп, «Жасыл технологиялардың ұлттық академия­сы» орталығы үлгісіндегі «жасыл ке­шендерді» құру мен пайдаланудың артықшылығы туралы әңгімеледі. Арнасай ауылында өткен маңызды шараның негізгі мақсаты әйелдерді ЭКСПО-2017 көрмесінің жұмысына жұмылдыру, Ақмола облысындағы кәсіпкер әйелдерге «жасыл» кәсіпкер­лікті ұйымдастыруды үйрету, жеке кә­сіпкерлікті дамытуда және экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде «жасыл» технологияларды қолдануды насихаттау болып табылады. Осы ретте білім тарату орталығы 2015 жылдың 4 қыркүйегінде Ұлттық комиссия мен БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен ашылғанын айта кеткіміз келеді. Жарты жыл ішінде орталықта республиканың барлық өңірлерінен және Тәжікстан, Қырғызстаннан 500-дей адам оқу дәрістеріне қатысты. Орталық пиролиз пеші, күн панелі мен коллекторлары, құдығы және сорғыштары, жарықдиодты және фитодиодты жарықтандыру, сенсорлы көтергіш, энерготиімді терезелер және т.б. технологиялармен жабдықталған. Сонымен қатар, мұнда Қазақстанның құбылмалы ауа райы жағдайында биогумус технологиясында жыл бойы көк­өністер өсірілетін биовегитарий жы­лы­жайы, АҚШ мамандарының нұс­қау­лығымен өсірілетін арнайы дәру­мендендірілген жасыл көк өсіретін және тамшылатып суару жүйесі енгізілген фитодиодты жылыжайы орналасқан. Семинардың алғашқы күнінде оған қа­тысушылар аталған ерекше нысандарды аралап, озық технологияны қолдану тәжірибесімен танысты. Спикерлер «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов, Назарбаев Уни­верситет технопаркінің директоры Дияз Байсейітов, «Бәйтерек» корпорациясы» ЖШС менеджері Радмила Васильчук, халықаралық деңгейдегі бизнес-кеңесші Олег Мецик, «KunTech» ЖШС даму жөніндегі директоры А.Қалиев көпсалалы технологияның заманауи ерекшеліктері туралы шеберлік сыныптарын өткізді. Сонымен қатар, іс-шарада ең үздік «жасыл» технологиялар дерекқорының тұсаукесері өткізіліп, отандық жаңашыл­дардың жетістіктері жайлы, әлемдегі «жасыл» кәсіпкерліктің дамуы, әлеу­меттік кәсіпкерліктің экологиялық бренді, ерікті экотаңба және нарықтағы «жа­сыл» тауарлардың өсуі жайлы мәсе­лелер талқыланды. Семинар-тренинг аясында, Антонио Церилло басқарған италиялық делегация «Ауыл шаруашылығындағы инновациялық «жасыл» технологиялар» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісін өткізді. Италиялық «жасыл» кәсіпкерлік өкілдері «LTMBULLLtd» компаниясының басшысы Антонио Лателла, «АрчЭнерджигрупЭско» бас­шысы Фабрицио Серсанте өз тәжіри­белері мен мемлекеттерінде «жасыл» технологияларды қолданудың барысы жайлы айтып береді. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан».  Ақмола облысы, Аршалы ауданы.