06 Сәуір, 2016

«ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» МАНИФЕСІ

5219 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
ядро-4Бұған дейін хабарлан­ға­нындай, Америка Құрама Штат­тарының астанасы – Ва­шинг­тон қаласында өткен Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жарияланған болатын. Бұл манифест Қазақстан басшысының Карнеги қорының штаб-пәтерінде АҚШ-тың қоғам және саяси қайраткерлерімен өткен кездесуі кезінде жан-жақты талқыланған еді. Бүгінде манифесті халықаралық қоғамдастық, сондай-ақ, өз еліміздің жұртшылығы да зор серпіліспен құп алып отыр.

 Әр бастамасы әлем игілігі үшін үлгі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропаның төрінде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте әдеттегідей Қазақстанның бейбіт әлем тұтастығы туралы ұстанған берік ұс­танымын тағы бір мәр­те нақтылап бер­ді. Адам­затты қырып-жою мақ­са­тын­да сақталатын ядролық қару­­дан бас тартудан басталған Қазақ елінің салиқалы ұстанымы бүгінде күллі әлем куә болып жүр­ген­дей, әлемді ядролық қарусыз­дандыру мәселесіне қатысты бар­лық басқосулар мен жиындарда жасалған мәлімдемелер, қырғи-қабақ болған ядролық державалар арасындағы араағайындық, бітімгерлік пен бейбіт келіссөздерге шақырған игі бастамаларға ұласып келеді. Қазір­де халықаралық қауымдастық «Қазақстан» десе, ядролық қарусыз­дан­дыру мен халықаралық экстремизмге қарсы ашық тосқауыл қоюмен қатар, бейбітшілік пен дамуды мақсат еткен ел ретінде бізді тани бастады. Мемлекет басшы­сының АҚШ астана­сында тұрып, барлық адамзаттың жарқын келе­шегіне кепіл бо­лар­лық «ХХІ ға­сыр: Со­ғыссыз әлем» ат­ты кең ауқым­ды бағ­дар­лама түзу­ді ұсынуы – жал­­­пы­адам­зат­­тық қауіпсіздік пен тұрақ­ты­лық үшін жасалған жарқын қадам. Экстремистік топтардың ға­на емес, қазірде алып ел­дердің өзі әлем­дік эконо­ми­калық дағ­дарыс жағ­дайында жүйкесі шы­тынап, сәл нәрсеге бола аунап түсудің аз-ақ алдын­да тұр. Ір­гелес елдердің ахуалын көзі­міз көріп отыр. Ұлтаралық қаты­нас, конфессияаралық кикіл­жің, коммерциялық мүдде деген мәселе ушығып барады. Міне, осындай алмағайып кезеңде Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзек­ті проблемалардың алдын алу тұр­ғысында жасаған әрбір ұсы­нысы, айтқан әрбір пікірі адамзат келешегі үшін аса маңызды сапа­ға ие екені айтпаса да түсінікті.  Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның халық әртісі.  АЛМАТЫ.

