Жоғарғы Соттың жалпы отырысында соттардың бала асырап алу туралы заңнаманы қолдану практикасы талқыланды
Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми кезекті жалпы отырыс өткізді. Іс-шараға Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары, Ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, Конституциялық Кеңестің, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері қатысты.
Жалпы отырыстың күн тәртібінде «Соттардың бала асырап алу туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының жобасы мен Сот жюриінің регламентін бекіту туралы екі мәселе қаралды.
Жоғарғы Сот Төрағасы нормативтік қаулының жобасына тоқтала келе, соттардың бала асырап алу туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы мәселе өте маңызды әрі өзекті болып табылатындығын атап өтті. Ол Қазақстанда балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша құқықтық және ұйымдастырушылық мызғымас база құрылғанын, осы мәселеге қатысты, соның ішінде бала асырап алу бойынша халықаралық негізгі актілердің ратификацияланғандығын айтты.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында ана мен баланы қорғау мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі ретінде белгіленген. «Президент бәсекеге қабілетті болашақ ұлтты қалыптастыру мәселелеріне айрықша назар аударып келеді. Елбасының Өкімімен еліміздің тарихында тұңғыш рет Бала құқықтары жөніндегі уәкіл тағайындалды», – деді Жоғарғы Сот Төрағасы.
Қ.Мәми талқыланып отырған нормативтік қаулының жобасы дер кезінде әзірленген әрі өзекті құжат екендігін атап өтті. Оның пікірінше, құжат ата-ананың асырауына берілетін балалардың құқықтары мен мүдделерін сотта қорғау үшін маңызды құралға айналып, судьяларға осы саладағы жан-жақты түйіткілді мәселелер бойынша дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
«Соттардың бала асырап алу туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының жобасын таныстыра келе, Жоғарғы Сот судьясы Ғалия Аққуова соңғы жылдары қазақстандықтар асырап алған балалардың саны айтарлықтай артып, керісінше, шетелдіктердің бала асырап алу қарқыны бәсеңдегендігін атап өтті.
«Басынан түрлі оқиғалар кешкен баланың тағдыры шешілетін сәтте, бала асырап алу секілді өте шетін мәселеде соттың соңғы шешім қабылдауы олардан іс бойынша барлық мән-жайды мұқият зерттеуді талап ететіні сөзсіз», – деді Ғ.Аққуова. Ол істердің аталған санаты ювеналдық соттардың соттылығына жататынын және қазіргі таңда бұл бағытта белгілі бір сот практикасы қалыптасқандығын атап өтті.
Нормативтік қаулыны қабылдауға заңнамаға енгізілген өзгерістер ықпал етті. Оның жобасы бала асырап алу бойынша нормативтік базаны қамтиды, бала асырап алу туралы өтініш берудің тәртібін, бала асырап алу рәсімін бастауға құзырлы органның жазбаша келісім ұсыну және бала асырап алу туралы өтініш беру барысында мемлекеттік баж салығын төлеу тәртібін түсіндіреді.
Жобаны талқылау барысында Жоғарғы Сот судьясы Сара Жармұхамбетова, Астана қалалық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Нәзиля Раззақ және Білім және ғылым министрлігінің Бала құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Зәбира Оразалиева сөз сөйледі.
Сот жюриінің регламентін бекіту туралы екінші мәселе бойынша сөз сөйлеген Жоғарғы Сот судьясы, Сот жюриінің төрағасы Моряк Шегенов бұл регламент аталған институт пен оның комиссияларының жұмысын ұйымдастыруды көздейтін маңызды нормативтік құжат болып табылатындығын атап өтті.
Жалпы отырысқа қатысушылар нормативтік қаулы жобасын талқылай келе, оған өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізді, сондай-ақ, Сот жюриінің регламентін бекітуге дауыс берді.
«Егемен-ақпарат».