07 Сәуір, 2016

Вьетнам және Буркина-Фасо

1462 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
100-851Вьетнам Социалистік Респуб­ли­касы – Үндіқытай түбегінде орналасқан Оңтүстік-Шығыс Азия­дағы мемлекет. Ол батысында Лаос және Камбоджамен, солтүс­тігінде Қытаймен шекараласады, ал шығысы мен оңтүстігін Оңтүстік Қытай теңізі жуып жатыр. Вьетнам атауы – «Viet» құрметті ұлт – вьеттар және «Nam» – оңтүстік, яғни «Оң­түстіктегі вьеттар елі» деген мағынаны білдіреді. «Вьетнам» атауын ең алғаш рет ХVI ғасырда ақын Нгуен Бинь Кхием өзінің «Чанг Чиннің көріпкелдігі» деген кітабында қолданады. Кейіннен император Бао Дай елдің атауын ресми түрде «Вьетнам» деп атады.

ВЬЕТНАМВьетнам

ouagadougou-03Буркина-Фасо

Вьетнам Социалистік Республикасы – өзінің тәуелсіздігін 1945 жылы 2 қыр­күйекте жариялаған болатын. Алайда, Франциядан тәуелсіздік алғандығы тек 1954 жылдың 21 шілдесінде ғана танылды. Елдің астанасы – Ханой қаласы болып табылады. Вьетнам бір партиялық жүйедегі парламенттік мемлекет болып саналады. Жерінің көлемі 331 210 шаршы шақырымды құрап, әлемде 66-шы орынды иеленеді. Елдегі халық саны 2013 жылғы халық санағы бойынша 92 миллион адамнан асты. Халықтың этникалық құрамы негізінен вьеттардан (85,7 пайыз), тайлардан (1,9 пайыз), кхмерлерден (1,5 пайыз) және басқа ұсақ халықтардан тұрады. Біздің дәуірімізге дейінгі 1 мың­­жылдықта қазіргі Вьетнам елінің аума­ғында көне вьеттардың бірнеше мемлекеттері өмір сүрді. Алайда, біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасырдың соңында бұл өңірді Қытайдың Хань әулетінің императорлары жаулап алады. Жергілікті халықтың басқыншыларға қарсы үздіксіз жүргізген жанқиярлық күресінің нәтижесінде кейбір кезеңдерде біршама уақыттар бойы тәуелсіздікке қол жеткізіп тұрғанымен, IХ ғасырға дейін вьетнамдықтар қытай үстемдігінен қол үзіп кете алмады. 1858 жылы вьетнамдық үкіметтің еркін сауда талабын қабылдамағанын сылтау етіп Франция аяусыздықпен басып кіреді. 1862 жылы өздері басып алған шығыстағы үш провинцияның негізінде француздық Кохинхин колониясын құрады. 1867 жылы бүкіл оңтүстік Вьетнамды француздар басып алса, 1873 жылы Солтүстік және Орталық Вьетнам Францияның отарына айналды. 1882 жылы француздар Ханой қаласын басып алды. Сөйтіп, 1885 жылы Франция бүкіл Вьетнамды отарлады. Отаршылар елді жасанды түрде үшке – Кохинхин колониясы, Аннам протектораты және Тонкин протектораттарына бөлді. 1930 жылдары елде Үндіқытай Коммунистік партиясының басшылығымен ұлт-азаттық қозғалысы өріс алды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Вьетнамды Жапония басқыншылары жаулап алды. Алдымен олар француздарды толық қарусыздандырып, кейіннен француз гарнизондарын толық тізе бүгуге мәжбүр етті. Алайда, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғына таман жапондар Вьетнамдағы әскерлерін Жапонияны және Маньчжурияны қорғау үшін алып кетуге мәжбүр болды. Вьетнамда Нгуен императорлық әулетінің мұрагері Бао Дай бастаған қуыршақ үкімет құрылды. Осы бір өліара кезеңді пайдаланған коммунистер ұлт-азаттық көтерілісін бастап, 1945 жылдың 13 тамызында партия көсемі Хо Ши Мин басқаратын уақытша үкімет сайлады. Көтерілісшілер 19 тамызда Ханойды, 23 тамызда Хюэні, 25 тамызда Сайгонды азат етті. 30 тамызда Бао Дай император тағынан ашық түрде бас тартты. 1945 жылы 2 қыркүйекте 500 мыңнан астам адам жиналған митингіде тәуелсіздік туралы декларацияны жария етіп, бүкіл әлемге барлық Вьетнам аумағында жаңа мемлекет – Вьетнам Демократиялық Республикасының құрылғанын хабарлады. Бірақ тағдыры ауыр Вьетнам халқы бұдан кейін де ұзақ жылдар бойы толық азаттық алу жолындағы күресін жалғастыра берді. Тарих дүрбелеңінде Вьетнам 1946-1954 жылдарда Бірінші Үндіқытай соғысын, одан кейін Екінші Үндіқытай соғысын бастан кешірді. Тек 1976 жылы 2 шілдеде Солтүстік және Оңтүстік Вьетнам қосылып, Вьетнам Социалистік Республикасы құрылды. 1992 жылы Вьетнамда бүгінгі қолданыстағы жаңа Конституция қабылданды. Мемлекеттің басшысы президент болып есептелінеді, ол Ұлттық жиналыстың алдында есеп береді. Вьетнам негізінен 58 провинциядан және орталыққа бағынған 5 қаладан: Ханой, Хошимин, Хайфон, Дананга және Кантхо тұрады. Бұл провинциялар мен қалаларды халық атынан сайланған халықтық кеңестер басқарады. Халықтық кеңес 4 жылға сайланады. 