Қару қолдану қашанда қатерлі

Бүгінгі әлем алаңдаушы­лық туғызатындай жағдайда қа­лып тұр. Қиялдың өзін таң­ғал­­­дыратындай жаңалық ашып, жаңа технология жасап жат­қанымызбен, бейбіт өмір­дің кепілдігін ала алмай отырғанымыз жасырын емес. Қазақстан Республикасы­ның Президенті Нұрсұлтан Назар­­баевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фесімен танысып, үлкен ойға қалдым. Қашанда бейбіт өмірдің бағасын жете түсіндіріп келе жатқан Мемлекет басшысы бұл жолы да әлемдік мәселені дер кезінде көтеріп отыр. Осы манифесінде Елбасы қауіп-қатер келтіретін ядролық қарудан бас тарту, соғыстардың алдын алу жө­нін­де үлкен ұсыныстарын білдірді. Мен Семей ядролық сынақ алаңында туып-өстім. Ядролық жары­лыстардың жерлестеріме тигізген зардабын бір адамдай білемін. Қырық жыл бойы ядролық жарылыстардан көз ашпай келген қазақ жеріндегі сынақтардың бір күнде тоқтатылуы әлемді дүр сілкіндірген тарихи оқиға бол­ғанын ешкім де жоққа шығара алмасы анық. Адамзатқа аса қауіпті атом аж­даһасының аранына құм құюға әлем елдері арасында алғашқы бо­лып Қазақстанның батыл қадам жасауы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың саясат­кер­лік көре­ген­дігі, хал­­қының қамын же­ген көсемдігі деу орын­­ды. Қиын да күр­де­лі кезеңде Семей яд­ро­­лық сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа қол қойған Мемлекет басшысының бұл қада­мы ерлікке пара-пар еді. Шыны керек, қы­лы­­шынан қан тамып тұрған коммунистік пар­тияның, КСРО әскери-өн­дірістік ке­шенінің, Одақтың өк­­тем­дік ықпалына қара­мас­тан 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу арқылы Президент бейбіт дамудың және қарусызданудың қазақстандық ұстанымын әлем­ге әйгіледі десек, артық айт­қандық бола қоймас. Бұл қадам­ды Нұрсұлтан Әбішұлының «Қа­зақ­стан халқы өзінің тарихи мін­детін ойдағыдай аяқтады» деп бағалауының өзі көкейде көміліп жүрген адамзаттық асыл ойдың жүзеге асқанын көрсетсе керек. Елбасы Н.Назарбаев татулық­тың, достықтың, бірліктің бәсі қашанда биік екендігі туралы ұдайы айтып келеді. Сондай үй­лесімді саясаттың арқасында елімізде тыныштық пен бірлік қалыптасып отырғанын басқа этнос өкілдері айқын сезінуде. Мем­лекет басшысы еліміздегі бейбіт өмірдің әлемдегі жағдай­лармен қанаттас өрбитінін сезінеді. Сол үшін де әлемдегі бейбіт өмірдің тұғырының берік болуына өзіндік үлес қосып келе жат­қанын айту орынды. «Менің «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фесім ХХІ ғасырда өмір сүріп, жұмыс істеу ке­рек болатын өске­лең ұрпақтың тағ­ды­рына шынайы алаң­даушылықтан туындап отыр. Біздер, мемлекет басшылары мен саясаткерлер, адамзаттың болашағы үшін зор жауапкершіліктеміз. Көптеген тар жол, тай­ғақ кешулерден өткен адам және саясаткер, Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде, мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген табанды өтінішпен қайырылып отырмын. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен әрқашан арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ», – деген Елбасы сөзі әрқайсымыздың көкейімізде бекем орныққаны абзал. Қару қолдану қашанда қатер­лі. Сондық­тан өзара келісім мен татулыққа жететін ештеңе жоқ. Елбасы манифесі осындай иман­дылыққа бастар іргелі істердің ұйытқысы болғай.  Зоя ҚАЖИАҚБАРОВА, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы. Ақтөбе.  

