Мир держится на добрых людях,
Не на агрессии и зле.
И если доброты не будет,
То ничего не будет на земле,
Андрей Дементьев.
Махаббат жыршысы Адамзаттың анасы – қасиетті Қара жер мен тіреусіз Аспан жаратқан, төңкерілген көк күмбездей алып көкке Ай мен Күн орнатқан құдіреті шексіз, мейір, шапағаты мол Алла тағала әркімге әртүрлі тағдыр сыйлағаны сияқты, әр елге әрқилы өзгешелік те дарытқан. Содан да болар, әлемде қанша ел болса, сонша өзгешелік бар. Үш жағынан тебіренген теңіздің ерке толқындары өбіп жатқан түбекте орналасқан, жерінің жетпіс пайызы аспанның өзіне асқақ қараған таулармен көмкерілген Оңтүстік Кореяның бекзаттық пен нәзіктіктің символындай сымбаты бөлек сұлу сакурасы көрмегенді ынтықтырып, көргеннің көңілін арбап, көз жауын алады. Ағаш бұтақтарының ажарын ашып, үп еткен жел болса ұшып түскелі тұрған ақ мақтадай нәзік, алқызыл гүл – сакура көктем шығысымен құлпынайдай құлпырып шыға келеді. Сакураның көктеммен бірге гүлденуі тегін емес, оның терең сырын тіршілік иелерінің жасарып, жаңғыруымен табиғатпен табысып, жандүние жасауларының қызғалдақтай құлпырып, абаттана түсуімен астарлы айшықтайды корейлер. Жақсылықтың жаршысы, махаббаттың жыршысы сакура гүлдеген кезімен тұспа-тұс келді біздің Онтүстік Кореяға аса жауапты сапарымыз. Ырымшыл қазақ емеспіз бе, мұны жақсылыққа жорыдық. Қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ Ұлы ұстаз Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсам: «Бұл жөні-жолы бөлек оқшау сапар болды». Себебін қысқа қайырсам, жер көру, ел тануға саятын туризм де, іскерлік те, тіпті, шығармашылық та емес, не өмір, не өлім дейтін күрмеуі қатты, аса күрделі сауалдың түйіні шешілер тағдырлы сапар еді бұл. Тағдырлы болатыны – бірде ұшақ, бірде жол апатына ұшырап, жеті мәрте тура келген ажалдан Алла тағаланың әмірімен аман қалған, жиырма бір жастағы сүйікті, иықты, аса талантты ұлы – Данияры үйлену тойы үстінде о дүниеге аттанып кеткен мен бейбақта қайбір оңған денсаулық болушы еді. Сыншы Жұма-Назар Сомжүрекше айтсам: екі күннің бірінде жедел жәрдеммен ауруханадан бір-ақ шығып, жансақтау палатасына түсіп жатсам да, қаламым бір сәт қолымнан түспепті. Менің шығармаларымды түгел оқып, зерделей зерттеп, көлемді мақалалар жазған білікті сыншының сөзінен кейін де күні-түні тапжылмай жазу столында отырдым. Мұның бәрін тізбелеп жатқанымның екі себебі бар. Біріншісі – денсаулықты елемей, шамадан тыс көп жұмыс істеп, жүрекке жүк түсіргенім бір қателігім болса, одан да зор екінші қателігім – спортпен айналыспағаным, тым болмаса дене шынықтыру жасап, ең болмаса күніне бір сағат жаяу жүрмей, күні-түні тек қана жазумен, оқумен ғана айналысқаным. Барлығына уақыт тауып, ең басты байлыққа –денсаулыққа уақыт таппағаным – өмірдегі ең үлкен қателіктерімнің бірі. Осы жайлар бір өзінде бірнеше ауру бар, күніне бір уыс дәрі ішетін менің онсыз да осал денсаулығымды