01 Сәуір, 2016

Резерват

1127 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
5,04,2016Сұңқарқия, Андызды, Қосбүйрек, Қызылқабақ, Темірастау, Құйылыс, Байтақкөл, Жайлаукөл, Талдыкөл, шіркін-ай, жер-суға ат бергенде бабаларымыздың таңдайынан бал тамғандай, өрелі өрістерінің кеңдігіне тірі жан таңғалғандай ғой. Және сөйлеп тұрған әр атау сол жерге табаның тимей жатып-ақ қиялыңды жүйткітіп, көркін көз алдыңа әкеліп, тылсымынан сыр ұғуға көкірегіңде көзің мен саз төгетін күйің болса, соның бір пернесін дір еткізсең де жетеді, келгеніңде соған көзің әбден тойып, мейірің мөлт-мөлт еткен тұныққа әбден қанады дейтіндей. Жоғарыдағы ісмер қыздың қолынан шыққан сұлу кестедей жыр төгілген, сыр төгілген атаулар Ырғыз ауданындағы жер-суларға берілген. Ырғыз-Торғай – аң-құстың базары Ырғындап берекесі тасыған Ырғыз бойын аң-құстың қан базары дерсіз. Қызғылт қауырсыны көлдің бетін жапқанда құс емес-ау, қызыл көйлекті арудай сәнін жарастыра таранған қоқиқазды, сыңқ-сыңқ еткен аққу-қазды, мамырлап судан еріне көтерілген бірқазан мен үй­рек­­ті, даланы әнге бөлеген қара­тор­­ғай, бозторғайды, шиқ-шиқ ет­­кен шымшықты, тұмсығы судан көрін­­се, көздері қос моншақтай мөл­­діреген ондатрды, қасқыр мен қар­сақ­ты, бұлаңдаған сұлу түлкіні, дала­ның көркі – желе жортқан киікті ендеше, сұқтан қорғап, көбей­ту де елім-жерім дейтін аза­мат­­тар­дың абыройлы міндеті. Осы мақсатта 2007 жылы 14 ақ­пан­дағы Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің №109 қаулысымен «Ырғыз-Торғай мемлекеттік таби­ғи резерваты» мемлекеттік ме­ке­­месі ашылған болатын. Ал осы аумақтағы қыздың қос бұры­мын­дай алқапқа айдынымен көрік берген қос өзен – Ырғыз, Торғай осы топырақта 200 шақырымдай жалқы ағып, Тәуіп деген жердің тұсын­да берекесі бірігіп, қосыла ақырында ел ішінде су аяғы құрдым делінетін Шалқарға құяды. Одан өзге, Телқара, Өлкейік, Қарақай, Ащысай, Шоңқай, Талдысай сынды үлкенді-кіші өзендер мен сексен көлі бар дейтін Ырғыз бойы табиғи резерватқа өздігінен сұранған өлке екендігіне дау жоқ. Осы Ырғыз, Торғай, Өлкейік өзен­дерінің бассейніндегі сексенге жуық көлдер жүйесі дүниежүзілік Рамсар конвенциясының тізіміне ен­гізілген сулы-батпақты алқап болып саналады екен де, резер­ват­­­тың ғылыми бөлімі негізінен үш түрлі бағыттағы жұмыстарды жүр­гізу­мен айналысады екен. Олар: өсім­діктер мен жануарлар дүниесін қор­ғау және көбейту, ғылыми-ақпа­рат­тық және мониторинг ісін жүр­гізу, экологиялық насихат пен туризм бағыттарын дамыту. Резер­­­ват аумағындағы ғылыми-зерт­­теу жұмыстарының мақсаты киік­тердің миграциялық жолының картографиясын және олардың қыстақтарын енгізу және зерттеу, орнитологиялық зерттеулер, жо­йы­лып бара жатқан және сирек