АҚШ аумағын дүр сілкіндірген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесіне сәйкес әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Шолпан ЖАМАНБАЛАЕВАНЫ әңгімеге тартқан едік.
– Шолпан Ерболқызы, күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммиті қарсаңында АҚШ-тың қоғам және саяси қайраткерлері алдындағы сөйлеген сөзінде қазақ халқының басына қаншама жыл қасірет уын сепкен Семей ядролық полигоны туралы да айтып өтті...
– Оныңыз рас, электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Елбасының Америка қауымы алдында сөйлеген сөздері мен айтқандарын назарымызда ұстадық. Президенттің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін ден қойып тыңдап, ықыласпен талқыладық. Өзіңіз ойлап қараңыз, атом полигонының 40 жылдық тарихында 459 жарылыс жасалған. 1949-1962 жылдары ашық ауада 88 сынақ өтіп, жер қойнауында 3 рет бомба жарылды. 1953 жылдың 12 тамызында әлем тарихында алғаш рет термоядролық бомба ашық аспан астында сынақтан өтсе, 1955 жылдың 22 қарашасында жер үстінде жарылған сутегі бомбасы жанталаса қаруланған дүниежүзінің державаларын Кеңес Одағының алдында именуге мәжбүр етті. Өйткені, мұндай сүргін сынақ адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған еді. Жарылыстардан зардап шеккен адам саны 1,5 миллионнан асады...
– Біздің білуімізше, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті таяуда ғана «Бейбітшілік эстафетасы – жастарға» атты республикалық жастар антиядролық онлайн-форумына мұрындық болды емес пе?!
– 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ Декларация қабылдады. Қазақстан 25 жыл бұрын әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонын біржолата жапты. Дүниежүзінде бұрын-соңды мұндай тәжірибе болған емес. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығының 25 жылдығына арналған осынау іс-шараға белгілі ақын, көрнекті қоғам қайраткері, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов бас болып жүрді.
– Бүгінгі ғалам алдында жарияланған манифест аясында, бәлкім, сол форумнан есте қалған маңызды бір сәттерді еске аларсыз?
– Форум барысында ядролық жарылыстан зардап шеккендер қауымдастығының өкілі Кәріпбек Күйіковтің Жапония сапары кезіндегі «Біздің қозғалыстың қарсылық белгісі – ашық алақан. Мен антиядролық қозғалысты екі қолымды көтеріп тұрып қолдаймын. Бірақ, менде ондай мүмкіндік жоқ» деген кезсуде жиналған жапондық қауым түгелдей орнынан тұрып, қолдарын көтеріп Кәріпбекті қолдайтындарын жеткізгені еске алынды. Форум өтіп жатқан сол күні Қазақстанның барлық аймағындағы студент жастар бір мезетте орындарынан тұрып, қолдарын көтерді. Мұндай көрініс көзге еріксіз жас үйірді. Миллиондаған зардап шегушінің бүгінгі тартқан қасіреті көз алдымызда тұрды.
Бір сөзбен айтқанда, Елбасының Америка сапарында жария еткен ең көкейкесті қағидалары әлем жұртшылығына ендігі жерде шындап ой салады ғой деген үміттемін.
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».