Қосқан үлесіміз қомақты

Иә, біздің елдің әлемді ядролық және басқа да жап­пай қырып-жоятын қарудан азат ету ісі­не қосып келе жат­­қан үлесі өте зор. Қа­зақстан және оның басшысы бей­біт­­шілік жолында өзін­дік ұстанымынан танбай, табанды түрде күресіп келе жатқан ел екенін жуырда болған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте тағы бір мәрте дәлелдеді. Саммитте сөйлеген сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемде ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет басшысы ретінде ғаламдық деңгейдегі мәселелердің түйінін тарқату жөнінде келелі ойлар айтты. «ХХ ғасырдың екінші жар­ты­­сында ядролық қауіпсіз­дік жөніндегі табысты келіс­сөздердің нәтижесінде АҚШ пен Ресейдің ядролық арсеналдары айтарлықтай қысқарған болатын. Бес ядролық держава атом қаруын сынау мораторийін жариялады және оны ұстанып келеді. Пла­нетаны жойып жіберу қатері едәуір азайды. Қауіпсіздіктің өңірлік жүйесін құру үдерісі жеделдеді», дей келе, Елбасы бүгінгі күнде бұл мәселенің бас­қаша сипат ала бастағанына алаңдаушылық білдірді. Мәселен, дәл қазіргі уақытта терроризм қаупінің асқынып тұрғанын еске алсақ, ядролық және басқа да қырып-жоятын қарулардың теріс пиғылдылардың қолына түсу ықтималдығы әлем халқын алаңдатпай қоймайды. Мұндай алапат қауіп-қатердің жолын кесу үшін ауқымды бағдарлама қабылдап, онда қарастырылған міндеттерді барша әлем болып жұмыла атқаруға шақырды Елбасы. Ал Президенттің осы саммитте ұсынған «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты бағ­дарла­ма­сы бұл істе өзінің лайықты бағасын алып, мәселенің түйінін шешуде маңызды рөл атқарады деп сенемін. Өйткені, бұл құжатта әлемдік ауқымдағы мәселені шешудің жолдары терең зерттеліп, жан-жақты қарас­тырылған. Елба­сының «Планета тағы да бүкіл адамзат үшін қасіретті салдарлары бар «қырғи-қабақ соғыстың» өткір жүзінде тербеле бастады», деуі тегін емес. Міне, осы ащы шындық тұрғысынан қара­ғанда, бұл бағдарлама өзінің өкілеттілігімен, өзектілігі және өміршеңдігімен ерекшеленеді. Мемлекет басшысының жаһандық жиында мәселені халықаралық деңгейде қозғап, өткір де ұтымды ұсыныстар айтқанын әлемдік қоғамдастық лайықты бағалайды деп сеніммен айта аламын. «Енді өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, Әлемдік мұхит­тың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдаған жөн. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халық­аралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеу маңызды. БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдалануға болатын ғылыми жаңалықтардың Тіркеу реестрін құрған абзал», деді Елбасы өзінің  «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде. Яғни, Қазақстан мен оның басшысы әлемді ядролық тажалдан арашалап алу ісінде күрескерлік бағыттан еш жаңылмай келе жатқанын осы жолғы жаһандық саммитте тағы бір мәрте дәлелдеді. Темірғали КӨКЕТАЙ, профессор, «Халықаралық қазақ тілі» қоғамы Қарағанды филиалының төрағасы, «ХХ ғасырдың аса көрнекті  адамы» атағының иегері.  ҚАРАҒАНДЫ.

Сенім мен жауапкершілік

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда Америка Құрама Штаттарында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысты. Елбасы 51 мемлекеттің жетек­шілері, ірі сая­сат­керлері мен өкілдері қатысқан айтулы жиында алқалы сөз айтты. Тәуелсіз Қазақстанның бейбітсүйгіш ел ретіндегі төл ұстанымына айналған атом сынағын тоқтату һәм ядролық қарусыздану жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Президент ең бастысы, жойқын қарудың терроршы­лар қолына түсіп кету қаупі барлығын ерекше атап көрсетті. Расында, бұл әлемдік деңгейдегі апаттың орын алуына түрткі болатын ықтимал жағдайлардың пайда болуына алып келеді. Яғни, адамзат үлкен сын-қатер­дің алдында тұр. Бұл ретте, біздің Елбасымыз әлем тарихындағы соғыстың өлшеусіз зардабы мен қасіреті туралы нақты деректерге де тоқталды. Қаншама қиыншылықты бастан өткерсе де, әзірге адам баласы қырғи-қабақ жанжал мен соғыстан бас тарт­қан жоқ. Сондықтан да со­ғыс қаруы уақыт өткен сайын жетілдіріліп, жаңа техноло­гия­лық мүмкіндіктерге ие болды. Бірақ, бұл жер-жаһан қауіп­сіздігінің кепілі бола алмайды. Кез келген құралдағы ақау немесе техникалық қателік әлемнің астаң-кестеңін шығаруы мүмкін. Сол себепті де ядролық қарудан тыс аймақтарды сақ­тап қалудың және оны кеңейте түсудің маңызы ерекше. Мұндай аймақтардың ең «жасы» орталық­азиялық кеңістік екені мәлім. Құрыл­ға­нына 10 жыл тол­ған аймақтың ортасында орналасқан Қазақстанның тәуел­­сіздіктің елең-ала­ңын­да ядролық қуатты қарудан бас тартқанына барлығымыз қуандық. Әсіресе, семейлік аға­йын­ның қуанышы ерекше болды. Оның себебі түсінікті де. Жаппай қырып-жоятын қарудан алғаш рет бас тартқан және әлемді ядролық қарусыздануға бастаған мемлекет ретінде елімізде жыл сайын атаулы іс-шаралар өтіп, атом қуатын бейбіт мақсатқа жұмсау жобалары қолға алынды. Мәселен, Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл елімізге деген сенім және Қазақстан тарапынан зор жауап­кершілік деп ойлаймын. Қорыта айтқанда, Қазақстан­ның ядролық қарусыздану саласындағы бастамаларын әлем халқы қолдайды. Биылғы саммитте де Қазақстан тарапынан бастамаларға көптеген мемлекеттердің қолдау көрсетіп, бір үдеден табылғанына куә болдық.  Анатолий ВОЛЧЕНКО, «Семей-Невада» халықаралық қозғалысының ардагері. СЕМЕЙ.

