06 Сәуір, 2016

УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалы басталды

316 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
SOC/ АСТАНА. 6 сәуір. Бүгін түн ауа футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалы басталды. «Барселона» өз алаңында Мадридтің «Атлетико» командасымен кездесті. Екінші ойын Мюнхеньде «Бавария» мен «Бенфика» клубтарының арасында өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Барселона» (Барселона, Испания) – «Атлетико» (Мадрид, Испания) 2:1 (1:0) Бұл матчта Испанияда чемпиондық атаққа таласып жатқан командалар кездесті. Қазір ел чемпионатында каталондық клуб 76 ұпаймен бірінші орында келе жатса, Мадридтің командасы 70 ұпаймен «Барселонаның» өкшесін басып келе жатыр. Сондықтан екеуінің арасындағы ойын чемпионаттағыдай қызықты және тартысты өтті. Кездесуде бірінші голды 25 минутта қонақтар соқты. Бұл доптың авторы Фернандо Торрес атанды. Осыдан кейін жарты сағат бір-бірін аңдысқан командалардың нағыз кескілескен шайқасы басталды. Алаң иелері де қонақтар да қақпаға қауіпті жағдай жасап қоймай, ойын ережесін де бұзып жатты. Матчта алғашқы сары қағазды Торрес алды. Одан кейін ол тағы ескерту алып, бірінші тайм бітпей жатып алаңнан қуылды. Осы күні «Атлетиконың» ойыншылары 7 сары қағаз бен бір қызыл қағаз алды. Сөйтіп, матчтың 35 минутында қонақтар алаңда он адаммен қалды. Алаң иелері үш ескертумен шектелді. Матчтың екінші жартысында «Барселона» шабуылдарды жиелетіп, ақыр соңында екі доп соғып, жеңіске жетті. Голдарды алаң иелерінің уругвайлық легионері Луис Суарес соқты. УЕФА Чемпиондар лигасы 1/4 финалындағы қарсыластардың бірінші матчтары. 5 сәуір. Барселона. «Камп Ноу » стадионы. Төреші: Брых Феликс «Барселона»:Тер Штеген, Пике, Алвес, Маскерано, Альба, Ракитич (Рафинья 64’), Серхио (Роберто 80’), Иньеста (Арда 83’), Суарес, Месси, Неймар. «Атлетико Мадрид»: Облак, Годин, Луис, Лукас, Хуанфран, Коке, Габи, Ньигес (Корреа 90’), Гризманн (Томас 76’), Торрес, Феррейра-Карраско (Аугусто 53’) Голдар: Фернандо Торрес, 25 – 0:1, Луис Суарес, 63 – 1:1, Луис Суарес, 74 – 2:1 Алаңнан қуылды: Фернандо Торрес, 35 (екінші ескерту) 06.04.2016 AST-3 «Бавария» (Мюнхень, Германия) – «Бенфика» (Лиссабон, Португалия) 1:0 (1:0) Бұл кездесуде алаң иелері жылдам соғылған голдың арқасында жеңіске жетті. Әйтпесе, қос команданың көкмайса алаңдағы ойыны тең жағдайда өтті. Ойынның 2 минутында «Баварияның» өз алаңынан басталған шабуылы қарсыластарының айып доп алаңынан бір-ақ шықты. Осы жерде Рибери, Левандовски мен Бернат «неміс машинасына» тән алдына келген қарсыластарының барлығын жапырып, әдемі ұйымдастырған шабуылының нәтижесінде «Баварияның» чилилік легионері Артуро Видаль гол соқты. Бұл алаң иелерінің биылғы маусымдағы ең тез соққан голы болды. Осыдан кейін «Бенфика» есепті теңестіруге қаншама рет әрекеттенгенімен ойын алаң иелерінің пайдасына шешіліп аяқталды. Жалпы, кездесуде командалар қақпаға қауіпті жағдайлар жасап, жанкүйерлер күткен жақсы ойын өрнегін көрсетті. 5 сәуір. Мюнхень. « Аллианц Арена » стадионы. Төреші: Марциняк Шимон. «Бавария»: Нойер, Лам, Киммих (Мартинес 60’), Алаба, Бернат, Видаль, Мюллер (Гётце 85’), Алькантара, Коста (Коман 70’), Рибери, Левандовски «Бенфика»: Эдерсон, Алмейда, Линделеф, Жардел, Элизеу, Пицци (Самарис 90’), Фейса, Санчес, Гайтан, Жонас, (Сальвио 83’), Митроглу (Хименес 70’) Гол:  Видаль 2’ Дастан Кенжалин. Дерек, фото: eurosport, euro-football.ru Видео: vkontakte әлеуметтік желісі.