Біздің осындай сауалымызға «Қазавтожол» АҚ жергілікті филиалы «Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарына темір-бетондар, қиыршық тас, цемент, әртүрлі жапсырмалар дайындалуда. Бұл жұмыстарды 2016 жылдың осы ақпан айында бастап, желтоқсан айына дейін аяқтау жоспарланған...» деп жауап берді.
Әрине, бұл хабар, жолдарының жөнделуін, Ащысу өзеніне салынатын көпір құрылысының басталуын бір жылдай уақыт күтіп жүрген Баянауылдың ауылдары үшін қуанышты жағдай. Ештен кеш жақсы. Көктем болса жақын. Тасқын қаупі бар. Ал, «Қазавтожол» АҚ жергілікті филиалының жоғарыдағы жауабына қарасақ, былтырғы тасқыннан кейінгі жолдарды, көпірді қалпына келтіру жұмыстары енді басталады. Еліміздің басқа бірқатар өңірлеріндегі сияқты біздің облыстың аудандары да қазір тасқын алдында қауіппен әбігер. Былтыр мысалы, сәуір айында Баянауыл арқылы Қарағандыға баратын республикалық маңызы бар алдында ғана күрделі жөндеуден өткен автокөлік жолын тасқын су басты. Бұған қоса облыстағы екінші бір апатты саналатын нүкте – Ақтоғай ауданындағы Шолақсор ауылы да жыл сайын су тасқынының бейнетін көреді.
Былтыр сәуірде Баянауылдың ауылдары тасқын су астында қалып, Теңдік ауылында, тіпті, ауданда төтенше жағдай жарияланды. Түн ішінде айналасын опырып-жапырып жеткен тасқын судан мал-жанды, бала-шағалы ауылдықтар сасқалақтап қайда барарларын білмей қалды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметтерінше, облыстағы Мойылды ауылы, Майқайың кенті, Лебяжі, Успен, Май, Ертіс аудандарының шалғай ауылдары жыл сайын су тасқынын бастан өткереді.
«Сәуірдің су тасқыны салдарынан Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара республикалық автомобиль жолында жасанды құрылғылар, көпір, құбырлар істен шықты. Тасқын Ащысу өзенінің көпіріне, ауданның 15-тен астам ауылдарының жолдарын бұзды...» деп жаздық былтыр.
Жергілікті билік сол кезде тасқын өтті, уақыт жетеді. Жер қара, күн жылы. Көп ұзамай бәрі қалпына келтіріледі, деп шалғайда тұратын баянауылдықтарға уәде берген-ді. Ауылдар қазір алаңдаулы. Таудан түсетін ағыл-тегіл қар легі, Қарағанды жақтан келетін мол судың қара тасқынға айналары сөзсіз. Былтыр тасқын 1981 жылы салынған ұзындығы 72 шаршы метр Ащысу көпірін бұзып өтті. Содан бері ауыл тұрғындары шыдамдылық көрсетіп, опырылған көпірді айнала өтіп, әйтеуір, өздерінше жол жасап, әрлі-берлі өтіп жүр. Бізге хабарласқан ауыл тұрғындарының айтуынша, Бірлік ауылының жанындағы республикалық жол бөлігінде жөндеу жұмыстары тіпті, аяқталмаған да көрінеді. Көпірсіз қалған Сәтбаев атындағы, Теңдік, Ұзынбұлақ ауылдарының тұрғындары айналма жолдан бейнет көруде. Ал қыста тас жолды боранмен ілесе келген қалың қар жауып тастайды. Біз бұл ауылдардың бәріне де барып қайттық, құлап жатқан көпірді де, опырылған көпірді, су шайған жолдарды өз көзімізбен көріп суретке түсіріп, ауыл ақсақалдарымен әңгімелескенбіз.
Енді, мәселенің мәнісіне келсек, біз жазып отырған бұл республикалық жолға, пайдалануға жарамай қалған Ащысудың көпіріне «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы жауапты. Филиал көпірді күрделі жөндеуден өткізу және жолдың 93-інші шақырымында жаңа көпір салу, Бірлік ауылындағы жол бойына су өткізу құбырларын тарту жөнінде жобалық-сметалық құжаттама да әзірлесе керек. Құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Жұмыс 2016 жылы аяқталады. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді, – делінді.