кездесетін өсімдіктермен қатар, емдік өсімдіктердің санын алу және зерттеу көрінеді. Резерват аумағы географиялық ерекшелігіне байланысты екі учас­­кеге бөлініпті. Олар – «Атан­басы» және «Алакөл» жүйе­лері. Резерват шекарасына 7 ша­қы­рым сайын арнайы белгі қойы­лып, онда «Ырғыз-Торғай» мем­ле­кет­тік табиғи резерваты ерекше қор­ғалатын аймақ. Кіруге тыйым салынады» деп жазылған. Бірақ, өкінерлік жайт, ол ескертуді елең қылмайтындар да табылады екен. Жә, ол жайына кейінірек оралайық. Шөлді және жартылай шөлді ланд­шафты аймаққа орна­лас­қан резерват аумағы ауқым­ды кө­рінеді. Шығысында – Қара­ған­ды, солтүстігінде – Қостанай, оң­түс­тігін­де Қызылорда облыстарымен шектесетін 763 549 га жерге көсіліп жат­қан резерватта өз істерінің на­ғыз жанашырлары, туған жердің та­биғатына нұқсан келтіретін тит­тей бір қасқөйлік пиғылға бар пе­йі­­лі­мен тойтарыс беретін аптал аза­­мат­тардың басы құралыпты. Ыр­­ғыз жеріне табанымыз тиген де­ма­лыс күні екеніне қарамастан, ре­зер­­ват кеңсесінің есігі ашық екен. Жаңа ғана резерват аумағына бра­коньер­лер кірді деген хабар тиді, соған жедел жиналып, бірнеше топ ат­танып кетті, шіркіндер ерек­ше қорғауға алынған «Қызыл кі­тапқа» енгізілген жануарларды қол­дары қалтырамай атады. Жыл сайын қаншасы ұсталып, мүлік­тері тәркіленіп жатса да қой­майды. Керемет етіп, арнайы жабдық­тал­ған ондай көліктерді қуып жету де оңай емес, ал жете қалсаң, қару­­­­лы қар­сылық та көрсетеді, бі­­рақ шегірт­кеден қорыққан егін ек­­пес деген­дей, олардан қор­қып, жұ­­мы­сы­мызды атқармай, жаныа­шы­­мас қаскөйлерге ел мен жер бай­­лығын құртуына жол беруге бола ма, сондықтан көбіне түн бала­сы ұйқы көрмейміз, дейді резер­ваттағы азаматтар. Резерват директорының орын­басары Амангелді Алтыбаев: «Таби­ғатқа қол сұғып, кіруге бол­майды» деген жазуды елең қыл­май, аң ататындар өзге облыс­тар­­дан да келіп жатады. Өткен­де біздің жігіттер Атанбасы тауы­ның маңынан мемлекеттік нө­мі­рі N 515 TOA қоңыр түсті LAND CRUІSER 100 джип автокөлігін тоқ­татты. Автокөлік ішінде Қы­зыл­­о­рда облысының Қар­мақ­­шы ауданынан 3 азамат бар екен. Тексеру барысында қару-жарақ, киік қаны мен терісінің қылшығы жабысқан пышақ, оқ патрондарын таптық. Сол маңай­дан оқ тиіп өлген киіктердің дене­­лері табылып, оқиға Ырғыз аудандық ішкі істер бөліміне ха­бар­­ланып, қылмыстық іс қозғал­ды. Бұл шараға мемлекеттік инс­пекторлар: Е.Жайылханов, М.Ми­замбаев қатысса, Тұзды сорда ауданы­мыздағы Тәуіп ауыл­­дық округі­нің Құйылыс елді ме­кені­нен 6 адам пайдалануға ты­йым салын­ған жануарлар дери­ват­тарын заңсыз жинап жүрген жерінде қолға түсті. Оларды тексеру кезін­де қап ішіне салынған 171 дана киіктің ескі мүйіздері зат­тай дәлелдеме ретінде алынып, Ыр­ғыз аудандық ішкі істер бөлі­міне тапсырылды. Бұл шараға мем­лекеттік инспекторларымыз Ж.