Бізге бөліну емес, бірігу көмектеседі

Елбасы Н.Назар­баев АҚШ-та сөй­леген сөзінде Жер шарында бейбіт­шілікті сақтау, адам­зат болашағына алаңдап қана қой­май, осы бағытта жұ­мыстар атқару қа­жеттігін айтты, яғни ол нақты жа­салуы тиіс шараларды ұсынды. Мысалы, алдымен «XXI ғасыр: соғыссыз әлем» кең кө­лем­ді бағдарламасын дайындап, жүзеге асыру керектігін көлденең тартты. Құжаттың негізгі үш бағытын да атап көрсетті. Бірінші қазіргі заман­дағы соғыста жеңімпаз бол­май­тындығын айтты. Бұл – соғыс отын үрлеп отырған бірқатар мемлекеттерге ой салатын пікір. Барлық елде, барлық мемлекетте ғылыми-техникалық жаңғырулар орын алып немесе ақпараттық кеңістіктен өзге бір елдің осы саладағы жетіс­тіктері туралы естіп-біліп отыр­ған елдердің қай-қайсы да бірі жасаған қаруды екіншісі жасай алады. Сондықтан, бұл соғыстарда барлығы да же­ңіліс табады, нақтырақ айт­сақ, Жер ғаламшарындағы тіршілікке қауіп төнеді, жер, ел деп кескілесіп жүрген сол «майдангерлердің» жерін де, елін де ешкім, яғни өздері де, ұрпақтары да қы­зық­тай алмауы мүмкін. Ядролық, биоло­гиялық, химиялық қарулардан ел мен жерге ие болатын есі дұрыс ұрпақ­тың қалуы мүмкін бе? Екінші және үшінші бағыттар осы алғашқы ба­ғытты қуаттап, ол үшін келісімдер мен үнқатысулар жасалуы қажеттігін айтып тұр. Соны­мен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы бейбітшілікті сақтау, елдердің өзара ымыраласып ілгері жылжуы үшін қажетті тұтастық алгоритмдерінің бес негізгі бағдарын саралап берді. Өткен ғасырлардағы қателіктерді қайталамай, сан миллиондаған адамның білек пен тілек бірік­тіріп, жердің және оның тұр­ғындарының мазасын қашы­ратын жайттармен біріге күресуі ғана адамзатты қауіпсіз тірлікке жеткізбек. Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесі соғысты болдырмаймыз, бейбітшілікті сақтап қалуға атсалысамыз деген өзге елдердің де азаматтары тарапынан қолдау табады деп сенемін.  Ақмарал ЗЕЙІЛОВА, Маңғыстау облыстық ғылыми- әдістемелік орталығының директоры. АҚТАУ.