мүлдем ойсыратып кетті. Көп жылдан бері мазалап жүрген басты ауруға операция жасау ауадай қажет болды. Ол үшін алыс шетелге бару керек. Оған аса қомақты қаржы қажет. Ондай қаржы менде де, менің жақындарымда да жоқ. Тығырыққа тап болып, тұйыққа тірелген сәттерде: «Өмірдің көбі өтіп, азы қалған, жазы кетіп, қысы келгенде өле беруге болатын шығар», десем де: «Өмірде жақсы нәрселер көп қой, бәрін қимаймын, бәрінен бұрын әнді қимаймын», деп Тургенев айтқандай, жеме-жемге келгенде мен де бәрін қимадым, бәрінен бұрын жан жарым, профессор Құралай Ахметқызы Аққошқарованы қартайған шағында сүйенішсіз қалдырудан және әлі де болса елге берер еңбектерімді өлтіруден жасқандым. Жағдайдан хабардар болған Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев маған жедел моральдық, қаржылық қолдау көрсетті. Бірінші – Алла тағаланың, екінші – Нұрсұлтан Әбішұлының қайырымдылығының арқасында тағы да тура келген бір ажалдан аман қалдым. Нұрсұлтан Әбішұлы Президент Іс басқармасына шетелдегі ең ірі, аса сенімді клиника мен операция жасайтын білікті профессор табуды табыстаған екен. Елбасының ол тапсырмасы мінсіз орындалды. Қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ. Біздің Елбасымыз сол қасиетке ие. Президент Өзіне тән мейіріммен талайдың көз жасын құрғатты, талайдың өмірін ұзартты. Соның мыңнан бір мысқал мысалы Тараз қаласындағы «Батыр Баян». Біле білсең шапағаты барларың, Сүйген құлы болары хақ Алланың, – депті қасиетті кітапта (Құран, үшінші сүре, қырық бірінші аят). Нұрсұлтанды да, ол көшелі көсемдікпен көшін бастап келе жатқан Қазақ елін де Алла тағала маңдайынан сүйіп тұруының сыры да осында болар, бәлкім. Қысқа қайырсақ, Махатма Гандидің: «Я тебя любил, мой народ, и был нежно любим тобою», деген сөз Нұрсұлтанның қайталанбас хас Тұлғасының ажарын абаттандырып тұр. Президенттің асқан адамгершілігі мен аса қайырымдылығының арқасында наурыз айының 13-жұлдызында жұбайымыз екеуміз Алладан медет сұрап шетелге аттандық... Басқа емес, неге Сеул? Президент Іс басқармасы бастығының орынбасары Валерий Васильевич Бенберин мен осы мекеменің жауапты қызметкері Гүлжан Шымбаева халықаралық әйелдер мерекесі 8 наурыз күні де жұмыс істеп, шетелдердегі клиникаларды зерттеп, олармен келіссөз жүргізудің нәтижесінде маған Сеул қаласындағы «Асан» клиникасына баруды ұсынды. «Басқа емес, неге Сеул?» деген сұраққа олар: «Медициналық технология мен инфрақұрылым қатты дамыған Оңтүстік Кореядағы Сеул қаласында жүзге жуық клиника бар. Солардың ең ірісі де, ең озығы да «Асан» клиникасы. Сізге операцияны сол ең сенімді клиникада жасауға келістік. Бару, қайту билеттеріңіз де дайын. «Эйр Астанамен» ұшасыздар, – деп жауап берді. Осы әңгімеден соң екі күн өткен соң, наурыз айының 14-жұлдызында жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 10-да Сеулге жеттік. Әуежайда қарсы алған клиника өкілі Виктория мен елшіліктегі