Бай­мурзин, А.Жансүгіров, Ж.Сүгір­таев қатысты», деді. Ырғыз-Торғай өзен-көл жүйе­сі жауын-шашын суымен қам­тамасыз етіледі. Құрғақ климатқа байланысты судағы тегістік те үнемі бір қалыпта болмайды. Та­биғат-ана кей қыста қардан, жаз­да жаңбырдан қысып, тамшы тамыз­­бай, шөлдеткен тұста, Ыр­ғыз-Торғай бассейніндегі сулар­дың бәрінің дерлік деңгейлері төмен­­деп, аумақтары азайып, көл­дердің түбі көрініп қалатын тұстар аз болмайды. Сонда да мұн­дағы әрбір өзен-көл өзінің көле­мі­мен, тереңдігімен және кейбірі балық өнімі жағынан ерекшеленеді екен. Аяласаң, табиғатты аяла Ырғыз-Торғай мемлекеттік та­­би­­ғи резерватының жерінде өсім­діктердің 64 тұқымдасы бар. Ме­­кеме құрылғаннан бастап ат­қарыл­ған жұмыстардың нәтижесі бо­йын­ша өсімдіктердің 400-ден астам түрі, яғни 57 тұқымдасы; 207 туысы анықталыпты. Өсім­дік­­тер­дің ішінде сирек және эн­де­­мика­лық түр деп танылып, ерекше қор­ға­латын табиғи аумақ терри­ториясы бойынша инди­ка­торлық түр ретінде: жиделер тұқымдасына жататын туысы жиде, түрі – үшкір жеміс жиде, раушангүлділер тұ­қымдасына жататын туысы тобыл­ғы, түрі – орта тобылғы, ала­бұта­лар тұқымдасына жататын туысы сексеуіл, түрі – ақ сексеуіл, туысы бұйырғын, түрі – сортаң бұйырғын анықталыпты. Ал жануарлардың ішінде сүт­қоректілерден: киік, қабан, ша­ғыл мысығы және құстардан дала қыраны, қарақұс, жалбағай, тарғақ, аққұйрықты тарғақ, ақбас үйрек, бұйра бірқазан, қызғылт бірқазан, үкі, қарабай, қоқиқаз индикаторлық түр ретінде таңдалып алынған. Оқыр­­­манға түсінікті болу үшін ин­­­ди­­­­ка­торлық түр дегеніміз – сол эко­­­жүйе­нің жағдайын анықтайтын тірі ағзалар екенін айта кеткен жөн. Дегенмен, экожүйені тұтас алып қарамай, оның бола­шақ­та­ғы даму бағытының қанша­лық­ты өріс­­тейтінін айту қиын. Бұл ретте, резер­ватта омырт­қа­­сыз жануар­лар­дың толық зерттел­мегені алаңдатады. Мәселен, жаз бойы ызыңдап маза бермей, оның үстіне шағып, қа­ның­ды соратын масаның еш пайдасы жоқтай көрінгенімен, оларсыз бір-бірімен байланысқан тіршіліктегі тынысқа үлкен зиян келер еді. Өзен-көлдердегі ба­лық­­­тың оларсыз кө­бей­мейтіні бел­гілі. Экожүйеде бір­де-бір қажет­сіз тіршілік иесі жоқ екені аян. Атмо­сфераға, су мен то­пырақ­тағы тір­шілік ие­леріне, микроағзалар мен жан-жануарлар әлемінің титімдей ғана бір бөлігіне тигізілген кері әсер тұтас жүйені шайқалтып жібереді. Сондықтан Ырғыз-Торғай табиғи резерватындағы келешекте қолға алатын ауқымды жұмыстың бір парасы осы бағытқа да жүргізілуі тиіс-ау деген ой түйдік. Әзірге резерват мұражайында омыртқасыздардың коллекция­ларын ғана көре алдық. Жалпы резер­ват мұражайының