Ал Баянауыл аудандық әкімдігінің жауабына қарағанда, былтырғы су тасқыны салдарынан аудандық маңыздағы 7-бағытта және ауылішілік 4-бағытта жолдар бұзылған. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Өткен жылдың тамыз айында Үкіметтен осы жолдардың жөндеу жұмыстарына 804 579,0 мың теңге бөлінеді. Мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланып, конкурс нәтижелері бойынша аудандық маңыздағы 7-бағытта және ауылішілік 4-бағытындағы жолдардың жөндеу жұмыстарына «Алексеевка-Жаңажол» – мердігер «Май СК Астана» ЖШС, жоба құны келісімшарт бойынша 179 223,0 мың теңге, «Карашат – Жаңатілек – Новая Жайма» – мердігер «Вершина» ЖШС, жоба құны келісімшарт бойынша 147 245,2 мың теңге, «Қаражар-Южное» – мердігер «ДМ» ЖШС, жоба құны келісімшарт бойынша 43 393,1 мың теңге «Жаңажол-Ескелді» – мердігер «Айт-Строй» ЖШС жоба құны келісімшарт бойынша 57 574,9 мың теңге, «Баянауыл-Угольное» – мердігер «Сервис-НС» ЖШС жоба құны келісімшарт бойынша 64 447,5 мың теңге, «Бірлік ауылына кіреберіс жолы» – мердігер «Павлодаргордорстрой» ЖШС жоба құны келісімшарт бойынша 88 311,7 мың тенге, «Теңдік – Ұзынбұлақ» – мердігер «Сапа+» ЖШС жоба құны келісімшарт бойынша 34 811,6 мың теңге, «Қараащы ауылына кіреберіс жолы» – «Май СК Астана» ЖШС жоба құны келісімшарт бойынша 55 064,4 мың теңге, «Теңдік ауылына кіреберіс жолы» – «Архстрой-ЭЛИТ» ЖШС жоба құны келісімшарт бойынша 34 138,4 мың теңге, «Көкдомбақ ауылына кіреберіс жолы» – «АРХСТРОЙ-ЭЛИТ» ЖШС жоба құны келісімшарт бойынша 56 277,0 мың теңге, «Ұзынбұлақ – Ақши» – мердігер «Май СК Астана» ЖШС жоба құны келісімшарт бойынша 16 337,1 мың теңге компаниялар жеңімпаз болып танылады. Жолдардың жөндеу жұмыстары толық аяқталып, мемлекеттік қабылдау комиссиясы қабылдады. Ауылішілік Ақши – Ұзынбұлақ, Көкдомбақ ауылына кіреберіс бағыты бойынша жөндеу жұмыстары аяқталып, мемлекеттік қабылдау комиссиясы қабылдады. Бірақ, биыл Теңдік ауылына кіреберіс және Қараащы ауылына кіреберіс жолдарының жұмыстары аяқталмай қалды. Игерілмеген 26 466,0 мың теңге Үкімет қорына қайтарылды, – дейді аудан әкімдігінің бізге берген мәліметінде.
Ауылдарға кіреберіс жолдардың енді қашан қалпына келері белгісіз. Жергілікті әкімдіктегілер бұл мәселеге кінәлілер деп мердігерлер ұйымдардың жауапсыздығын айтады. Тіпті, Теңдік, Көкдомбақ ауылдары «Астана Қала-Құрылыс» серіктестігімен осы жауапсыздық жұмыстары үшін соттасып жүрген көрінеді. Бірақ, әкімдік жауабында екі ауылдың жолдарын жауапты «Астана Қала-Құрылыс» ЖШС-нің аты-жөні неге екені белгісіз, жазылмапты. Оның «Май СК Астана» деп жазылғаны да түсініксіз. Облыстық әкімдіктегі жиында екі ауылдың жолдарына «Астана Қала-Құрылыс» ЖШС жауапты, мердігер басшылармен жұмыс жүргізілуде делінді. Осылай енді бір-біріне сілтеу, бір-біріне жауапкершілік арту, соттасу басталады. Екі арада ауыл тұрғындары жол бейнетін тартып сол бұрынғы күйі қала берді. Егер Баянауылдың Теңдік, Көкдомбақ ауылындағы жолдың құрылыс жұмысына «Астана Қала-Құрылыс» ЖШС деген мердігерлік компаниясы жауапты болса шалғайда жатқан ауылдардың жолдарын жөндеп бермекші болып іс бастаған соң, бұл жұмысты жауапкершілікпен аяқтап, онсыз да жолдары жоқ, тасқыннан зардап көрген ауылдықтарды қуантуы керек еді. Екіншіден, былтыр жөнделді деген ауыл жолдарының сапасы қандай, алда болатын тасқындарға жөндеуден өткен жолдар шыдас бере ала ма, жоқ па? Тағы да осындай сұрақ. Бұл мәселе де ауыл тұрғындарын мазалайды.
Ащысу өзенінен өтетін көпірді жаңадан тұрғызу, республикалық жолдың тасқын шайып өткен бөліктерін қалпына келтіру үшін «Қазавтожол» АҚ-тың жергілікті бөлімшесіне миллиондаған теңге қажет екені сөзсіз.
– Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара республикалық автомобиль жолында су тасқыны салдарынан бұзылған Бірлік және Теңдік ауылдарының аумағындағы жол жөндеуден өткізіледі. Көпір қайта салынады. Осы ақпаннан басталып, сәуір-мамыр айларында қарқын алып, жаз айында толығынан күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады, – дейді «Қазавтожол» Павлодар облыстық филиалының директоры Ерсін Сариев.
Сондықтан әрине, көпір тұрғызу үлкен жоба. Бір күннің жұмысы емес. Бірақ, Ащысуға көпір салмай аудан орталығы мен Сәтбаев ауылдық аумағына қарасты шалғайдағы шағын бөлімшелер арасында байланыс жасау қиын. Көпірдің қайта салынуын ауылдықтар асыға күтіп отыр. Тіршілік көзі, ауылдарды аудан, облыс орталығымен байланыстыратын маңызды нысан. Алдағы су тасқыны бола қалса, көпірдің жанындағы айналма жолдың өзінен айырылып қаламыз ба деп отыр ауылдықтар. Сондықтан жоғарыға жағдайды нақты жеткізіп, талап етіп, көпір құрылысын жеделдету керек еді. Баянауыл ауданының әкімдігі бұл қиындықтың әрине, қаржыға тіреліп тұрғанын, «әйтпесе, ауылдар біздікі, ауылдықтарды қиын жағдайға қалдырмауға қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз», – дейді.
Ал енді алдағы көктем қалай болмақ?..
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы.