АСТАНА. 6 сәуір. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит: ілгері бастаған жол» мақаласы АҚШ-тың The Hill атты газетінде жарияланды. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
Мақалада Елбасы саммит кезінде өткен кездесулер қауіпті ядролық материалдар айналымын бақылау мәселесіндегі ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретінін, ал АҚШ президенті Барак Обаманың саммитті өткізудегі ролі ядролық қауіпсіздікті нығайту ісіне нақты үлес қосқанын атап өтті.
«Дегенмен, саммиттер сериясының қорытындысын шығара отырып, халықаралық қоғамдастық ядролық қатер азаймағанын, керісінше ұлғайып бара жатқанын мойындауы тиіс. Трансұлттық террорлық ұйымдардың өсіп-жетілуі және өңірлік қақтығыстар ескеруге тиіс жаңа проблемаларды тудыруда», – делінген мақалада. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Кеңес одағынан көлемі жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналға ие болып қалған Қазақстанның тәжірибесін еске салып, біздің халықтың ядролық қару сынау үшін полигон ретінде пайдаланылған, 500 ядролық сынақтың кесірінен бір жарым миллионнан астам азаматы мен ауқымды территориясы радиацияға ұшыраған елде тұрғанын, осының өзі қауіпсіздікті басқаша түсінуге септігін тигізгенін айтты.
Қазақстан Президенті халықтың қолдауы арқасында кеңестік Семей ядролық полигоны жабылғанын, содан кейін еліміз өз аумағындағы барлық ядролық қарудан бас тартқанын, соның нәтижесінде Орталық Азияда елдердің бір-біріне деген сенімі артқанын атап өтті. «Ядролық қару бұдан былай Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторы болып саналмайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мақалада Мемлекет басшысы еліміздің ядролық қарудан бас тартуы осы мәселені барынша кеңінен талқылауға әсер ететінін, ол Иранның АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германиямен ядролық проблема бойынша келісім әзірлеу жөніндегі бастапқы келіссөздеріне септігін тигізгеніне назар аударды.
Осыған байланысты Қазақстан Президенті бүкіл әлемде уранды байыту ісінің алаңдаушылық туғызып отырғанын, уранды байытуды тоқтату үшін Қазақстандағы Атом энергиясының халықаралық агенттігі тарапынан төмен байытылған уранның әлемдегі тұңғыш банкі құрылып жатқанын, ол ядролық отынды кез келген елге жеткізуді сенімді түрде қамтамасыз етіп, сол арқылы байытуға арналған бағасы қымбат тұратын және тұрақсыздандыратын қондырғыларды әзірлеу мен жасауға деген қажеттілікті жоятынын ескертті.
Нұрсұлтан Назарбаев ядролық сынақтардың барлығына тыйым салу қажеттігін тағы да атап айтты.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды, Семей полигоны жабылған күнді Ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күні деп жариялады. Қазақстандағы ядролық сынақтардың ауыр салдарлары және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) тезірек күшіне ену қажеттігі туралы біз бастамашылық еткен АТОМ жобасында халықаралық деңгейде айтылған, оның идеяларына 100-ден астам елдің қарапайым тұрғындары қолдау көрсетті», делінген мақалада.
Жапониямен бірге ЯСЖТШ жөніндегі шолу конференциясының тең төрағасы ретінде Қазақстан осы мәселе бойынша жұмыс жүргізуге ниетті. Нұрсұлтан Назарбаев барлық мемлекеттерді, әсіресе ЯСЖТШ-ның күшіне енуіне ықпал ететін елдерді жауапкершілік танытып, тиісті қадамдар жасауға шақырды.
«Сынақтарға тыйым салу барлық мәселені өзінен өзі шешпейді. Бірақ келісімнің күшіне енуі біздің әлемдегі ядролық қаруды жою жөніндегі түпкілікті мақсат жолындағы тағы бір елеулі қадам болмақ», деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Дастан Кенжалин.
Дерек, фото: akorda.kz