1980 жылдары Вьетнамда мемлекеттік бюрократтық жүйе белең алып, ел экономикасы қатты дағдарысқа ұшырады. 1986 жылы елде социалистік бағыттағы нарықтық қатынастарды заңдастырған реформа іс жүзіне асырылды. 1999 жылы Ұлттық жиналыс жекеменшік туралы, акционерлік қоғам туралы заң қабылдады. Осы кезеңнен бастап француз заңдылықтарына негізделген нарықтық қатынастар жүзеге асырыла бастады. Дегенмен, мемлекет жекеменшік кәсіпкерлікті толықтай бақылауда ұстайды. Вьетнам жері табиғи қазба байлықтарына бай. Мұнда фосфат, көмір, марганец, бокситтің және мұнай мен газдың мол қоры бар. Өнеркәсібі негізінен тұрмыстық электроника және мұнай өндіру мен кеме жасау өндірісіне негізделген. Елдегі электр энергиясы негізінен су электр стансаларында өндіріледі. Соңғы кезде Ниньтхуан провинциясында атом электрстансасын салу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы өндірісі дамыған. Негізінен, күріш, кофе, каучук, мақта, шай өсіріледі. 2012 жылы Вьетнам кофе өндіруден Бразилияны басып озып, әлемдегі ең ірі кофе дәндерін экспорттаушы мемлекетке айналды. Буркина-Фасо – Батыс Африкадағы мемлекет. 1984 жылдың тамызына дейін бұл ел Жоғарғы Вольта деп аталынып келді. Буркина-Фасо атауы жергілікті тайпалардың тілінде «адал адамдар елі» деген ұғымды білдіреді. Жер көлемінің аумағы 273 187 шаршы шақырымды құрайды. Халқының саны 15,7 миллион адам. Астанасы – Уагадугу қаласы. ХІ ғасырдың басында қазіргі Буркина-Фасо елінің аумағына солтүстік шығыстан моси тайпалары басып кіріп, жергілікті ньеньесе, груси және буса тайпаларын бағындырды. Догон тайпасы солтүстікке қоныс аударды. Ал ХІV ғасырда бұл жерде Уагадугу, Ятенга, Тенкодого және Фадан-Гурма мемлекеттері өмір сүрді. ХІХ ғасырдың соңында бұл елдерді француз басқыншылары жаулап алды. 1895 жылы Ятенга мемлекетінің, 1897 жылы Фадан-Гурма мемлекетінің әскерлері жеңіліп, Францияның протекторатын мойындады. 1904-1919 жылдар аралығында Жоғарғы Вольта француздардың Жоғарғы Сенегал колониясының құрамына кірді. 1958 жылы Жоғарғы Вольта автономиялық рес­публикасы француз қауымдастығының құрамына кірді. 1960 жылы 5 тамызда елдің бірінші президенті Ямеого Жоғарғы Вольта мемлекетінің тәуелсіздігін жариялады. 1966 жылы қаңтарда Ямеого әскери төңкеріс салдарынан орнынан тайдырылды. Осыдан бастап бұл елде бірнеше рет төңкеріс болды. 1983 жылы тамызда кезекті әскери төңкерістің нәтижесінде капитан Томас Санкара мемлекет басына келді. Ол елдің социалистік революция бағытымен дамитындығын жариялап, елдің атауын Буркина-Фасо деп өзгертті. Томас Санкараның халық арасында беделі ерекше зор болды. Ол мемлекеттік шенеуніктердің табыстарын үнемі жариялылыққа шығарып отыру жөнінде заң қабылдады. Өзі президенттік жалақысынан бас тартып, өзіне тиесілі 2 мың АҚШ доллары көлеміндегі жалақысын балалар үйіне аударып отырды. Президент Санкара өзінің ай сайынғы табысының 400 АҚШ доллары көлеміндегі мөлшерімен күн көрді. Ол өзінің кабинетіне кондиционер қоюға рұқсат бермеді. «Бүкіл қарапайым халықтың қолы кондиционерге жеткен кезде ғана пайдаланамын», деді ол. Өзінің портретін қоғамдық орындарға, офистерге ілуге тыйым салды. Сөйтіп, ол қарапайымдығы мен халыққа деген адалдығының арқасында «африкалық Че Гевара» деген атаққа ие болды. 1987 жылы 15 қазанда Санкараға жақын жүрген шенеуніктердің бірі Блэз Компаоре мемлекеттік төңкеріс жасап, президент Томас Санкараны жауыздықпен өлтірді. 2014 жылы 30 қазанда елді 27 жыл билеген Компаорені тақтан тайдырып, билікке тағы да әскерилер келді. Буркина-Фасо әлемдегі ең кедей елдердің бірінен саналады. Халықтың 90 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысады. Негізінен, мақта өсіріледі. Елде құрғақшылық жиі орын алып, адамдардың еңбегі зая кетеді. Өнеркәсіп саласы негізінен мақта өнімдерін өңдеуге бағытталған. Буркина-Фасо мемлекеті 13 облысқа, 45 провинцияға және 301 департаментке бөлінген. Халықтың басым көпшілігі мұсылман дінін (60,5 пайыз), аборигендік нанымдарды (15,3 пайыз), христиан (католик) дінін (23,2 пайыз) ұстанады. 2010 жылғы халық санағы бойынша Буркино-Фасода 16,2 миллион халық тұрады. Халықтың орташа жас мөлшері 16,8 жасты құрайды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».