екінші хатшы Аслан жол бойы Оңтүстік Корея мен оның астанасы Сеул жайлы біраз тұшымды әңгіме айтты. Елдегі отыз миллион халықтың 10 миллионы Сеулде тұрады. Бұған қоса, Сеулге күніне 10 миллион жолаушы келіп, сонша адам кетеді екен. «Человек со звезд» атты сериалдың алдында да ролик көрсетіледі, небәрі 10 секундқа созылатын сол роликтен қала тіршілігінен хабар аласыз. Тәулік бойы ұйықтамайтын Сеулде 5 мың жылдық тарихы бар ғажайып ғимараттар мен бүгінгі зәулім үйлер қоршаған ортамен, табиғатпен әсем үйлесім, әдемі үндестік тапқан. Қаланы қақ жарып ағып жатқан Ханган өзенінде не көп, көпір көп. Жиі салынған көпір мен үлкен айналма жол жолаушылардың жүріп-тұруына аса ыңғайлы. Менің осынша жасқа келгенде көрген ең үлкен әуежайым Ыстамбұлда еді. Ол Сеул әуежайымен салыстырғанда алып асқар таудың жанындағы төбедей ғана екен. Жеңіл көліктер әуежай ғимаратының кез келген қабатына көтеріле береді. Сеул әуежайы ғимаратының үлкендігі сонша, билетіңізді тіркеткеннен кейін ұшаққа дейін бірде жеделсатымен, бірде экскалатормен, ең соңында пойызбен ең кемі бір сағаттай жүресіз. Айта берсек кереметі көп екен Оңтүстік Кореяның... Енді ең негізгі әңгімеге келейік те: «Басқа емес, неге Сеул?» деген сауалға жауап берейік. Сеулдегі 1989 жылы ашылған «Асан» медицина орталығының 22 қабат ғимаратының аумағы атшаптырым. Онда 2700 кереует-орын бар. Орталықта өте күрделі 57 мың операция жасалыпты. Жатқан төсегің еркін сыятын жүзден астам жеделсаты (лифт) мінсіз жұмыс істеп тұр. Емделушілер арасында орыс пен араб өте көп. Таяу Шығыс елдері мен Моңғолия, Жапония, оны айтасыз медицинасы дамыған Қытайдан келетіндер саны жыл сайын өсіп келеді екен. Ащы да болса ашығын айтайық, Кеңес өкіметінің шекпенінен шыққан біздің медицинамыз көп жыл кенже қалып қойыпты. Бір ғана мысал, біздегі беделді аурухананың өзінде анализдің қорытындысын бір тәулік күтесіз, мұнда сол сәтінде дәл айтады. Өте қымбат медициналық құрал-жабдықтар, ең бастысы – соларды еркін меңгерген білікті мамандар емнің шипалы болып, науқастың тез сауығып кетуіне мінсіз қызмет етеді. Аудармашылар армиясы алты тілді: ағылшын, қытай, жапон, орыс, араб, моңғол тілдерін еркін меңгерген. Бізге екі аудармашы қызмет көрсетті. Оның бірі – отыз үш жастағы корей әйелі Виктория Ли, екіншісі – жиырма тоғыз жастағы қырғыз қызы, Таласта туған Нұржамал. Қызмет көрсету мәдениеті өте жоғары, медбикелерден бастап профессор, доценттерге дейін иіліп, жұмсақ жымиып тұрады. Дәрігерлер ғана емес, медбикелер де ағылшынша ағып тұр. Өздері өңкей жас, өңшең сұлу. Науқас адам олар үшін патша. Асты-үстіне түсіп әлпештеуі жасанды емес, табиғи. Науқасқа шын ниетімен жаны ашитыны айқын танылып тұр. Қысқа қайырсақ, Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы «Асан» клиникасының кереметтері көп. Ең бастысы – ең озық дәрігерлік көмек пен шипалы емі. «Басқа емес, неге Сеул?» деген