жұмысы жақ­сы жолға қойылған екен. Ғы­лы­ми негізге сүйенген мұра­жай келушілерге үлкен мағ­лұмат бе­ріп қана қоймай, жергі­лікті мек­теп­тер­дің шәкірт­терімен де бір­лесе көп­те­ген жұмыстар атқа­ратыны көңілге қонды. Қазіргі аз-маз жүргізілген жұ­мыс­тардың аясында Ырғыз-Тор­ғай мемлекеттік табиғи ре­зер­ваты территориясында омырт­қа­сыздардың 15 түрі барлы­ғы анық­­талыпты. Олар: шаршылы өр­­мекші, кәдімгі шыбыншы, Лютка инелігі, кәдімгі дәуіт, жа­сыл шегіртке, қандала әскер, ай­нал­ғыш қоңыз, алтынтүсті қола­қоңыз, жетінүктелі ханқызы, зауза қоңыз, терек жапырақ же­гіш, орамжапырақ ақкөбелек, сұлу көкшіл көбелек, қарашым құмырс­қасы және қарақұрт десе, құс­тардың 250 түрі, оның ішінде 109 түрі сулы-сазды кешеннің өкіл­дері, жыртқыш құстардың 30 түрі кездеседі. Ал ареалы кіші­­рейіп, жойылып кету қаупі бар құстардың 32 түрі «Қызыл кітапқа» енгізіліпті. Резерват басшысы Ұлан Ма­мыр­­баев: «Жалпы әлем бо­йын­ша киіктің 5 түрі болса, со­ның үшеуі – Қазақстанда. Ал біздің резер­ваттағы осы үш популя­ция­ның ең ірісі – Бетпақдала попул­я­циясы. Жазда қырылмаған күнде олардың саны әжептәуір өсе­тін еді. Өйткені, осыған дейінгі киік санының артуы резерват жұмы­сының нәтижелілігін көр­сет­кен. Амал не, биыл жаз популя­ция саны кеміп қалды. Ал негізінен Ыр­ғыз жерінде киіктер әрі күйек­ке түседі, әрі төлдейді. Бұл – осы өңір­де өсетін ащы оттың арқа­сы. Эндемик және реликт өсім­дік­терге, индикаторларға ерекше көңіл бөлеміз», – дейді бізбен әңгімесінде. Резерваттың ғылыми қызмет­кер­лері жинақтап, мұражай­дан орын алған 4 эндемик өсімдіктің, 27 дәрілік өсімдіктің гербарийі, Жаманшың аймағына осыдан 700 жыл бұрын құлаған метеориттің тек­титтері, бұл аймақта бұрын теңіз болғандығын айғақтайтын те­ңіз жәндіктерінің тасқа айналған қа­быршақ, қаңқалары, акуланың тісі, ақбөкен мен өзге де жабайы аң-құстардың тұлыптарының бар­лығын мұражайды аралатқан гид – Баян Әбдінәбиқызы тәптіштеп айтуға әбден машықтаныпты. Экотуризм қазаққа жат па? Аудан әкімі Мейірхан Дуан­беков: «Ырғыз ауданының туризм саласы бойынша әлеуеті мол. Бірақ соны ұқсатып, аудан бюджетін толықтыратын жағдайын туғы­за алмай келеміз. Әйтпесе, таби­ғат байлығына қоса, тарихи ес­керт­­кіш­тер, Жаманшың сынды қайта­лан­бас қызықтар мол», – деп бір елең­детіп қойған болатын. Шы­нын­да, Ырғызда туризмге сұранып тұрған жерлер баршылық екен. Соның бірі жоғарыда әкім айтқан – Жа­маншың. Ғалымдардың бол­жамы бойынша бұдан миллион жыл шамасы бұрын осы жерге кос­мос­тық дене салмағы 36-40 млн. тон­на­лық метеорит құла­ған. Соның сал­дарынан он мың­даған мегатонна бом­баның қуа­тын­дай жарылыстан ау­мағы 5-6 км, тереңдігі 700 метрдей қазан­­шұңқыр, түскен жердің төң­ке­ріл­генінен