Бейбіт өмірге ештеңе жетпейді

Адамзат тарихында ауыр зар­даптарға ұластырған соғыс аз болмаған. Әлем әлі ірілі-ұсақты сондай соғыстың зардабын тартып келеді. Енді бейбіт тұрғындар өміріне қауіп төндіретін ХХІ ғасырда да болмаса екен дейтін ізгі тілек адамзатты алаңдатып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтондағы Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі IV саммит мін­берінен «Әлемге тыныштық керек!» дегеніндей, адамзат бейбіт өмірді қалайды. Рас, бұл тек біздің Елбасын ғана толғандырып отырған мәселе емес, бұл – жаһан жұртшылығының тынышын кетіріп, түнде – ұйқыдан, күндіз күлкіден айырған ең шетін мәселе. Нұрсұлтан Назарбаевтың алаңдаушылық білдіруінің де себебі осында. Тегінде табиғи апаттан өзге қандай да бір дау-жанжал да, қауіп-қатер де адамдардың қолымен жасалары даусыз. Оған өткен ғасырдағы соғыстар дәлел бола алады десек, қазіргі ХХІ ғасырда да сондай қиыншылықтар кездесіп отыр. Соған қарамастан, барша адамзат бейбітшілік үшін байыптылықпен және табандылықпен күрес жүргізсе ғана зіл батпан зардабының алдын алуға болатын секілді. «Біз ба­ла­ларымыз бен неме­ре­леріміздің бола­шағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түп­кілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және мил­лиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айна­лысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар», деп Елбасы жаһан жұртына үндеу тас­тады. Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев тегіннен-тегін шырылдап отырған жоқ. Әлемді үлкен қауіп-қатер бұлты тұмшалап тұр. Сол себептен, «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде ХХІ ғасырда өмір сүретін және жұмыс істейтін өскелең ұрпақтың тағдырына шына­йы алаң­даушылы­ғын «Біз­дер, мемлекет басшы­лары мен саясаткерлер, адамзаттың болашағы үшін зор жауапкершілік ар­қа­лап отырмыз. Көптеген тар жол, тайғақ кешуден өткен адам, саясаткер ретінде, Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген табанды талаппен қайырылып отырмын. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ», деуінің астарынан ұғына аламыз. Шындығында, ұлты басқа тілегі бір, тілі басқа жүрегі бір әр адам үшін бейбіт өмірге жететін ештеңе жоқ. Юрий КУСТАДИНЧЕВ, «Возраждение» болгар этномәдени бірлестігінің төрағасы, Атырау облыстық мәслихатының депутаты.  Атырау.

Бақытты болашақтың алғышарты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қашанда халықаралық өзекті мәселелер талқыланған биік мінбелерден замананың түйткілді тұстарын тарқатуға қатысты өзінің өміршең ой-пікірлерін батыл ортаға салып келеді. Кеша ғана біз және барша әлем халқы осындай әдемі сәттің куәгері атандық, тұшымды пікірлерге тәнті бол­дық. Бұл – АҚШ төрінде өткен ғаламдық ядро­лық қауіпсіздік саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, бүгінгі күннің ең өзекті деген мәселелерін кең көлемде тарқата талқылап, қауіпсіз болашақ құрудың алғышарттарын ұсынуы болды. Жаңа ғасыр тынышсыз, мазасыз басталды. Осыған өкініш білдірген Елбасы бұл мәсе­лелер мен қиындықтардың кездейсоқ емес екендігін, оны адамзаттың өз қолымен жасап отырғандығын, сондықтан, ашу мен бәсе­ке­лестікке салынып, қаруға жүгінудің қажеті жоқтығын, керісінше, сабыр мен ақылға бой алдырып, барлық мәселені саналы және бейбіт түрде шешуге ұмтылу қажеттігін айтты. Ядролық қару дегеніміз, адамзат санасының жетілгендігінің, ғылыми-технологиялық жасам­паздықты игере алғандығының көрінісі. Бірақ, осы ізгі жетіс­тіктерді тек ізгілікке жұмса­ғанда ғана ол сәтті, ол құнды. Бірақ, ядролық қару жасау арқылы жер бетіне қауіп төндіру – ешкім қолдамайтын іс, ешкімнің алдында кешірілмейтін күнә. Осы мақсатта Елбасының бастамасымен біздің еліміз ядролық қару арсеналынан баса тартып, атышулы сынақ полигондарын жабу­ға қол жеткізді. Н.Назарбаевтың бұл саладағы бастамалары – әлем елдеріне үлгі. Саммитте Н.Назарбаев бүгінгі Қазақстанның ядролық қарусыз өркендеп, дамып жатқандығын жет­кізіп, алып державаларды ауыз­біршілікке, өзара түсіністік орнатуға шақырды. Сондай-ақ, бүгінгі таңда барша ел үшін бас ауруға айналған лаңкестермен күрес­удің оңтайлы жолы ретінде тер­роризмге қарсы бір­ыңғай желі құру керектігін айтып, ядролық қарудың терроршылар қолына түсу мүмкіндігінің бар екендігіне орай, оны болдырмаудың, қауіптің алдын алу қажеттігін талқылады. «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін жариялау арқылы адамзатты болашақ үшін жауапты екендіктерін естен шығармауға шақырды. Қай ел үшін де бейбітшілік, тыныштық бас­ты мақсат деп білеміз. Оқ пен от тұмшалап, жой­қын жарылыстар орын алып, аш-жалаңаш босқындар легі Жер шарын шарлаған тынышсыз заманда күні ертең өз елінің, өз отбасының, бала-шағасының, жеке өзінің тағдыры қандай боларын ешкім болжай алмайды. Сондықтан, әлем жұртының көкейіндегі арман да, мақсат та, аузындағы әңгіме де біздің Елбасымыз арқылы айтылды деп білемін. Пәния САРМУРЗИНА, Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары. АҚТАУ.