сауалдың жауабы да осы! Thank you, Сон Сан Хун! Ақсұр жүзінен жұп-жұмсақ нұр төгілген, ашаң денелі, кең маңдайлы келбетіне қою қасы мен шалқалата тараған қалың қара шашы ерекше жараса қалған, балғадай аяқ-қолы мен спорт шеберлерінің дене бітіміндей түр-тұлғасы орта бойын өзгешелендіріп, сымбаты бөлек сұлулық дарытқан жасы қырықтың о жақ, бұ жағындағы жігіт, неге екенін қайдам, маған бір көргеннен етжақынымдай болып көрінді. Сәл қысыңқы, қиық көзінде аздаған мұң бар. Бұл қуанышта тасымайтын, қиындықта жасымайтын ұстамдылықтың, ақыл-парасаттың белгісі. Кісілігі мен кішілігі сөзінен ғана емес, жүріс-тұрысынан, қабақ қағысынан айқын аңғарылып тұр. – Сәбит Аймұқанұлы! Танысып қойыңыз, сізді емдейтін, операция жасайтын профессор осы кісі. Аты-жөні – Сон Сан Хун, – деді қаршығадай қағылез, аласа бойында бір қырым артық еті жоқ, ап-арық корей қызы Виктория қысық көзімен маған сығырая сынай қарап. – Жөн,жөн. Танысқаныма қуаныштымын, – дедім мен. – Мен де, – деді профессор қолымды құшырлана қысып. – Естідім, атақты жазушы екенсіз. Қалам қайраткерлерін қатты құрметтеймін. – Біздің қазақта: «Жақсының өзінен бұрын аты жетеді», деген қанатты сөз бар. Атыңызға сырттай қанықпын. Біліктілігіңізге қоса, жүрегі жылы, қолы жеңіл дегенді де естідім. Әуелі бір Аллаға, сосын өзіңізге сеніп келдім. Менің ендігі тағдырым Сіздің қолыңызда. Көптен бері қинаған дерттен құтқара көріңіз. – Қобалжымаңыз. Мүмкін болғанның бәрін жасаймыз. Істің сәті біледі. Осы әңгімеден соң кеше келе салысымен басталған анализдер тапсыру, кардиограмма сынды сан түрлі емшаралар бірінен соң бірі, жедел жалғасып жатты... Біз жұбайымыз екеуміз аумағы атшаптырым алып ғимараттың ІІ-қабатындағы 8-палатаға орналасқан болатынбыз. Біздегідей емес, мұндағы палаталар ұзынша келген, үлкен екі бөлмеден тұрады. Екі бөлмелі палатаның кіреберіс бөлмесінде кухня, мұздатқыш, қол жуғыш, электрочайник, тіпті, микроволновкаға дейін бар. Оң жақта диван, стол, орындықтар. Осы бірінші бөлмеде келіссөз жүргізуіңе де, қонақ қабылдауыңа да болады. Төргі бөлмесінің бір қабырғасы тұтас терезе. Сол терезеден сыртқа көз тастасаң көз алдыңа көркем сурет келеді. Ханган өзенінің ерке толқындары алып ғимараттың іргесін еркелей өбіп жатыр. Көл үстінен тұрғызылған ұзын көпірден әртүрлі көліктер мен пойыздар үздіксіз жүйткиді. Көлдің арғы шетінде бауыры жалаңаштау, басы көкала бұлтты аласа тау. Неге екенін қайдам, көл бетін көктей тік ұшақтар жиі ұшады... Мен табиғат сұлулығына жанарымды суарып тұрғанда бөлмеге профессор Сон Сан Хун мен аудармашы Виктория Ли кіріп келді. Хал-жай сұрасқаннан кейінгі әңгіме ауаны маған ұнамады. Себебі профессор: – Мен сізге операция жасамаймын. Дәрі беріп қайтарамын, – деді. – Неге? – дедім, жаңа бір әзірдегі көтеріңкі көңіліме күтпеген жерден көлеңке түскен мен. – Сабыр сақтаңыз, – деді профессор дауысын жұмсарта сөйлеп, – мен сізге операция