шыңдар пайда болған. Жа­рылыс төңірегіндегі қысым жүз­д­еген килобарға, температура бір­неше мың градусқа жеткен. Жа­ры­лыс толқынының, шектен тыс температура мен қысымның әсерінен жер қойнауындағы жы­ныс­тардың ауқымды бөлігі араласып, еріген және буланған. Сөйтіп, импактит, тектит жыныстары пайда болған. Бұл екі жыныстың жер бетінде бір жерден табылуы алғашқы рет Жаманшың кратерінің үлесіне тиіп, импактиттерге – Жаманшың, тектиттерге – Ырғызит деген ғы­лыми атаулар беріліп, ол дүние­жүзіне мәлім болды. Тектиттер тұңғыш рет осы жерден кездескен. Бұл айтылғандардың бәрін 1937-1939, 1946, 1957, 1969, 1975-1976, 1980, 1986-1988, 1989-жы­лдар­да жүргізілген ғылыми-зерт­теулерінде ғалымдар А.Яшин, В.Вохрамеев, Е.Бойцов, П.Пло­ренский, А.Дабажи, Р.Гриев, Д.Гарвин, Д.Шторнер өз тұжы­рым­дамаларына енгізіліпті. 1989 жылдың күзінде АҚШ, Канада, Германия, Францияның ға­лым­дары­нан жасақталған халық­ара­лық экспедиция Жаман­шың­ға әлем назарын аударған. Ырғызит тек­титі – ірілігі 2-3 мм-ден 2-3 см-ге дейін жететін там­шы, сопақ шар, иірілген көпір­шік пішін­ді келген, күңгірт шы­ны тәріз­ді зат. Ырғызит басқа ел­дер­­ден та­был­ған тектиттерге ұқ­сас көрі­н­еді. Мұның бәрін біз гид Баян Әбді­нәбиқызының сөздерінен білдік. Әбілқайыр ханның ордасы қонатын Маңтөбе, табиғаттың кеу­деге таққан маржаны – Малай­дар­көл, Тайпақкөл, Байтақкөл тәрізді көлдер, «Мәнi әулие қорымы», осы өңірге ғана емес, іргелес жатқан Торғай жұртының игі жақсылары құрметтеген әкелі-балалы Алмат, Самыратқа қатысты тарихи орын­дар, жыр-дастандар дейсіз бе, әй­теуір, Ырғызға келген жанның өзін қызық­тыратын небір жәдігерді тауып, жаны жады­рап қайтатыны аян. Мәні әулие қорымына қатысты да неше түрлі аңыздар бар екенін Ырғыз музейін аралағанда байқаған болсақ, резерват қызметкерлері оның Шеңбертал елдi мекенiнен 9 шақырым жерде оқшау жатқан төбе екенін, оның Темірасатау ата­латынын, ал тас қорымдар биiк төбе­де орналасқанына қарамастан, арнайы бармаса бiрден көзге түс­пейтінін айтты. Біздің Ырғыз өлкесінде орна­лас­қан ғажайып көлдердің бірі – Сабындыкөл, дейді ырғыздықтар. Сабынкөлдің айдыны 118 гектар, көлденеңі 0,8 км, тереңдігі 1-2 метр, түбі аққайраң. Көлдің сабын аталуының себебі, оның оңтүстік жартысында қалың жалпақ қоға өседі де, қалған солтүстік, батыс бөлігі ашық айдынды. Жалпақ қоға сабағынан минералдық заттар бөлініп шығады да, көлдің ашық бетінен соққан жел оны сапырып араластырып, сабындатып жатады. Сондықтан көлге жуынуға келген ел сабынды пайдаланбайды. Таби­ғат-ана өзі жасаған майда сабынды суға шомылып, жаны сергіген жанның осы көлді аңсап қайта келгісі келетіні заңды емес пе. Сонымен қатар, аудан көлемін­де родонды емдік суын атқылап жатқан