Жаһандық ынтымақтастыққа бастар жол

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Американың төрінде дүниежүзі сая­саткерлерінің алдында сөйлеген сөзін естіп, көрген соң түйген ойым мынадай: бұл қадамды жаһандық ынтымақтастыққа бастар жол деп бағалау керек.  Өйткені, үлкен мінберден болашақ үшін әңгіме айтар алдында, әр адам өзінің ісімен үлгі бола білсе ғана оны ел тыңдайды, мойындайды. Бұл ретте, 100-ден астам этнос өкілдері тұратын Қазақстанда  ынтымақтың ұйытқысы орнағанын бүгінде көзіқарақты көп елдер біледі. Бұған мысал жетіп артылады. Құдайға шүкір,  бұл күнде еліміз бейбіт тірлік кешуде. Сақтанатын бір нәрсе бар, ол – халықаралық терроризм. Ол үшін «Ырыс алды – ынтымақ» деген даналықты ұстанған ләзім. Сонда түрлі жолмен ел арасында туындауы мүмкін жайттарға тыйым болады. Тағы бір ерек­ше айта кетер жайт, Қазақстан – бірінші болып ядролық қарудан бас тартқан ел. Мұны әлем халықтары қуана құптап отырғаны рас. Сондықтан, Мемлекет басшысы үлкен мінберден ұлағатты сөз айтты. Соны дүниежүзі саясаткерлері мойындап, бағаласа, нұр үстіне нұр болмақ. Доғдыргүл МОЛДАҚАЛЫҚОВА, Жамбыл аудандық аурухананың бас дәрігері.  Алматы облысы, Жамбыл ауданы.

Халық «қырғи-қабақ соғысты» қаламайды

Елбасы Н.Назарбаев қатысқан АҚШ астанасы – Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Қазақ­стан ядролық қаруды таратпау режімін қолдауға және жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі үшін марапатталды. АҚШ президенті Барак Обаманың бастамасымен 2010 жылдан бері өткізіліп келе жатқан биылғы саммит әлемнің елуден астам мемлекет, үкімет және халықаралық ұйым басшыларының басын қосты.  Онда әлемдік көшбасшылар ядролық қауіпсіздікті нығайту, радиоак­тивті материалдарды сақтау мен ұқсату және ядролық қаруды таратпау секілді өзекті мәселелерді талқылады. Саммит аясында АҚШ-тың ядролық энергетика институты Қазақстанның жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау және атомсыз әлем құрудағы танытқан белсенділігін, Халықаралық ядролық отын банкін өз жерінде орналастырғанын жоғары бағалап елімізді арнайы марапаттады. Сондай-ақ, Атом өнеркәсібі саммиті барысында ұйымдастырылған «EXPO NIS-2016» көрмесінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ табиғи уранды өндіру, дайын өнім күйіне жеткізу, оны есепке алу мен бақылау және қорғау жүйелерімен таныстырды. Айта кету керек, мұндай жүйе тек Қазақстанда ғана қолданылады. Ұлттық компания АҚШ энергетика министрлігімен бірлескен бағдарламалар аясында уран өндіруші және өң­деуші кәсіпорындар үшін табиғи уранды есепке алу, бақылау моделін және оның физикалық қорғаныс жүйесін әзірлеуде. Сонымен бірге, уран өндіруші елдер, әсіресе, уран нарығындағы жаңа мемлекеттер үшін МАГАТЭ-нің халықаралық ұсынымын дайындау ісіне қатысуда. Еске сала кетсек, 2015 жылдың 27 тамызында Астанада Қазақстан Рес­публикасы мен МАГАТЭ арасында Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойылған болатын. Жобаның басты мақсаты — МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттерге кепілді ядролық отын жеткізіп беру арқылы бейбіт атом энергетикасын дамытып, ядролық қаруды тараптау режімін нығайта түсу.  Рахат МӘДІБЕКОВ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қызметкері.  ШЫМКЕНТ.