жасамаймын демеймін, сізге операция жасауға болмайды. – Себебі? – Себеп біреу емес, бірнешеу. – Атап айтқанда. – Біріншіден, – деді профессор сабырлы қалпын сақтап, ақырын, бірақ анық сөйлеп, – сіздің жүрегіңіз әлсіз. Екіншіден, қантыңыз көп. Үшіншіден, қан-қысымыңыз жоғары, төртіншіден, ауруды асқындырып алғансыз, бізге тым кеш келіп тұрсыз, бесіншіден... – Әрі қарай тізбелей берудің қажеті жоқ, – дедім мен сабырсызданып, асыға сөйлеп, – қырық түрлі кедергі болса да сізден маған операция жасауыңызды өтінемін. Дауысымның қатқылдау шыққанын жұбайым Құралайдың қабағынан аңғардым. – Бұл өте күрделі ғана емес, аса қауіпті операция. Ашығын айтайын, қатер 90, үміт 10 пайыз. – «Бізде тәуекел ет те тас жұт» деген сөз бар. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің, уайым түбі түпсіз теңіз, батасың да кетесің» дейді. Тәуекелсіз бақыт жоқ. Мен тәуекелдің адамымын. – Ойланыңыз. Операция төрт-бес сағатқа созылуы мүмкін. Сонша уақыт наркоз көтеру... Қалай десем екен... бұл, тіпті, мүмкін емес қой. – Мүмкін еместі мүмкін ететін екі ұлы күш бар. Оның бірі – Құдайдың құдіреті. Алланың мейіріміне, қайырымдылығына, екінші – Сіздің біліктілігіңізге, тәжірибеңізге, шеберлігіңізге сенемін. – Жарайды, әлі де ойланыңыз, ойланыңыз, – деді профессор Сон Сан Хун кетіп бара жатып. Менің ойым: «Не ойланатын бар. «Жаманның басына іс түссе ойлай береді, жақсының басына іс түссе бойлай біледі», демеп пе еді даланың дана шалдары. Жанды қинаған бұл дерттен не біржола құтылайын, не... Алла өзі берген жанын өзі алады. Мейірімі, кешірімі көп Алла тағала біліп істеген, білмей істеген күнәларымды кешірер. Бәрі бір Алланың қолында. Алланың әмірінсіз ештеңе болған емес, болмайды да. Құдайсыз қурай да сынбайды...». Бір сағаттан соң профессор тағы келді. – Қалай, бір шешімге келдіңіз бе? – деді ол жұмсақ жымиып. – Мен екі сөйлеп көрген емеспін. Операция жасауыңызды өтінемін. Өлсем өз обалым өзіме. – Олай демеңіз. Өлмейсіз, – деді профессор күлімсіреп. – Сіздің өміріңізді сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бізде күдік қана емес, үміт те бар. Бәрі жақсы боларына сенемін. Сіз де сеніңіз... Бұл әңгіме үстіміздегі мешін жылы, наурыз айының 16-жұлдызында болып еді. Сол күні түстен кейін Сон Сан Хун маған операция жасады. – Бүгін сәрсенбі – сәтті күн. Сен уайымдама. Мен қысқа мерзімді іссапарға кетіп бара жатырмын. Алла нәсіп етсін, 2-3 сағаттан соң қайтып ораламын. Сен оған дейін бірге өткізген жақсы күндерімізді жаныңа азық етіп, мені сағына тұр. Махаббат пен сағыныш – ұлы күш! Ол бәрін де жеңеді, – дедім жан жарым Құралайға. Ол жанары жаутаңдап қала берді... Бес сағатқа созылған операция сәтті аяқталды. «О, тәубе, тәубе! Тірі екенмін» деп ойладым көзімді ашқанда! Операция кезінде еш жерім ауырған жоқ, ештеңе сезген жоқпын. Ауырғанның көкесі жансақтау бөлімінен палатаға әкеліп жатқызғаннан кейін