қайнарлар мен емдік тұзды сулар да мол. Осының бәрі ел ырысына айналып, ту­рис­тер емделіп, сауығып, ал оты­­рық­шы ел соларға қызмет көрсе­тіп, пайдасын тапса, аудан бюд­жеті­нің де бүйірі қомпая түсер еді, деген резерват басшысы Ұлан Мамырбаев экотуризмді дамы­­ту бағытында бүгінгі таңда Ма­лайдар көлдер жүйесі турис­тік маршрутының төлқұжаты дайын­далып қойылғанын айтып өтті. Экотуристік бағытты ұстан­ған бұл жобада маршруттың жал­пы ұзындығы 61,5 шақырымға бел­­гі­леніпті. Жүру уақыты – 3 са­ғат 40 минутқа созылатын, мау­сым айынан қарашаға дейінгі ара­лық­та 22 топқа қызмет көрсетуге лайықталған маршрут бойында сулы-нулы жердің әсем табиғаты, жұпар ауасы, ұшқан құсы мен жүгір­ген аңы қыдырыстаған жан­ның жанын жадыратады деп ой­лаймыз. Көлдер маңайына қаза­қы үй тігіп, қымызымыз бен шұ­ба­тымызды, өзге де ұлт­тық тағам­дарымызды әзірлеп, турис­тер­дің алдына тосса, қандай ғанибет. Ырғыздың қамысты-қоғалы көлдері – балықшы үшін де, ба­лық үшін де таптырмас мекен. Алайда, ауданда балықты өңдейтін кәсіпорындардың жоқтығы пайда іздеген жанның аяғын тұсайды-ақ. Оның үстіне, балық қоры шо­ғыр­лан­ған өзен-көлдері бар аудан­ның облыс орталығынан 490-500 ша­­қырым жерде жатуы тез бұ­зы­ла­тын балықты халық тығыз қо­ныс­­танған қалаға жеткізу­ге үл­кен кедергі. Дегенмен, Қы­зыл­орда об­лы­сындағы Қазалы ауда­ны­­ның тұр­ғыны, «Бақыт» шаруа қожа­лы­ғы­ның төрағасы Аман­бай Ер­хатов Байтақ көлін мердігерлікке алып, Ырғызда балық­ты бастапқы өң­деу цехын ашу­ды жоспарлапты. Ен­ді-енді қол­ға алына бастаған осы жұмысқа ырғыз­дықтар үмітпен қарап отыр екен. Қайткен күнде де Ырғыздың өзен-көлдерінен ауланған балыққа сұраныс жоғары екенін облыс орта­лығында өткізілетін күзгі жәр­меңкелерден көріп жүрміз. Ха­лық Ырғыз балығы десе елең­деп, қақшып алып кетіп жатады. Сон­дықтан бірді-екілі балық өңдей­тін кәсіпорынның аздық етуі де мүмкін, сол себепті осы істі дөң­ге­лен­тіп алып кететін кәсіп­кер­лер та­былып жатса, оларға қолдау көр­сетілетін болса, кәні, дейді ырғыздықтар. Түйін Облыс орталығынан шалғайда жатса да, хал-қадерінше тырба­нып, еселеп еңбек етіп, туған жер­­дің өзен-көлі, тау-тасын көз­дері­­нің қарашығындай сақ­тап, табиғатын аялап, елдік дәстүр­дің озығына тозаң түсірмей ұрпақтарына жет­кізіп келе жатқан Ырғыз ауданы­ның жұртшылығын қалай мақ­тап, мадақтасаң да артықтық етпей­тін­дей. Күнделікті қоңыртөбел тір­ші­лі­гін кешіп, ертеңгі күндеріне де­ген үмітін желмаяға артқандай етіп, қайтсек бабалардан мирасқа қал­ған жерді жетімсіретпейміз, оның көсегесін көгертеміз деген игілікті ойдың жетегінде жүрген оларға үлкен бір ризашылықпен қарадық.  Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Астана – Ырғыз – Астана.