01 Сәуір, 2016

Серпіліс

380 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
100-590«Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс XIX конференциясы өткізілді. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мыр­захметов бұған дейінгі филиал төрағасы Нұрлан Ноғаевтың бас­қа жұмысқа ауысуына байланыс­ты орнына өткен аптада Прези­дент Жарлығымен Батыс Қазақ­стан облысының әкімі болып тағай­ын­далған Алтай Көлгіновті ұсынды. Ашық дауыс беру нәтижесінде ол «Нұр Отан» партиясы Батыс Қа­зақ­стан облыстық филиалының төр­ағасы болып бірауыздан сайланды. Ал екінші мәселеге орай фи­лиал­дың саяси кеңесінің құрамына кейбір өзгерістер енгізілді. Бұдан соң жаңадан сайланған филиал төрағасы А.Көлгінов сөз алып өзіне көрсетілген сенім үшін кон­­фе­­ренцияға қатысушыларға алғы­­сын білдірді. Жетекші саяси күшке айналып келе жатқан «Нұр Отан» партиясының филиалына жетекшілік жасау – үлкен жауап­­кершілік. Оның бастамасымен іргелі істер тындырылуда. Әлеу­­меттік-экономикалық даму тұр­ғысынан да шешімін тапқан істер баршылық, дей келіп, Алтай Сейдірұлы жауапкершілік пен сенім үдесінен шығуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Президент, партия Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын іске асыру және Ұлт Жоспарын орындау жө­ніндегі облыстық филиалдың жұ­мы­сы туралы филиал төраға­сының бірінші орынбасары Серік Сүлей­мен баяндап берді. Мұның ішінде ол бес институттық реформаны жү­зеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамға» байланысты атқарылып отырған іс-шараларға жан-жақты тоқталды. Жарыссөзге шыққан филиал саяси кеңесінің мүшесі, Ба­тыс Қазақстан облыстық мәсли­ха­тының хатшысы Мәлік Құлшар аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттарға «Нұр Отан» партиясы атынан ұсынылған 195 үміт­кер түгелдей депутат болып сайлан­ғанын айтты. Ал Бөрлі аудан­дық «Конденсат» АҚ-тың менед­жері Наталья Панкратова өз ұжымындағы нұротандықтар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және қосымша жұмыс орындарын ашуға бастамашы болып отырғандығын айтты. Мұның ішінде мұнай өнімдерін өңдеу бағдарламасының орны бөлек. Бұл жүйедегі «Нұр Отан» партиясы мүшелеріне сергектік пен сенімділік, икемділік, кәсіби шеберлік пен төзімділік тән деді ол. «Нұр Отан» партиясы Ақжайық аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Бір­жан Кухаев Мәңгілік Ел идеясы мен Ұлы Дала елі жобасын ұлықтау «100 нақ­ты қадамның» ішіндегі мә­ні мен маңызы зор іс екенін жет­кізді. Конференцияны А.Мыр­за­х­метов қорытындылап, өткен Мәжі­ліс және мәслихат­тар сайлау­лар­ындағы нұротан­дық­тардың жеңісі тарихи жеңіс болғаны жөнін­де ой сабақтады. Бұл – барша сай­лау­шылар елдіктің көрінісін көрсе­те білген­нің нәтижесі. Барша қазақ­стан­дықтар Елбасы, «Нұр Отан» пар­тиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңына тығыз топ­тас­а бастағандығының белгісі. Бұл жетістікті әлемдік қоғамдас­тық та мойындап отыр. Ендігі мін­дет сайлау алдында белгілен­ген бағ­дар­ламаны нақты іске асыру бол­мақ, деді Асқар Исабек­ұлы. Ол, со­­ны­мен бірге, А.Көлгінов­тің де өзіне жүктелген міндетті ойда­ғы­дай атқарып кететініне сенім білдірді. Конференцияға қатысушылар талқыланған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылдады. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.