болды. Төсекте шалқамнан жатырмын. Екі қолда екі, жанды жерде тағы бір, барлығы үш катетр. Оң жақта дәу система. Оған ілінген полиэтилен ыдыстың үлкендігі торсықтай. Сол торсықтай ыдыстағы әлдебір сұйық кіп-кішкене үш шүмектен таңғы шықтай мөлдіреп кезек-кезек тамшылайды. Сол системада тапжылмай отыз сағат жаттым... Сол түні кірпігім айқаспай қойды. Құралай да көрер таңды көзімен атырды... Келесі күні де көп қиналдық... Аса күрделі операцияның сәтті өткеніне қуанғаны ақсұр жүзіне жаңадан атып келе жатқан таң шапағындай қызғылт нұрдан айқын аңғарылған доктор Сон Сан Хун: – Сіздің бес сағатқа созылған наркозға қалай төзгеніңізге таңданып тұрмын. Мұндай ауырлықты өткен жылы отыздағы оғлан да көтере алмап еді, – деді көзі күлімдеп. – Оның бірнеше себебі бар, – дедім мен әлсіздіктен дауысым ақырын шықса да, өзімше шабыттана шалқи сөйлеп. – Иә? – деп елең ете қалды доктор Сон Сан Хун. – Біріншіден – мен өмірі бір адамға бір мысқал жамандық жасаған емеспін. Тіпті, жауларыма да. Қолымнан келгенше жақынға да, алысқа да жақсылық жасадым. Рас, елдің бәрін жарылқай алмадым. Ол мүмкін де емес қой. Себебі, мен құдай емеспін. Адамдардан айлаңды асырсаң да, Алла тағаланы алдай алмайсың. Ол бәрін көріп тұр. Бәрін көріп, біліп тұрған Алла тағала сол ақжүрек адалдықты ескеріп, өзіне тән мейірі мен шапағатына бөлеп аман сақтады мені. Екіншіден, менің амандығымды алыс ауылдардағы малшылардан бастап шет елдердегі тілектестерім мен Ақордадағы Президентке дейін тіледі. Алла тағала мұны да ескерген болуы керек. Үшінші – мені құлай сүйген, маған құдайдай сенген, бұл күнде екеуміз бір адамға айналып кеткен қасиетті бір әйел – сүйікті жарым бар. Сол махаббат маған күш, қуат берді. – Жөн, жөн, – деді профессор, доктор Сон Сан Хун аз сөзге көп мағына сыйғызып. – Сіз, профессор Сон Сан Хун мырза, Алла деген ақжүрек, адал азамат екенсіз. Алла тағала Сізді де аялаған шығар. Алланың әмірінсіз ештеңе болмайды. Құдайсыз қурай да сынбайды. Бәрі де Құдайдың құдіретімен болды, – деп түйдім мен ойымды. – Сенім әртүрлі, Құдай біреу, – деді профессор Сон Сан Хун. – Мен Құдай емеспін деген өлең жазып едім, соны оқысам бола ма? – Оқыңыз, оқыңыз, – деп елп ете түсті профессор Сон Сан Хун. «Мен Құдай емеспін, Қолынан бәрі келетін. Көп пенденің бірімін, Алла ісіне көнетін. Мен әулие емеспін, Болашақты көретін. Өзекті жанмын бір күні, Жүзге де жетпей өлетін. Ғұлама да емеспін, Дүние сырын білетін. Жарық жұлдыз да емеспін, Аспаннан ағып сөнетін... Қазақ дейтін халықтың, Құлақ кесті құлымын. Еңбегім сіңсе ұлтыма, Ұлылардан да ұлымын. Мен құдай емеспін, Әлемді мынау жаратқан. Қаласа таңды атырып, Жаһанды жалт қаратқан. Мен Құдай емеспін. Құдай болсам, ұлым, сені, Сұм ажалға бермес ем. Қайғы жұтып, қан құсып, Тірі өлік болып жүрмес ем. Мен Құдай емеспін....». – Жолма-жол аударманың өзінен-ақ мен бұл өлеңіңіздің терең мағынасын түсіндім, – деді профессор Сон Сан Хун жаңа ғана күлімсіреп тұрған нұрлы жүзіне жұмсақ мұң ұялап. Осы әңгіме кезінде аудармашы болған корей қызы Виктория емес, қырғыз қызы Нұржамал болатын. Корей, қырғыз тілінде ғана емес, қазақша да төгілтіп еркін сөйлетін Нұржамал өлеңнің мазмұнын толық жеткізсе керек. – Адам мен адамның бірін бірі түсініп, достасқанынан артық бақыт жоқ, – дедім мен. – Бұл сөзіңізге толық қосыламын, – деді профессор Сон Сан Хун. Профессор Сон Сан Хун отызында орда бұзып, қырқында қамал алған жігіт екен. Докторлық қорғағаны, профессор атағын алғаны өз алдына, бір емес, бірнеше халықаралық медициналық беделді ұйымдардың мүшесі ол. Жүзге жуық ғылыми еңбектің авторы. Өз мамандығы бойынша әлемге танылған тұлға. Небәрі 40 жастағы азаматқа бұл аз абырой емес. «Дәрігер – философ. Даналық пен медицинаның айырмашылығы онша көп емес», – депті Гиппократ. Осы сөздер профессор Сон Сан Хунның бүкіл бітім-болмысына сай келіп тұр. «Врач от Бога» – дейді оның әріптестері. Санк ю, Сон Сан Хун! Қысқа қайырсам, Наурыз мерекесімен жарыса елге аман-сау жеттік. Алла өзі жар болып, меңдеген дерттен құтылдым. «Үш апта қиыншылық болады» деп еді профессор Сон Сан Хун. Сол қиыншылықты да бастан өткізіп жатырмыз. «Мына таблетканы үш ай ішесің» деген еді ол тағы да. Оны да ішіп жатырмыз. Әртүрлі шектеулері тағы бар. Оның бәріне көндік. Аллаға шүкір, әйтеуір, аманбыз. Сеулге келгенде бүр жарып, қауызын ашқан сакура біз Сеулден аттанарда толған айдай толысты. Сакураның ұлпадай үлбіреген алқызыл жапырақтары бар ажарымен абаттана ашылып, аспаннан қиғаштай құйылған күннің қызғылт шұғыласына шомылып, құлпыдай құлпырып, гүл-гүл жайнап тұрды. «Өзім тірі қалғаныма мәз болмай, халықты да ойлайыншы» деген ой келді. Сол оймен мен атақты профессор Сон Сан Хунды өзі қалаған уақытта Қазақстанға келіп қайтуға шақырдым. Ол келісті. Мен бір оқпен екі қоян аттым деп өзімше мәз болып жүрмін. Біріншісі – Алла нәсіп етсе, Қазақстан хирургтары мен урологтарына Сон Сан Хун шеберлік сыныбын өткізсе деген ой, екіншісі – жанының жылуын, қанының қызуын сала емдеген жаны жомарт, жалы биік жаңа таныс, жайсаң жігітке қолымнан келгенше құрмет көрсету... Бірде бал, бірде у беріп өтеді өмір, Бақты да, қайғыны да көтере біл, – депті Әбілқасым Фирдоуси. Адамзат бір ананың – Табиғат-Ананың перзенті. Табиғаттың қысы мен жазы, күні мен түні болатыны сияқты, біздің өмірімізде де қуаныш пен қайғы қапталдасып қатар жүреді. Мен де сол ащы мен тәттіні кезек татып жүрген көп пенденің бірімін. Тура келген ажалдан жеті мәрте аман қалып ем. Алла өзі жар болып сегізінші рет тағы сақтады. Тәубе, тәубе. Ендігі менің міндетім: жүректің оты жеткенше, бұл өмірден өткенше қаламыммен халқыма қызмет ету. Қаламнан үлкен қару жоқ. Бәрімізге Алла өзі жар болсын, Бақыт әркез пар болсын, Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты. Алматы – Сеул – Алматы.